ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ШАҒЫМЫН назарға алатын уақыт жетті

 

Астықты өңір - Железинка ауданының кәсіпкерлері көмекке зәру. Бүгінде ылғал жауып, жер жыртып, көктемгі егіс жұмыстарына қызу араласуға тиіс шаруашылықтар несиеге дер кезінде қол жеткізе алмауда. «Көктемнің әр күні - жылға азық» екенін ескерсек, түйінді мәселенің тез шешілмеуі күні ертең халықты азық-түлікпен қамту жағдайына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Кәсіпкерлер көктемде тірелген тығырықтары жайында ауданға көшпелі мәжіліс өткізуге барған облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясы мүшелеріне бүкпесіз баяндап берді.

 

Несие десе, ауылдықтар неге тұнжырайды?

Құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары Болат Рамазанов, Қайрат Нөкенов, Роза Игібаева, сондай-ақ, облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының маманы Данияр Андасов бар арнайы топ алдымен аудандағы бірқатар шағын және орта бизнес нысандарына бас сұқты. Жалпы, аудан көлемінде кәсіпкерліктің дамуы жаман емес. Мәліметке сүйенсек, 21 серіктестік, 215 шаруа қожалығы нақты жұмыс істеп тұр. Жеке кәсіпкерліктің саны 400-ден асып жығылады. Олардың қатарында сауда орындары, шаштараз салоны, асхана, жиһаз шығаратын цех, дәріхана, монша, әртүрлі қызмет көрсету мекемелері, тағы басқалары бар. Ауданда барлығы төрт ұн тартатын кәсіпорын болса, жергілікті билік олармен бағаны тұрақтандыру бойынша ортақ келісімге келген. Оның бәрін аудан әкімінің орынбасары Баулыбай Аужанов тәптіштеп берді. Барлық мән-жайға депутаттар «Пшеничников» шаруа қожалығына барғанда көз жеткізді. Мұндағы наубайхана күніне 500-600 бөлке нан пісіреді. Сапалы өнімді сатып алушылар көптігінен сөрелер бос тұр. Шаруашылық иесі В.Пшеничниковтың айтуынша, қазіргі құбылған нарық заманында бір ғана кәсіп түрімен айналыссаңыз, ұтыласыз. Сол себепті, тек қана астық өсірумен шектелмей, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орнын да ашып қойған. Мұндағы 3 маман алдына келген техниканың «асты-үстіне» түсіп жатады. Сапалы қызметке көңілі толатындар жиі келеді. Тіпті арзандығына қызығып, қаладан да арнайы көлігін жеткізетіндер бар екен. Кәсіпкер өз табысынан басқа, несиеге қол жаюды қаламайтын көрінеді.

Железинкалық кәсіпкерлердің шұжық өнімдеріне қалалықтар ерекше қызығушылық танытады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде кезекке тұрып, таласа сатып алатындар қаншама. Дәмі мен сапасы шын мәнінде мақтауға тұратын тауарларды  «Витковский», «Шандер» деген жеке кәсіпкерлер шығарады. И.Витковскийдің сөзіне қарағанда, барлығы 20 түрлі шұжық дайындалады, ай сайын 10 тонна өнім нарыққа жіберіледі. Тұрақты кәсіптің табысы да татымды. Артылған қаржыны өндірісті заманға сай жаңғыртуға жұмсау ойымда бар, дейді ол. Депутаттар кәсіпкерге сәттілік тіледі.

Железинкалық тағы бір кәсіпкер Балқия Оралова сауда-саттық саласын емін-еркін игеруге көшкен. Елде алғашқылардың бірі болып бизнеске келген бикеш сауда желісін одан әрі дамытып, экономикаға барынша үлес қосқысы келетінін айтады. Бірақ несиеге келгенде қолбайлау болып тұр. Банктер ауылдағы үйді де, дүкенді де кепілге алмайды. Беретін бағалары тіпті арзан. Ауылдың жаңа ғимаратынан гөрі қаланың ескі тамдарын таңдайды. Осындай алалаудан кейін ауыл кәсіпкерінің «көк дөнендей» көңілі еріксіз қаңтарылып тұр.

Депутат Қайрат Нөкенов бір мәселенің бетін ашты. Аудандық әкімдіктерде «сәулет және қала құрылысы бөлімі» деген аты дардай мекеме бар. Бірақ құрылысқа қатысты барлық рұқсат қағаздарын алу үшін кәсіпкерге облыс орталығына жүгіруге тура келеді. Ауылдықтар үшін құжаттың бір жеңілдетілген түрі ойластырылса артық емес. Әйтпесе, бір жағынан - уақыт, екінші жағынан қаншама қаржы шығын болып жатады. Бір ғана жобаны әзірлетіп-бекітудің өзі қалтаға кәдімгідей салмақ түсіреді.

 

Кедергі - орталық кеңселерде

Президент шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуды негізгі міндет ретінде белгіледі. Бұл мақсатта «Бизнестің жол картасы-2020» секілді қолдау бағдарламасы да қабылданды. Алайда, кәсіпкерлердің айтқанындай, бағдарламаның шапағаты ауылдарға жетпей жатыр. «Даму», «Қазагроқаржы» секілді кәсіпкерлікті қолдау үшін құрылған құзырлы мекемелер шабандық танытуда. Сол себепті, шаруашылықтар көктемгі егіс жұмысына қамдана алмай, қаржы іздеп, «қызыл танау» болып, әбігерге түсуде.

«Шайдуллин» шаруа қожалығының басшысы В.Фомин айтады: Жергілікті «Демеу» несие серіктестігінен қарыз алайын десе, олар өтінішті қабылдамайды. Биылғы егіс жұмыстары басталғанша бірді-екілі кәсіпкер ғана несие алды. Қалғандары қолдарын жайып қарап отыр. Негізі, несие серіктестігіне 29 шаруашылық пайлық үлесімен кірген, соның ішінде «Шайдуллин» ШҚ 725 мың теңге салған. Шарт бойынша қазір шаруа 3 млн. теңгеге жуық қарыз алуға тиіс. Бірақ қазір ылғал жабатын мезгіл болса да көмек қолы кешігіп жатыр. Кәсіпкер комиссия мүшелеріне «осыны тексеріп, анық-қанығына жетуге болмас па?» деген сұрақ қойды. Тұрақты комиссияның мүшесі Болат Рамазанов мәселені жедел түрде анықтауға кірісетініне уәде берді. Қалай болғанда да, өтінішті қараудың мерзімі болуға тиіс.

Банктердің ауылдағы кәсіпкерлікке деген немқұрайдылығынан жапа шегіп отырған жалғыз «Шайдуллин» емес. «Егерь» серіктестігі де тиісті қолдауға зәру. Железинка ауылында жаңадан құрылған серіктестік қарақұмық (гречиха) дақылын өсіруді қолға алып отыр. Аудан әкімдігінің оң ықпал етуімен 1,5 мың гектар алқапқа қол жеткізген. Айналасы бірнеше айдың ішінде төбесі жоқ, қаңырап қалған ғимаратты қалпына келтіріп, қарақұмықты өңдеуге қажет өнеркәсіптік құрал-жабдықтар орнатып қойған. Барлығы 75 млн. теңге инвестиция салған. Келешекте кәсіпкер қоғамдық монша салып, іске қоспақ.

- Ауылға қаладан келіп отырмыз. Инвестиция құюға бизнестің өзі қорықпағанда, банктердің «ауыл» десе неге басын ала қашатыны түсініксіз. Бәрі ойдағыдай болса, 10-25 килограмдық қапшықтарға салынған қарақұмық жармасын шығарамыз. Өнімді Ресейдің көршілес аймақтарына өткізетін боламыз, - дейді «Егерь» серіктестігінің басшысы В.Котунин.

Экспортқа бейім өндірістерді құруды қолдайтын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне қалайша жетпей тұр?

Железинка ауданының әкімі Жанат Шұғаев жүргізген кездесуде шаруашылық иелері өздерін қолдау мақсатында мемлекеттік Агробанк ашылса деген ұсынысты қайта көтерді. Әзірге бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралуда, түпкілікті шешілген жоқ.

 

Кең болсаң, кем болмайсың

Көктем сайын үйреншікті мәселелерге кездесіп жатса да, ауыл кәсіпкерлері ел-жұртқа көмек қолын созудан қашпайды. Тіпті, «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» дегенді қаладағы бизнес өкілдері алдымен осы ауылға келіп үйренсе де артық емес. Дәл осы Железинка ауданына барған сайын ондағы кәсіпкерлердің жергілікті мектептерге демеушілік танытып жүргенін естиміз. Бұл жолы «Пшеничников» шаруа қожалығында болғанымызда да, кәсіпкердің өзі оқыған оқу орнына қарайласатынын білдік.

Ал «Нөкер» ауылдық тұтынушылық кооперативіне келсек, айтар сөз одан да көп. Былтыр Береговой ауылында шағын сүт цехы ашылған болатын. Өндіріс орны сүтті ауылдан жинайды. Шаруа баққан ағайынға бұл да бір табыс көзі екені даусыз. Бір жағынан осы шикізатқа деген сұранысты өтеуді ойлап, екіншіден мал ұстағанның ішіп-жемі де тұрақты болатынын ескеріп, «Нөкер» кооперативінің басшысы Қайрат Нөкенов былтыр симментал тұқымды 30 сиыр сатып алып, ниет білдірген ауылдықтарға таратып берген.

- Облыста «Жайлау» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қойлар үлестірілген болатын. Соның негізінде жеке бағдарлама ойлап, ауылдағыларға сүтті сиырлар сатып алып бердім. Олар сүтін кооперативке тапсырып отырады. Үш жыл қатарынан төлін қайтарып береді, содан кейін ол сиырлар өздерінің меншігі болып қала береді, - дейді Қайрат Теміршотұлы. Қазірде кооператив күніне 500-600 литр сүт өңдейді. Негізі өндірістің қуаты әлдеқайда көптеу, бірақ көктемде тапсырылатын сүттің мөлшері аз. Сол себепті өнімді балабақша-мектептерге қажетінше өткізуге үлгермей жатыр екен. Береговой ауылында «Тәттім-ау» деген атаумен өндірілетін сапалы сүт, қаймақ, айран, ірімшік өнімдері қалада да үлкен сұранысқа ие. Бұл тауарларды қалалықтар ауданның әлеуметтік дүкенінен және сенбі сайын өтетін жәрмеңкеден ғана таба алады. Онда да қалың кезекке тұрып сатып алады.

 «Нөкер» ауылдық-тұтынушылық кооперативінің жасайтын демеушілігі де айтуға тұрарлық. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қолға алынған ауылдық фельдшерлік пунктті күрделі жөндеуге қаржылай көмек көрсетті.

- Бес жылдай бизнеспен айналысқанда көз жеткізгенім, ел-жұртқа көмек қолын созып, көмектеспесе болмайды. Жомарттық жасап, жәрдем берсең, кәсіпкерлігің де алға басады. Менің түйгенім осы, - дейді облыстық мәслихат депутаты Қ.Нөкенов.

 

«Жол азабын жүрген білер»...

Соңында комиссия мүшелері Железинка-Михайловка бағытындағы тас жолдың бүгінгі жағдайын арнайы барып көрді. Депутат Қайрат Нөкенов өзінің осы маңдағы Захаровка ауылының тумасы екенін, аталмыш жолға бала кезінен жөндеу жасалғанын көрмегенін айтты. Қазіргі кезде жолдың беті ойдым-ойдым, шұңқырларды айналып өту қиын. Батпақты кездерде батып та қаласыз.

Михайловка жолының бойында Веселая роща, Михайловка, Ақтау, Новомир тұрғындарының жалпы саны 5 мыңнан асып жығылатын ауылдық округтер орналасқан. Бұл ауылдар астықты алқапқа да бай. Жалпы көлемі 45-46 мың гектар жерге егін салады. Қара жер төсін тырмалап, тіршілік ететін шаруалар көктем мен күзгі науқандарда әрлі-берлі қатынай алмай, әуреге түседі. Аудан әкімінің орынбасары Б.Аужановтың айтуына қарағанда, аталмыш жол «аудандық маңызға ие жол» болып табылады. Яғни, күрделі жөндеуге қаражатты жергілікті бюджет бөлуге тиіс. Алайда, оған ауданның шамасы жетпейді. Былтыр республикалық қазынадан және жергілікті бюджеттен берілген жалпы сомасы 100 млн. теңге Басмашы-Озерный бағытының жолын жөндеуге жұмсалды. Биыл Железинка республика қаражатынан қағылды. Аудан бюджетінен жолдарды дұрыстауға 13 млн. теңге қаралды. Бюджет қайта қаралғанда, бұл мөлшер 20 млн. теңгеге жеткізілуі мүмкін. Бірақ соның өзінде ауданның Михайловка жолын қалпына келтіруге күші жетпейді. «Облыстан жыл сайын 50-60 млн. теңге бөлінер болса, жағдай біршама жақсарар еді», дейді басқа аудандардың жолдарына қанша қаржының беріліп жатқанын санамалап өткен депутат Қ.Нөкенов.

Осылайша, бір күн Железинка ауданында болған облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясы мән-жайды көздерімен көріп, мәселелерді көңілдеріне түйіп қайтты. Жақында облыстық мәслихаттың сессиясы өтеді, сол кезде депутат мырзалар жыл сайын шаруаларды қинайтын мәселелерді әңгіме арқауына айналдырып, шешуге ықпал етеді деген үміт бар.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31