Алтын арқаның киелі де құтты мекені, бай қазыналы, көгілдір таулы көрікті Баянауыл өлкесі – ежелден өнер мен білім-ғылымның ордасы саналады. Қазақ халқының болашағын болжаған, дала данасы Асан Қайғы бабамыз Баян тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады» деген екен. Бұл жерден академик Қаныш Сәтбаев бастаған талай ғұламалар мен ақын-жазушылар түлеп ұшты. Ерекше табиғи орта бұл аумақтың болашақта туристік орталықтардың біріне айналуына мүмкіндік тудыруда.
Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігінде барлық салаларда оң өзгерістер болып, өндіріс қарқынды дамып, мал басы жүйелі түрде өсуде. Ауыл-аймақты мемлекет тарапынан қолдау шаралары еселей түскендіктен, өңірде ауыл шаруашылығы ауқымды түрде дамуда. Табиғаты көркем, тарихи сәулеттік ескерткіштерге бай өлкемізде бүгінде 28 мыңға жуық тұрғын бар.
(Баянауыл ауданына қатысты материалдардың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 29 қыркүйектегі номерінен оқи аласыз)

