Баянауыл ауданына бара жатқан жолда қанатын кеңге жайған Майқайың кентін көзге ілмеу мүмкін емес. Елді мекен әйгілі алтын кенішімен, әктас шығаратын өндіріс орынымен мақтанады. Түрлі ұлттың өкілдері қоныстанған елді мекенде игі істер жетерлік. Ауылда жаңаша әрі тың қарқынмен алға басып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі.
Аталған құрылымды Гүлнәр Шәйзадақызы Тоқпаева басқарады. Ал оның жолдасы Ермұрат Жұмабекұлы «Табыс» шаруа қожалығының иесі. 1997 жылы құрылған «Табыс» шаруа қожалығында бүгінде 540 қой, 140 бас жылқы, 270 ірі қара мал өсіріледі. Қожалық иелігінде 1500 гектар жер бар. Шаруашылық ірі қара малды бордақылап, сапалы ет өндіреді. Ал «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативінде наубайхана, тәтті тағамдар өндіретін және жартылай фабрикат дайындайтын цехтар жұмыс істейді. Кооператив жүзге жуық ауыл адамдарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
- Жолдасым Ермұрат алғашқыда мал санын арттыруды көздеді. Алайда, оны өсіріп, базарға апарып сату біз үшін тиімсіз еді. Сондықтан екеуіміз ақылдаса келе, жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цех ашуды қолға алдық. Ол үшін алдымен мал бордақылайтын орын жасадық. Өсірген малымызды осында сойып, етінен түрлі өнімдер даярлаймыз. Мұның бір артықшылығы, түліктің барлық етін іске жаратасың. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары да өздерінің төрт түлік малдарын бізге әкеліп тапсырады. Мал бордақылайтын орында он малдың еті сыйып кететін әрі етті бір қалыпты температурада ұстайтын тоңазытқыш орнатылған. Бордақылау орнына түскен мал сойылған соң, бірден жартылай фабрикат өндірілетін цехқа жөнелтіледі,- деп әңгімеледі Г.Тоқпаева.
Жартылай фабрикат дайындайтын цех елуге жуық атаумен түрлі өнім шығарады. Бүгінгі таңда аталмыш цехта қырықтай адам еңбек етеді. Кооператив иесінің айтуынша, мұндағы қызметкерлердің тәжірибесі мол. Жұмысшылардың еңбекақысы уақытылы төленеді. Өнімдер Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданы аумағында сатылады. Цех қызметкерлері әрдайым жаңашылдықты қолдап отырады. Мұнда құда мен келін, күйеу мен құдайы қонаққа арналған ет мүшелеріне толы табақтар дайын күйінде сатылады. Г.Тоқпаеваның айтуынша, бүгінгі таңда жас келіндер еттің қандай мүшесін қай табаққа салу керектігін білмейді. Ал жоғарыдағы жаңашылдық олар үшін дайын өнім. Қазанға суды қайнатып, табақтағыны салсаңыз болғаны. Бағасы да қолжетімді. Дүкен сатушыларының айтуына қарағанда, мұндай өнімдер өтімді-ақ.
Ауыл ақсақалы Мұхтар Әбеновтің сөзінше, «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі тек қана өнім өндіріп қоймай, елді мекеннің әлеуметтік өміріне де белсене араласады. Мектепке, балабақшаға көмек қолын созып, сауапты іс тындыруда. Ауылда өтетін мерекелердің де басы-қасында жүріп, белсенділік танытады. «Гүлнәр қарындасымыз өте еңбекқор адам. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген майқайыңдықтарға тұрақты жұмыс орнын ұсынуда. Біз мұны Гүлнәрдің елге, жерге жасаған қамқорлығы деп білеміз», - дейді ақсақал.
Ауылда кооперативтің бірнеше дүкені мен асханасы жұмыс істейді. Дүкендерде негізінен кооператив өнімдері сатылады. «Кең дала» құрылымы кондитерлік өнімдерді шығаратын цехпен мақтанады. Онда тәтті тоқаштар, мерекелік торттар тағы да басқа елуге жуық атауы бар тәттілер дайындалады. Өнімдер Екібастұз қаласында және Майқайың кентінде өткізіледі. Гүлнәр Шәйзадақызының айтуынша, кооператив ендігі кезекте Павлодар қаласына да «ауыз салуды» көздеп отыр. «Дайындалатын өнімдер экологиялық таза өнім. Сондықтан бізге тапсырыс көп түседі. Әсіресе, екібастұздықтар біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Мұндай тағамдарды әзірлеу үшін ыждаһаттылық қажет. Жұмыскерлеріме сенім артамын. Өнімдер сапалы дайындалады. Біздің өнімнен дәм татқан адам, оның тұрақты сатып алушысына айналады»,- дейді кооператив иесі. «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі өз өнімдерін облыстық, республикалық көрмелерге ұсынуды игі дәстүрге айналдырған.
- Мұнда цех алғаш құрылған уақыттан бастап жұмыс атқарып келемін. Әріптестерімнің барлығы тәжірибелі мамандар. Біз шығарған өнімді ауылдықтар, екібастұздықтар жоғары бағалайды. Алдағы уақытта тәтті нан өнімдерінің жаңа түрлерін ойлап шығаруды көздеп отырмыз. Бұған біздің шамамыз жетеді,-дейді кондитерлік цехтің технолог маманы Райхан Әйтімбетова.
«Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативінің наубайханасында жиырмадан аса адам жұмыс істейді. Мұнда күніне үш мыңға жуық нан пісіріледі. Нан Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында таралады. Наубайхана меңгерушісі Бақыт Бекешова: «Нанды кәдімгі пеште пісіреміз. Ол үшін екі үлкен пеш жұмыс істейді. Екеуін кезекпен қолданамыз»,- дейді.
«Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативінің басшысы Гүлнәр Тоқпаеваның сөзіне қарағанда, құрылым жұмыс көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Майқайыңдықтардың мақтанышына айналған кәсіпорынның әлі талай белесті бағындырарына күмән жоқ.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті.

