Былтыр Елбасының тапсырмасы бойынша «Сыбаға» бағдарламасының өмірге келгені белгілі. Ет бағытындағы ірі қара мал басын көбейтуге бағытталған бұл игі бастама ауылдағы ағайынның дәулетін асырды. Оның нәтижелілігі мен өміршеңдігін бүгінде шаруалар мойындап отыр.
Сауса сүті бұлақ, сойса еті көл-көсір Зеңгі бабаның тұқымын өсіруге ден қойған фермерлердің қуанышы - «Сыбаға» аймақтағы ауыл шаруашылығын өркендетуге қаншалықты үлесін қосты? Биыл ол жалғасын табуы мүмкін бе? Бүгінде бұл салада жүргендердің көпшілігін осы сауалдардың мазалап жүргені анық. Көптің көкейіндегі сұрақтар бойынша осы бағдарламаны жүзеге асырушы құрылымдардың бірі - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Павлодар облысы филиалының директоры Сайра Ықыласоваға хабарласқан едік.
- Жұртшылық «Сыбағаның» өте бір тиімді бағдарлама болғанын айтуда. Сіз бұған не дейсіз?
- Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ірі қара мал еті экспортын 2016 жылға дейін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға қарай 180 мың тоннаға жеткізу қажеттігін қадап айтқан-ды. Ішкі нарығымызды отандық дүниелермен қамтамасыз етсек, ұтылмаймыз. Есесіне, Қазақстанда өндірілген етті сыртқа тасымалдауға да жол ашылмақ. Саннан сапаға көшуді көздейтін «Сыбаға» бағдарламасы кенжелеп қалған мал шаруашылығын өркендетуге жаңа серпін берді. Саланың ахуалы едәуір жақсара түсті. Етті зеңгі бабаны өсіргісі келгендер, бұл ата кәсіпті жаңғыртуға бет бұрғандар тарапынан қалтаны қақпайтын несиеге деген сұраныс жыл бойы үзілген жоқ.
Шыны керек, «Сыбаға» бағдарламасы республикамыздың басқа өңірлерінде секілді бізде де бірден қолдау тауып, жүзеге асып кетті. Алғашында, көпшілік оның нендей талаптардан тұратынын білмегені рас. Бағдарламаны облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, қала-аудан басшыларына шығып насихаттадық. Әсіресе, облыстық «Сарыарқа самалы» басылымында жарық көрген әлдебір материалдан соң бізге хабарласушылар қатары бірден артты. Бұл үшін басылым ұжымына алғысымыз зор.
Бір сөзбен айтқанда, бастама күтпеген нәтижелерді көрсетті. Несиені алуға ниет білдіргендер саны көп болды, бұған дейінгі басқадай бағдарламалар кезінде соншама ауқымды болып көрмеген. Расында оның қоятын шарттары кісі қызығарлықтай. Жеңілдіктер молынан қарастырылған, кепілге салынатын мүлік те қарапайым. Соның нәтижесінде былтыр жалпы саны 42 адам «Сыбаға» бойынша 222 миллион теңгенің қаржысына ие болды. Ауылдағы ағайындар қолдарына тиген қаражатқа 1325 сиыр және 42 асыл тұқымды бұқа сатып алды. Несие алуда Баянауыл (7 адам несие алды), Қашыр мен Ақтоғай (әрқайсысында 6 адамнан), Павлодар (4), Ертіс (3) аудандары ерекше белсенділік танытты.
Атап өтерлігі, мал сатып алғаннан кейін кейбір шаруашылықтар жаңадан құрылды. Себебі, кей азаматтар бұған дейін өз алдына шаруа қожалығын құрғысы келгенмен, қолдағы малдары жеткіліксіз болған ғой. Бағдарлама олардың арманының орындалуына себепкер болды. Осындай жайттарды ескерсек, бастаманың өте бір тиімді және өміршең болып шыққанын сеніммен айтамыз.
- Несиені алуға құмартушылар санының көп болғанына қарағанда, онда жеңілдіктер молынан қарастырылған болар?
-Иә. Қор әу баста өз тарапынан шарттар тағайындағанда оны қайтару, сыйақыны өтеу секілді мәселелер ерекше ескерілген ғой. Несиенің жылдық өсімі небары 6 пайыз ғана. Бұған қоса, қарызды өтеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, алынған несие сомасын, яғни негізгі қарызды фермер тек 2 жылдан кейін ғана қайтара бастайды. Ал несиенің пайыздық өсімін тек 1 жылдан соң ғана төлейді. Демек, алғашқы екі жыл бойы малды өз төлі есебінен көбейтуге болады. 24 айдан кейін ғана 1-1,5 жасқа толған баспақты етке өткізеді. Яғни, былтырғы несие алғандар қарызын тек 2013 жылдан бастап қайтарады. Оған дейін олардың алған малының саны кем дегенде 2 есеге өсуі керек. Мысалы, ол қырық сиыр алса, екі жылдан соң оның қолында сексен қара мал болады. Екі жыл бойы біз оларды сырттай бақылап қана отырамыз. Бағдарламаның негізгі талабы да осы.
- Шаруаларға қаражат рәсімдеу, мал таңдап беруде белгілі бір қиындықтар орын алмай қалмаған шығар...
- Бағдарламаның тиімді бір тұсы – біз қаражатты тікелей қарыз алушының шотына аударамыз. Ол бізбен келісе отырып, белгілі бір шаруашылықтан шартта көрсеткендей көлемде мал сатып алады. Құжатқа, кепілге байланысты қиындықтар туындады. Дегенмен біз оларды тез арада шешіп отырдық. Біздің қордың мамандары сан жағынан саусақпен санарлық болса да, әрқайсысының кәсіби деңгейі жоғары. Шаруалармен етене жұмыс істеу арқылы мәселелер біржақты етілді.
- Құжат тапсырғандардың ішінен әлеуеттілерін қандай тәсілмен анықтадыңыздар?
- Біз алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және жергілікті бөлімдер арқылы бағдарламаны насихаттадық. Аудан, ауыл әкімдеріне шығып, кімдерді ұсына алатындығын сұрастырдық. Әрбір қарыз алушымен тұрғылықты елді мекеніне барып жұмыс істедік. Бұл іске қоғамдық ұйымдар, сараптау мекемелері де тартылды. Банктер арқылы қандай да бір қарызының жоқтығы анықталған соң, шаруаның қолдағы малына санақ жүргізілді. Малшылардың үйлері мен қора-қопсысы, жайылымы мен шабындығы, су көздері зерттелді. Бұдан соң оның қара мал сатып алатын шаруашылығын мұқият тексердік. Әрбір малдың құжаты назардан тыс қалмады. Шарт бойынша малдың жасы 2-4 жыл болуы керек. Сиырлар сатылып алынған соң «Қазагромаркетингі» АҚ-на тіркеліп қойылды, оқтын-оқтын тексеріліп отырады.
- Кейбір азаматтар несие алу үшін облыс орталығы мен ауылының ортасында сабылғанын айтады. Несиені рәсімдеу барысы соншалықты ұзақ әрі көп жүріп-тұруды қажет етті ме?
- Мен бұл мәселеге қатысты былай айтар едім. Біз өткен жылы «Сыбаға», «Егін-жай» және шағын несиелеу бағдарламаларын сәтті орындап, 431 жобаны 495 млн. теңгеге қаржыландырдық. Сапалы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, біздің филиал жыл қорытындысы бойынша республикада үздік шықты. Біздің мамандар несиені ең аз уақыт ішінде рәсімдеп, шаруалардың қолына қаржыны тез арада беруімен ерекшеленді. Мәселен, «Сыбағада» талап бойынша рәсімдеу екі аптаны құраса, біз көпшілігін 5-7 күннің ішінде тәмамдап қойып жүрдік. Дүйсенбіде құжат тапсырған адам сол аптаның жұма күні қаржыға қол жеткізген жағдайлар да кездесті.
Өңірде қордың бір ғана филиалы бар, ол облыс орталығында орналасқан. Біз шаруаларды босқа сабылтпайық деп, әр ауданға арнайы барып, өтініштерді өзіміз жинап жүрдік. Бармас бұрын, әр ауыл, ауданға телефон шалып, факс жіберіп, қандай құжаттар талап етілетінін күні бұрын хабарладық. Кейбір ауылдардың тұрғындары сенімсіздік білдірді ме, әлде басқадай жағдайлар себеп болды ма, жер шалғайлығына қарамастан, біздің мекемеге өздері келіп құжаттарын тапсырды. Сол кездері олардың кейбірінің құжаты жетпей, ауылдарына қайта барып-келуге мәжбүр болды. Жалпы, бүгінде ауылдардағы шаруа қожалықтарының көбісінде үйге, жерге, басқадай да мүліктерге қатысты құжаттары дұрыс еместігін айтқым келеді. Кейбірі дер кезінде құжаттарын қарамаған. Соның салдарынан босқа сабылады. Оған кінәлі ретінде бізді көрсету, меніңше, азаматтыққа жараспайтын қылық.
- Жоғарыда өзіңіз атап өткен «Егін-жай» мен шағын несиелеу бағдарламаларының көздеген мақсаттары қандай?
- «Егін-жай» - көктемгі мезгілде диқандардың егіс жұмыстарына қажетті құрал-жабдық, техникаға қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, тұқым сатып алуы үшін берілетін несие түрі. Ол 3 миллион теңге көлемінде 13 пайызбен үш жылға дейін беріледі. Жеке кәсіпкерлер үшін шағын несиелеу түрі қарастырылған. Қарапайым шаруа кепілге қоятын мүлкі болса, тоғыз жарым пайызбен 3 жыл мерзімге бір миллион теңгеге дейін қаржы ала алады. Несиенің бұл түрі арқылы өз алдына жеке кәсіп ашып жатқан азаматтар баршылық. Ақтоғай ауданынан В.Свистунов дейтін азамат 900 мың теңге қарыз алып, пластикалық терезе шығаратын жаңа өндіріс орнын құрды. Қашырлық Т.Мамадалиева біздің көмегімізбен бір миллион теңгеге жылыжай құрал-жабдықтарын сатып алды. Павлодар ауданындағы «Белоусова» ЖК болса, жыл сайын көктемде қордан 400 мың теңге қарыз алады. Ол көктемде бұл қаржыға картоп пен көкөніс тұқымдарын сатып алып егіп, ала жаздай өсіреді. Күзде жиналған өнімін сатып, одан түскен пайдадан қарызын өтейді. Осы секілді мысалдар толып жатыр. Бұл екі бағдарлама жыл сайын жалғасын табуда.
- «Сыбаға» былтырғы жылмен тәмамдалып қала ма?
- Жоқ, ол биыл да жалғасады. «Сыбаға» екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің үміт отын жақты. Етті қарамен айналысамын деушілердің тарапынан сұраныс еселей түскен себепті, қор оның мерзімін ұзартты. Биыл біздің облысқа 200 миллион теңгедей қаражаттың бөлінетіні белгілі болып отыр. Дегенмен, ол жыл ішінде еселене түсуі де ғажап емес. Қазірдің өзінде оған қатысуға ниет білдіріп, өтініш түсіріп жатқандар бар. Өз шаруашылығын кеңейтудің амалын, дамудың жолын іздеген азаматтар үшін үлкен мүмкіндіктер туындап отыр. Осындай сәтті қалт жібермей, уақытында, ретімен пайдаланып қалғандарыңыз абзал дегім келеді шаруа ағайынға.
- Ендеше, игі бағдарламаның негізгі шарттарын шаруалардың есіне салып қойсаңыз...
- «Сыбаға» несиесі тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге беріледі. Және бұл қаржы тек етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы аталық мал, яғни, асыл тұқымды бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. Несие алушы берілген қаржыға тек сиырлар мен бұқаларды сатып алып қана қоймайды, оны өсіріп, өндіріп, етті бағыттағы сиырлардан тұратын табынға айналдырады, болмаса, бордақылау алаңдарына тапсырады.
Несиенің көлемі 1 миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін (былтыр 7,5 миллиион теңгеге дейін ғана берілген) жеті жылға 6 пайыздық үстемемен беріледі. Комиссиялық ақы ұсталмайды. Кепілдікке шаруаның жағдайына қарай, жылжитын және жылжымайтын мүліктер алынады. Ол дегеніміз – ауылдық тұрғынның үйі, қарауындағы жері, мал ұстайтын қорасы, техника, басқа да ғимараттар. Егер қарыз алушының өзінде кепілге ұсынатын мүлкі болмаса, екінші тұлғаның меншігіндегі нысанды, яғни ата-анасының немесе аға-інісінің мүлкін қоя алады.
Екінші мәселе - несие алушының малды бағып-күтуге қажетті мүмкіндігі, қора-қопсысы, суат көзі, мал азығының берік қорын жасақтайтын жағдайы, мал жайылымы (бұл жерде бірігіп шаруа жүргізу жөніндегі келісімшарт арқылы да болады) болуы міндетті. Шаруашылықтың төңірегіндегі малдәрігерлік-санитарлық ахуалдың талапқа сай болуы есепке алынады.
Ерекше ескеретін жағдай - «Сыбағадан» несие алатын шаруаның бұрыннан малы болуы тиіс. Ол малдың саны несиеге алынатын мал басының 50 пайызын құрауы керек. Яғни, сіздің он бас ірі қараңыз болған жағдайда малыңызды тезірек көбейткіңіз келсе, қалауыңыз бойынша, жиырма басқа дейін сиыр немесе қашар, болмаса бұқа сатып алуға несие рәсімдеуіңізге болады. Осы тұста көңіл аударатын бір мәселе бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алатындарға жергілікті атқарушы органдар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері малды қайдан, қай шаруашылықтан, серіктестіктен алуға болатындығы жөнінен көмектесуі керек. Ол малдардың жынысы, жасы, тектілігі, өнімділігі, яғни барлық сапалы өлшемдері көрсетілген ақпараттар жиынтығы компьютерлік базада тұрғаны жөн. Қарапайым тілмен айтқанда, несие иесіне малды «шертіп тұрып» таңдап алуға толық мүмкіндік туғызылуы тиіс. Ал малдың сапалық өлшемдерін «Қазагромаркетинг» секілді бағалаушы компаниялар белгілейді.
Құжат жинау, тапсыру талаптарын білу үшін қордың филиалына келудің қажеті жоқ, жергілікті ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы мамандары барлық ақпаратты біледі. Құжатыңызды да солар арқылы өткізе аласыз.
Бағдарламаның басты ерекшелігі, пайыздық мөлшерінің аздығы дер едім. Шаруашылықтар алғашқы екі жылда ешқандай қаржы қайтармайды. Ал бұл уақыт ішінде шаруаны дөңгелетіп, мал басын біршама арттырып алуға болады. Оның үстіне алғашқы төлдері де жетіледі. Сондықтан мемлекет берген қаржыны қайтаруға да қиналмайды. «Ештен кеш жақсы» деген халқымыз, былтыр несие рәсімдеуге үлгере алмағандар, биыл бағын сынап көрулеріне әбден болады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мұрат АЯҒАНОВ.

