Успен ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар игілікті бастамалар қолға алынуда. Бұл ретте, аты аймағымызға танымал жергілікті шаруашылық – «Галицкое» ЖШС-нің табысты жұмысын ерекше атап өтуге болады. Шаруашылық асыл тұқымды мал өсіру ісін оңтайлы жолға қойған. Мұнда бүгінде мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, мал бордақылау алаңы мен репродуктор-шаруашылығы бой көтеруде. Өткен сәрсенбіде ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған ауыл шаруашылығы құрылымында болып, жаңа бастамаларымен танысты. Онымен қоса, аймақ басшысы бірнеше елді мекендерді аралап, тұрғындардың жай-күйін, тұрмысын біліп қайтты.
мәселелер баршылық
Облыс әкімі алдымен ат басын ауданның Ресей елімен шекарасындағы «Қосақ» бақылау-өткізу бекетіне бұрды. Кедендік одақ күшіне енгелі бері шекара арқылы өтетін тауарларға деген кедергілер біршама жойылып, экспортты кеңейтуге жол ашылғандығы белгілі. Шекарашылардың айтуына қарағанда, қазір аталмыш бекет арқылы күніне шамамен 200 автокөлік, 700-ден астам адам өтетін көрінеді. Және талаптардың жеңілдетілгендігінің арқасында екі елдің тұрғындары да шекарадан өту барысында үш минуттан артық уақыт бөгелмейді екен.
Бұдан кейін аймақ басшысы аудан әкімі Нұрлан Әутәліповпен бірге өңірдің бірқатар шалғай ауылдарын аралады. Шынына келетін болсақ, бұған дейін мұндай ауылдарға атқарушы билік өкілдерінің, әсіресе облыс басшыларының жолдары жиі түсе бермейтін. Мұны облыс әкімінің сапары барысында тұрғындар ерекше атап өтті. Богатырь, Қаратай, Галицкое елді мекендерінде болған Б.Сағынтаев ауылдықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Бірден атап өтерлігі, тұрғындар бүгінгі тұрмыстарына риза. Барды ұқсатып, жоққа қанағат қылып үйренген халық ерінбей еңбектенсең, емін-еркін күн көруге болады деген қағидамен өмір сүруде. Дегенмен, билік тарапынан қолдауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес көрінеді. Мысалы, Богатырь ауылында кеңес заманынан бері сақталып тұрған мәдениет үйінің бүгінгі жалпы жағдайы алаңдатарлықтай. Күрделі жөндеу жұмысы қажет. Аудан әкімі қаражат тапшылығын алға тартып отыр. Онымен қоса, аталған мәдениет нысанында бір ғана адам жұмыс істейтін болып шықты. Ол жалғыз өзі кітапханашының, күзетшінің, еден жуушы мен пеш жағушының қызметтерін қоса атқарады екен. Аймақ басшысы бұл олқылықты түзетуді тапсырды. Ал мәдениет үйін жөндеуден өткізуге қажетті қаражатты облыстың келесі жылғы бюджетінен бөлу мәселесі қарастырылатындығын жеткізді.
Әдетте шағын ауылдарда жеке дәріханалардың болмайтындығы белгілі. Есесіне, облысымызда жылжымалы дәріханалардың жұмысы дамып келеді. Сол себепті, талап бойынша, қажетті дәрі-дәрмектер әрбір алыс-жақын ауылдарға уақытылы жеткізіліп тұруы тиіс. Алайда, ауданның кейбір елді мекендеріне медициналық препараттардың айына бір рет қана әкелінетіндігі анықталды.
Аудандағы шешімін күткен тағы бір мәселе – қазақ тілінде шығатын газеттің жоқтығы. Бұрнағы жылы облыс әкімі қазақ тілінде басылымы жоқ бірқатар аудандар әкімдеріне мемлекеттік тілде газет шығару жөнінде тапсырма берген болатын. Аймағымыздың барлық дерлік өңірлерінде бұл іс оң шешімін тапты. Ал Успен ауданында әлі қолға алынбаған. Осы үшін Бақытжан Әбдірұлы аудан әкімін қатаң сынады. Н.Әутәліпов басылымның жақын арада жарық көретіндігін тілге тиек етті.
Дамуға жол ашатын жобалар
Аймақ басшысы «Галицкое» ЖШС-нің шаруашылық иелігінде болды. Серіктестік басшысы Александр Касицын облыс әкіміне алдымен желдің күшімен жұмыс істейтін насос жүйесін көрсетті. Сонау АҚШ елінен жеткізілген қондырғы өткен айда іске қосылған. Сағатына шамамен 300 текше метр су айдайтын қуаты бар. Жобаның жалпы құны - 7 миллион теңгеден асады. Аталған қондырғы жайылымдағы малды суаруға таптырмас «көмекші». Шаруашылық жайлауларында осындай тағы үш насос бар көрінеді.
Өткен жылы шаруашылықта инвестициялық жоба жүзеге асып, 500 сауын сиырға арналған сүт-тауарлы ферма іске қосылған болатын. «Бұл жобаны қазіргі заманғы, халықаралық талаптарға сай келетін сүт өніміндерін шығару мақсатында қолға алдық. Ферма толығымен заманауи құрылғылармен жабдықталған. Онымен қоса, оннан астам жаңа жұмыс орны пайда болды», - дейді А.Касицын. Атап өтерлігі, мұнда жылына шамамен екі мың тонна сүт өндіріледі. Жобаны жүзеге асыруға 415,8 миллион теңге инвестиция тартылған. Оның 248,7 миллион теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылса, қалғаны -шаруашылықтың өз қаражаты.
«Галицкое» ЖШС асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие. Қазақтың ақбас сиырларын өсіреді. Серіктестік биыл 400 бас малға арналған бордақылау алаңының құрылысын қолға алған. Биыл оның алғашқы кезегі іске қосылды. Екіншісінің құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Соның арқасында мұндағы бордақыланатын мал басын 800-ге дейін арттыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, шаруа қожалығында қазақтың ақбас тұқымды 700 сиырға арналған репродуктор-шаруашылық құрылуда. А.Касицыннің айтуына қарағанда, оның нәтижесі өзін көп күттірмейтін көрінеді. 2013 жылдан бастап, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін облысымыздың басқа да шаруа қожалықтарына 200-250 бас асыл тұқымды мал сатылатын болады. Бұл жобаға кәсіпкер 150 миллион теңге көлемінде өз қаражатын жұмсап отыр.
Бұдан кейін аймақ басшысы жергілікті жерде «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Галицкое ауылында әрқайсысы екі пәтерлі сегіз үй салынуда. Яғни, аталған бағдарламаның арқасында алдағы уақытта 16 отбасы қоныс тойын тойламақ. Атап өтерлігі, бұл үйлерге «болашағы жоқ» деген шағын елді мекендердегі тұрмысы төмен, жұмыссыз отбасылар көшірілетін болады. Олар үшін жұмыс орындары да даяр. Тұрғын үйлер орталықтандырылған су және жылу жүйесіне қосылған. Үй иелері су тасып, пеш жағып қиналмайды. Бұл ретте, «Галицкое» шаруашылығының басшысы үйлердің коммуналдық жүйесіне техникалық қызмет көрсету, күту ісін өз мойнына алуға даяр екендігін жеткізді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Успен ауданы.

