ДӘУЛЕТІ АРТА ТҮСКЕН АУДАН

altШарбақты ауданы - Ертістің Павлодар өңіріндегі экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Өңір тұрғындары ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын толайым табыстармен қарсы алуда.
Аудан экономикасының негізгі саласын ауыл шаруашылығы құрайды. Оның басым бағыттары астық өсіру және мал шаруашылығы болып табылады. Қазіргі таңда қарағайлы өңірде 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 227 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын Красиловка ауылындағы «Желнеркевич» шаруа қожалығы алдағы уақытта өзінің тағы бір бөлімшесін ашпақ. Тары дақылын өңдейтін жаңа зауыт Сосновка ауылында бой көтеруде. Бұл - аймақтағы тары жармасын шығаратын екінші ірі өндіруші болмақ. Оны 2012 жылдың тамызында іске қосу жоспарланып отыр.
Аталмыш ауылдың әкімі Виктор Сәрсенбиновтің айтуынша, «Желнеркевич» шаруа қожалығы жаңа зауытының ашылуы өлкенің экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қоспақ. Жарма тарту зауытының құрылысы екі жылдан астам уақыт бойы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай құрылғылар Қытайдан жеткізілген.
- Кәсіпорын өндіретін жоғары сұрыпты өнім нарықта сұранысқа ие. Болашақ жарма тарту зауытының өндірістік қуаттылығы – тәулігіне 12 тоннаға дейін болады деп жоспарлануда, - дейді өндіріс шебері Виктор Круглов.  - Айта кетерлігі, бұл зауыт болашақта қарақұмық, арпа сынды дәнді-дақылдарды өңдеумен де айналыспақ. Барлығы сұранысқа байланысты.

Орловка ауылдық округіндегі «Победа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылы құрылған. Кәсіпорын жұмысының бір бағыты «Күрең дала сиыры» және «Симментал» асыл тұқымды қара малын өсіру болып табылады. Жуырда кәсіпорын 400 ірі қара малға шақталған қазіргі заманғы сүт фермасын ашқан. «Победа» ЖШС директорының мал өсіру бойынша орынбасары Григорий Сапешконың айтуынша, жаңа сүт кешенін тұрғызуға 260 миллион теңге жұмсалды. Кәсіпорынның өз  қаражатына ашылған кешенде үш мыңнан астам ірі қара мал бар. Оның ішінде 799 сиыр – асыл тұқымды. Сондай-ақ, кешен қоймасында 2 жылға жететіндей мал азығы сақтаулы екен.
- Сүт кешені жоғары сапалы өнім шығаруға негізделген. Өнім күнде облыс орталығындағы «Сүт» АҚ-на жеткізіледі.  Сүттің майлылығы 4,2-4,3 пайызды құрайды. Келешекте асыл тұқымды мал санын ұлғайту мақсатында Ресейдің Новосібір облысының шаруаларынан 200 бас ірі қара малды сатып алуды көздеудеміз. Оған мүмкіндік бар, - дейді Г.Сапешко.
Сүт сауу блогында заманауи құрылғылардан басқа сыйымдылығы үлкен сүт қоймасы, жұмысшылар үшін арнайы қызмет бөлмелері де қарастырылған. Қазіргі кезде сүт кешенінде екі сауыншы жұмыс істейді. Жалақы көлемі - 90-100 мың теңге.  Сауу жұмыстары қол еңбегін талап етпейді, барлығы автоматтандырылған. Тіпті, 8 миллион теңгеге мал азығын тасымалдау құрылғысы сатып алынған.

Шарбақты ауданында «Жұмыспен қамту - 2020» стратегиялық бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды табысты экономикалық еңбекке тартуға негізделген мақсат-міндеттерді орындаумен өңірдегі жұмыспен қамту орталығы айналысып келеді.
Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Гүлмира Смайылханованың айтуынша, халықты тұрақты еңбекпен қамту ісін жүзеге асырушы мекеме мен бағдарламаға қатысушы арасында әлеуметтік келісім жасалған. Бүгінгі күні бағдарламаның бірінші бағыты, яғни  тұрғылықты жері бойынша кәсіби дайындықтан өткізуге, еңбекпен қамтуға, сондай-ақ, азаматтың жеке ісін ұйымдастыруға қолдау көрсету бойынша 107 шарбақтылық азамат өтініш білдірген. Атап айтқанда, кәсіптік дайындықтан өту мақсатында 27 азамат облыс орталығына жіберілсе,  55 жұмыссыз қайта дайындық курстарында білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, Павлодар қаласында 15 адам біліктілігін жоғарылатуда. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Светлана Кайсаримованың айтуына қарағанда, қазіргі кезде қайта даярлық курстарына жіберілген 20 электр дәнекерлеуші, 20 автомобиль жөндеуші слесарь және 15 тракторшы маман Шарбақты ауылындағы №24 лицейде өндірістік тәжірибеден өтуде.
Александр Циммерман - мемлекет қолдауын мүлт жібермей, бағдарламаның игілігіне қол жеткізген азаматтардың бірі. Аудандық №24 кәсіптік лицейін құрылысшы-шебер мамандығы бойынша тәмамдаған ол үш айлық дайындық курсынан соң,  жергілікті «Әлімбаев» жеке кәсіпкерлігінде өндірістік тәжірибеден өтуде. Кейін тұрақты жұмысқа орналаспақ.
- Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының, әсіресе, жастар қауымы үшін тигізер пайдасы зор. Менің мамандығым бойынша тұрақты жұмысқа орналасу қиынға соққандықтан, аталмыш бағдарламаға қатысуға өтініш білдірдім. Сөйтіп, еңбек нарығында сұранысқа ие газ-электр дәнекерлеуші мамандығының иесі атандым. Ендігі кезекте тұрақты жұмысқа тұрып, туған ауылымда еңбек етемін, - дейді А.Циммерман.
Аудан орталығының тұрғыны Константин Гринченко да - өз ісін дөңгелетіп жүрген  азаматтардың бірі. Ол аудан тұрғындарына фотосурет және бейнефильмге түсіру қызметтерін ұсынуда. Осы кәсіппен айналысқанына екі жылдан астам уақыт болыпты. Константин тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, бәсекеге қабілетті маман атану мақсатында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша несие алуға бел буған. «Кәсіби түсірілімге арналған сапалы құрылғыларды сатып алу үшін 750 мың теңге көлемінде несие алдым. Пайыздық жағынан тиімділігі мол. Алдағы уақытта фотостудия ашпақпын. Жалпы, алға қойған мақсаттарым көп. Солардың бірі - жаңа жұмыс орындарын ашу», - дейді ол. Бұл ауданда  жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға негізделген екінші бағыт бойынша шағын несие түрінде 36,7 миллион теңге бөлінген. Өтініш білдірген 18 азаматтың 10-ына несие беру ұйғарылды.
Шарбақты ауданына қарасты Шалдай және Хмельницкий ауылдық округтерінде экономикалық әлеуеті төмен бірқатар ауылдар бар. Осындай елді мекен тұрғындарын өңірдің экономикалық белсенді орталықтарына көшіру мақсатында аудан орталығында, Орловка және Александровка ауылдарында әрқайсысы екі пәтерлік 14 тұрғын үй салынып жатыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша салынып жатқан нысандар құрылысына 142 миллион теңге бөлінген. Болашақта 28 отбасы осы үйлерге қоныстанады деп жоспарлануда.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Шарбақты ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31