Осыдан екі-үш жыл бұрын жұртшылық баға мәселесін жиі сөз етіп, «жұмыртқаның бағасы қымбаттады», «ет пен көкөністің құны шарықтап кетті», «күнделікті ішіп-жемнің құны көтеріліп жатыр» деп алаңдасатын. Әсіресе, аз ғана зейнетақымен күнелтетін қарттар үшін базардағы бағаның шарықтауы қиындық тудырғаны рас...
Oның үстіне, қалаларда ауыл шаруашылық тауарларының аздығы, соның ішінде көкөністің сырттан тасылып әкелетіні де бағаның ырықсыздануына жол беріп келді. Бұл мәселеден соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы көптеген қайта өңдеу өндірістерінің іске қосылып, жаңадан заманға сай көкөніс қоймаларының салынуы құтқарды. Енді өзіміздің өсірген көкөнісіміз қыс бойына жетеді. Ет, сүт, жұмыртқа, күнбағыс майы, нан өнімдері, сары май, балық, жарма өнімдері, бұрын сирек кездесетін жеңсік тағамдар қазір жеткілікті. Оларды қала тұрғынының дастарқанынан күнде көріп жүрсек те, таңғалмаймыз. Мұны қалай молшылық деп айтпасқа!
Қарапайым халықтың күнделікті жиі тұтынатын тамақ өнімдерінің барынша төмендетілген бағада сатылуын қамтамасыз ету мәселесі өңірде бірінші орында тұр. Тұрғындар жиі шоғырланған елді мекендерде ауыл шаруашылық тауарлары жәрмеңкелерінің ұйымдастырылуы арқылы бұл ретте біраз мәселелер шешіліп, қала орталықтарында жұмыс істейтін азық-түлік базарларына жергілікті шаруалардың өнімдері делдалдар көмегінсіз тұрақты түрде жеткізілуде.
Бағаның ырыққа көнуі апта сайын облыс орталығында және өңірге қарасты екі қалада өтіп тұратын ауыл шаруашылық тауарлары жәрмеңкелеріне тікелей қатысты екені анық. Ауыл мен қаланың ортасында жіптей есілген жәрмеңкенің жетістігі мен нәтижесін, әсіресе, облыс орталығының тұрғындары жақсы сезініп отыр. Әр сенбі сайын қолына дорбасын алып, орталық базар жанында өтетін сауда мерекесіне асығатын жұртшылық қарасы қалыңдап кетеді. Мұндай шараның жиі ұйымдастырылуы табысы төмен отбасылар мен зейнеткерлер, әлеуметтік әлжуаз топтар үшін ерекше тиімді. Себебі, жәрмеңкеде сатылатын кез-келген ауыл шаруашылық өнімінің бағасы базардағыдан кем дегенде 10-15 пайызға арзан.
Кезінде Павлодар қаласының өндірістерінде еңбек етіп, қазіргі күні құрмет демалысындағы Қадыр ақсақал бәйбішесі екеуі сенбі сайын жәрмеңкеге тұрақты баратын шаһар тұрғындарының бірі.
- Бәйбішем екеуіміздікін қосқанда қырық-елу мың теңгедей зейнетақы аламыз. Күнделікті ішіп-жейтінімізге молынан жетеді. Азық-түліктің қымбаттамай, қалада апта сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесінің ұйымдастырылып келе жатқаны – біз секілді зейнеткерлерге үлкен көмек. Қарап отырсақ, қазір базардағы тамақ бағасы былтырғы осы кезбен салыстырғанда біршама төмен. Ауылдан әкеп сатылатын сүт аста-төк. Картоптың келісін қырық, қырыққабатты отыз теңгеден, күнбағыс майының бір литрін 245 теңгеден сатып аламыз. Еттің бағасы да қолжетімді. Жәрмеңкеден сүтті үлкен ыдыспен қотарып әкеп, қолдан айран ұйытамыз, ірімшік жасаймыз. Дүкеннің сұйық айраны секілді емес, үйде ашытылған сүт нағыз дәрумен ғой. Қалада тұрсақ та осындай мүмкіндік барына ризамыз. Осы орайда қазіргі кейбір қиыншылықтарға қарамастан бағаны тұсаулап, делдалдарды ырықтап, біз секілді жандардың жағдайын жасап отырған облыс басшылығына өзім сияқты қариялар атынан алғыс айтамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халқымыз. Осындай игі істерді көре отырып, үндемей қалу жараспас,-дейді зейнеткер.
Облыс орталығына әр сенбі сайын аудандардың кезектесіп өнім жеткізіп тұруы екінші қырынан ауылдағы ағайындардың өз өнімін өткізуіне жол ашты. Өңірдің ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер былтыр Астана қаласында өткен Павлодар облысы күндерінде «Кереку-Баянауыл» атты жәрмеңкеге белсене қатысып, астаналықтарды сапалы да тіл үйіретін тағамдарымен тамсантып қайтқандары да есімізде. Оған қоса, «Қараөткел-2011» ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде өңірден апарылған өнімдеріміз ұйымдастырушылар тарапынан жоғары баға алды. Ендеше, жәрмеңке бұл ретте ауылдағы өнім өндірушілер арасында сапа бәсекелестігін тудыруда деп айтуға да болар.
Жалпы, былтыр аймақта ауыл шаруашылық тауарларының 102 жәрмеңкесі өткізіліп, оларда 1 миллиард теңгеден астам өнім сатылған. Бір қуантатыны, оның нәтижесінде облыс орталығында балық өнімдері де көбейіп, ол жұртшылыққа қолжетімді бағамен сатылып келеді. Былтыр облыс бюджетінен Қашырдағы балық питомнигіне 12 миллион теңге субсидия берілсе, биыл 13 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұйыртса, питомник осы жылы өз өнімдерін жәрмеңкеде таныстырып, басқа жақтан келіп жатқан балықты сөреден ығыстырады.
Мұрат АЯҒАНОВ.

