Жуырда жол түсіп Алғабас ауылына барып қайтқан едік. Іссапар барысында ауыл әкімі Асанбек Ысқақовқа жолығып, Алғабас ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігін көзбен көріп, біраз шаруаға қанықтық.
Қазір қай ауылды алсаңыз да жағдайы жаман емес, әсіресе, Павлодар мен Ақсу қаласына жақын орналасқан ауылдардың жай-күйі көңіл толарлықтай. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда ауылдағы ағайынның тірлігі домаланып, анағұрлым алға басқаны көрініп тұр. Ең бастысы - бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына бірінші кезекте қажетті мемлекеттік қызмет көрсететін нысандар - мектеп, ем-дом көрсететін медициналық орны, мәдениет ошағы, ауыл әкімдігі, пошта мен телефон байланысы сияқты қызметтер тұрақты жұмыс істеуде. Алғабас ауылы да осындай тірліктерден кенде қалмаған.
Ауыл басшысы Асанбек Мүбәракұлының айтуынша, биылғы жылы Алғабасты көрікті етіп, санитарлық тазалау үшін жергілікті деңгейдегі бюджеттен 300 мың теңгеге жуық қаражат бөлінген. Нақтырақ айтсақ, ауылды көріктендіру жұмыстарына - 185 мың теңге, санитарлық тазалауға - 85 мың теңге қарастырылған. Бұл қаржы толықтай игерілді. Оған ауылдағы стадион қоршауы, Ұлы Отан соғысының құрбандарына қойылған ескерткіш, ауылға кіреберістегі стелла жөндеуден өткізіліп, 500 тоннадай көң-қоқыс шығарылды. Бұдан басқа 20 шаршы метр жерге гүл егіліп, түнгі уақытта ауыл көшелерін жарықтандыру үшін 45 жарықшам орнатылған. Ауыл ішіндегі жолдар әлі ретке келтірілмеген. Алайда бұл мәселе де көп кешікпей шешіледі, дейді ауыл әкімі. Жуырда Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары келіп, атқарылатын жұмыс көлемін анықтап кетіпті.
Өткен қыс мезгілі ауылдағы ағайынға өте ауыр болды десек, бұл - артық айтпағандық. Елдің берекесін қашырып, біраз әуре-сарсаңға салды, мал шығыны да аз болмады. Сондықтан «қыстың қамын жаз ойла» - демекші, төрт түлігін бағып-қағып күн көріп отырған ауыл жұртшылығы қазірден бастап қора-қопсысын дайындап, мал азығын неғұрлым артығымен дайындауға әзірлік үстінде.
Табиғат-ананың тосын мінезін дәл дөп басып айту мүмкін емес, сол себепті, барынша қамданған артық етпес. Осыған орай алғабастықтар да шөп шабу науқанына дайындыққа бір кісідей жұмыла кірісіп кеткен.
- Ауа райы сыр бермесе, 2-3 күнде тоғайға түсеміз, - дейді Асанбек Мүбәракұлы, - қазір төрт шаруашылық пішен шабатын техникаларын сақадай сай етіп, әзір тұр. Сондай-ақ, біздің тоғайдан Пограничник ауылына қарасты шаруа қожалықтары да келіп шөп шабатын болады. Мал азығын дайындаймын деген шаруаға шөп жеткілікті. Техникасы жоқ тұрғындарға шөп сату бағасы былтырғыдай болады деп күтілуде. Өткен жылы бір тіркеме шөптің бағасы - 8-10 мың теңге шамасында болған, - дейді ол.
Жасыратыны жоқ, қарт Ертісті жағалай отырсақ та, ауыз су азабын тартып отырған ауылдармыз баршылық. Десе де, құр шөппен ауыз сүртуге болмас, бұл мәселе де біртіндеп шешімін тауып келе жатқан сыңайлы. Әсіресе биыл ел үкіметі республика тұрғындарын ауыз сумен толықтай қамтуға ерекше мән беріп, арнайы бағдарлама әзірлеуде. Тұнықтан су ішетін күн де алыс емес.
Өзге ауылдармен салыстырғанда Алғабаста ауыз су мәселесі оң шешімін тапқан. Бұл ауылда бір емес, екі бірдей су тазартқыш КБМ орнатылған. Халық күніне осы екі құрылғыдан 3-4 тонна ауыз су алады, су жеткілікті, тұрғындар дән риза. Үстіміздегі жылы аталмыш құрылғыларды жөндеу үшін 200 мың теңгеден аса қаржы бөлініп, толықтай игерілген. КБМ-дар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр, су сапасы да талаптарға сай.
Апат, ажал, бейнет - аяқ астынан болатын жағдайлар. Бұны айтып отырғанымыз, биылғы жылы еліміз бойынша осындай бірнеше оқыс жағдайлар болды. Соның бірі мал індеті - «Сібір жарасының» шығуы. Әрине, бетін аулақ қылсын, ендігі мұндай жағдай қайтып келмесін деп тілейік. Алайда, осы мал ауруының алдын алу төңірегінде Алғабас ауылында қандай шаралар атқарылғандығын ауыл әкімінен сұрап білген едік.
- Бұл індетке қарсы барлық алдын алу шараларын өткіздік. Бүгінгі күні Алғабас ауылында 1694 бас ірі қара мал, 1410 бас қой, 502 бас жылқы бар. Он күннің ішінде осы малдың барлығы түгелдей егілді. Мал дәрігерлері үлгермеген жерлерде өзім бас болып малды егіп шықтық, - дейді ауыл әкімі.
Сондай-ақ қазіргі уақытта ауыл бойынша тұрғындардағы малдың нақты санын анықтау, мал дәрігерлік есепке алу, мал өнімдерін қатаң бақылау шаралары қолға алынған. Ал арнайы мал соятын орын Алғабас ауылына жақын орналасқан көрші Ленин кентінде салынатын болады. Ендігі жерде базарға саудаланатын мал сол жерде сойылып, оның еті тиісті тексерулерден өткізіледі.
Ауылдағы ең еңселі ғимарат ол - мектеп. Бүгінгі күні Алғабастағы орта мектепте алдағы жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр. Мектептегі бүкіл ағымдағы жөндеу жұмыстарына 300 мың теңгеден астам қаржы бөлінген.
Алғабас ауылының бүгінгі тынысы күнделікті күйбең тірліктің ағымымен ойдағыдай жалғасын табуда. Жұмыссыз бос сандалып жүрген адамдар жоқ деуге болады. Тұрмысын түзеймін деген азаматтар Павлодар қаласына барып жұмысқа орналасып, нәпақа табуда. Қазір осы ауылдан 200-дей адам облыс орталығына барып-келіп жұмыс істейді. Одан қалса, жеке шаруасын дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Ауыл ауқатының тағы бір көрінісі, екі азамат - Асқар Бернст пен Бақашар Нұрмағамбетов жаңа тұрғын үй тұрғызып жатыр. Бірі - ауылға кіреберіс жерде, екіншісі - ауылдың арғы шетінде жеке шаруашылығын дамыту үшін жаңа үй мен қора-қопсы салуда. Тағы бір атап өтерлігі, ауыл тұрғындарын имандылыққа жетелейтін жаңа мешіт құрылысы атқарылуда.
Ерсін ЖҰМАДІЛОВ.

