Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы өнімдер ауыл шаруашылығы өндірісінің 56,8 пайызын құрайды екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қолдау болса бұдан да зор көрсеткішке қол жеткізуге болатынын айтады сала мамандары. Расымен, бұл орасан әлеует. Әлемдік деңгейде азық-түлік дағдарысы мәселесі күн тәртібінде тұрғанда, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың маңызы да зораймақ. Оның үстіне бұл дәстүр дамыған елдерде жақсы жолға қойылған.
Ресми статистика бойынша Қазақстан халқының саны 16,4 млн. адам болса, соның 9 миллионы немесе 54,5 пайызы қалаларда тұрады. Ал ауыл шарушылығының жалпы өнімінің өндірілетін құны 1,5 трлн. теңге болса, соның 277,5 млрд. теңгесі - ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің, 346 млрд. теңгесі - фермерлік шаруашылықтардың, 820 млрд. теңгесі - халық шаруашылығының үлесіне тиеді.
Павлодар облысында осы жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 17 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде жеке үй-жайлардың өнім өндіру мен сату көлемі басым. Облыс халқының 250,6 мыңы ауылды жерде тұрады. Қала аумағында тұратын тұрғындардың да осы саладан нәпақа тауып отырғаны белгілі. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жеке қосалқы шаруашылықтарда осылайша азық-түлік өндірісінің үлкен әлеуеті қалыптасып отыр. Алайда жеке қосалқы шаруашылықтардың жалпы ауыл шаруашылығының құрылымында алатын үлесіне қарамастан, мемлекет өндірістік қуаттардың дамуын жеке үй-жайлар арқылы жоспарлай алмайтыны түсінікті. Дегенмен, осыншалық өндіріс әлеуетін мемлекеттің қолдауынсыз қалдыруға тағы болмайды.
Мәселен тек қана Павлодар қаласының өзінде қаншама саяжайлар бос жатыр. Иесіз қалған жер телімдерін іске қосып, бақшалыққа айналдырса, күзде мол өнім алуға болады. Бұл өз кезегінде қаланың азық-түлік белдеуін құруға үлкен көмек.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуына қарағанда, саяжай және бау-бақша иелерінің осы салаларды дамытуға қатысты талаптары да соншама көп емес. Ең бастысы, бау-бақша үшін су, қажетті электр қуаты, саяжайларға қатынайтын автобус, сосын қоғамдық күзет мәселесі шешімін тапса жетіп жатыр.
Көптеген жылдар бойы шешуін таппай келген жеке қосалқы шаруашылықтарды өркендету мәселесіне мемлекет маңызбен қарай бастады. Оған дәлел, өткен аптада Үкімет отырысында саяжайлар, бау-бақша және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.
Жоба жайында айтатын болсақ, бұл ретте әкімдіктерге өңірлердегі саяжайлар мен бау-бақша шаруашылықтарын түгендеп, олардың бос жатқандарын анықтау, есеп жүргізу жүктеледі. Қажет болса, саяжай алаңдарын кеңіту үшін әкімдіктер қала маңындағы бос жерлерді пайдаланатын болады. Ал тұрғын үй-коммуналдық қызмет органдары жаңа саяжай алаңдарын тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіп, саяжайларды салудың техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейді. Жергілікті атқарушы билік саяжай кооперативтерін қолдап қана қоймай, олардың өнімдерін сатудан бастап, коммуналдық базарларға жеткізуге дейінгі мәселелерді шешеді. «Бұл ретте әр облыста саяжайлық кооперативтерді жеңілдікпен қаржыландыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 50 млн. теңге қосымша қаржыландыру керек. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар қажетті мүлік, техникалар сатып алу үшін оларды шағын несиелеу жолымен қаржыландыру қарастырылса игі. Бұған кемінде әр облыстан 20 млн. теңге бөлінген абзал», - деді А.Мамытбеков. Қала тұрғындарының үй маңындағы саяжайларда өзіне де, өзгеге де тиімді шаруашылықпен шұғылдануы үшін һәм осындай ынтаны арттыру мақсатында электр қуаты мен су шаруашылығының тарифін төмендету, автобус қатынасын ұйымдастыру мәселелері де 5 жылдық іс-шаралар жоспарында қамтылған.
Ендеше, жобаға іске сәт дейміз.
Әзірлеген М.ҚАПАНҰЛЫ.

