Ақтоғай аудандық мәслихатының 2008 жылғы 26 шілдедегі VI сессиясының шешімімен 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы қабылданған болатын. Аталмыш бағдарлама аясында аудан мектептерінде 23 экологиялық жасақтар құрылды. Оның құрамына 442 оқушы кіреді. Абай және Қайырбаев атындағы мектептердің, сондай-ақ Еңбекші және Шолақсор орта мектептерінің жылыжайларында 1500 қылқан жапырақты ағаш екпелері өсіріліп, олар аудан мектептерінің аумақтарына отырғызылды. Білім ордалары жанындағы картоп және көкөніс өсірілетін жер телімдерінің көлемі ұлғайды. «Ең үздік мектеп учаскесі», «Ең үздік экологиялық отряд», «Абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі ең үздік мектеп» сайыстары ұйымдастырылды.
Қазіргі кезде Ақтоғай ауылында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары бойынша 10 оқушы еңбек атқаруда. Дәл осындай жұмыстарға Ақтоғай №26 кәсіби лицейінің механикаландырылған жастар жасақтары да тартылды. Осы кезеңге санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшін, абаттандыру, көшелерге жарық беру, көшелердің жөндеуі мен күтімі жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп, ол өз кезегінде оңтайлы игерілуде. Аталмыш кезең аралығында 820 метр ұзындықтағы дуалдар мен қоршауларды сырлау жұмыстарында 160 адам еңбек етті. 0,42 гектар ауданда гүлдер егіліп, 0,09 гектар аумақта жасыл желектер жасалынды. Сонымен қатар, 3521 ағаш көшеттері отырғызылды. Мұндай жұмыстарда 370 тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілді. 13 спорт ғимараттары және алаңшаларын жөндеумен 130 адам айналысты. Тұрмыстық қалдықтарды жинау, көң-қоқыстарды шығару жұмыстары да атқарылып келеді. Жоғарыда аталған мәселелер селолық округ әкімдерінің, жауапты қызметкерлердің назарында.
Аудан әкімі М.Көбенов абаттандыру, көгалдандыру жағдайларын өзінің бақылауында ұстауда. Аудан елдімекендерінің аумақтарында тазалық пен тәртіп орнату бойынша атқарылып жатқан істер де аудан басшысының назарынан қалмақ емес.
Т.СМАҒҰЛОВ,
Ақтоғай ауданы.

