Екібастұзда «Жайлау» бағдарламасы табысты жүзеге асуда
Қой өсіру - қазақ халқының ежелден келе жатқан тарихи дәстүрлі мал шаруашылығының бірі. Халқымыздың тұрмыс тіршілігі, күнкөріс көзі момын жануармен тікелей тамырласып жатыр. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. «Қой егіз тапса, бір түп жусан артық шығады» деп қой малының өз несібесін өзі айыратынын айтса, «қой анасы — оннан, жылқы анасы — бестен» деп, қой малының жылдам көбейетінін меңзеген.
Бүгінде облыстағы қой саны жарты миллионнан асып жығылады. Соңғы жылдары момын түліктің басы айтарлықтай арта түсті. Былай алып қарағанда, аймақтың қой етін экспортқа шығарудағы әлеуеті өте зор. Бұдан бірнеше жыл бұрын аймағымызға келген Сауд Арабиясы өкілдері керекулік қойдың етіне тамсанып қайтқан. Сол жолы арабтар біздің шаруалармен ынтымақтасып, бұл салаға инвестиция салуды да сөз еткен болатын. Бұл бастама не себепті екені белгісіз, әрі қарай тарқатылмаған күйде қалып қойды. Десек те, шет мемлекеттің қазақтың қойына аңсарының ауғаны жақсылықтың нышаны деп қабылдағанымыз рас.
Түзде өскен малдың еті қолда жемделген жануардікінен тәтті келетінін білетіндер жайлауда жетілген «тегене құйрық момын түлікті» әсіресе, жаздың күндері сатып алуға бейіл. Бұл осы уақытта шаруаларға үлкен мүмкіндіктер тудырып, пайда табуға сеп болады. Дегенмен, қазіргі күні қой етінің жыл бойына тұрақты жұмыс істейтін экспортын дамыту мәселесі агроөнеркәсіп кешенінде тұрған өзекті жайттардың бірі. Қазақ жерінің қой өсіруге өте қолайлы аймақ екені ертеден белгілі. Ал Павлодар өңірінің табиғи ерекшеліктері бұл бағытта үлкен мүмкіндіктерге жетелейді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды уақытында орындауға сеп болатынның бірі – қой етінің экспорты. Қара малдан басқа қой етін сыртан келіп сатып алушылар аз емес. Осы жағдайды аймақ шаруалары ұтымды пайдаланса абзал. Мамандардың айтуынша, ет экспорты бойынша республикамыздың әлеуеті зор. Осындайда қой шаруашылықтарына да айрықша көңіл бөлінеді. Бұл ретте, еліміз бойынша бүгінде бірқатар бастамалар табысты жүзеге асып жатқанын айтпай кетпеуге болмас.
Көпшіліктің есінде болса, осыдан екі жыл бұрын «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолға алуымен облыста «Жайлау» атты бағдарлама іске қосылған. Аймақтағы мал басын көбейтуді мақсат еткен бастама шеңберінде облыс шаруаларына бес мың саулық сатылып алынды. Бағдарлама талаптары да қарапайым. «Жайлау» бес жылдық мерзімді қамтиды. Мал алуға тілек білдірген әр азаматқа, яғни қатысушыға компания жүз бас қойды бес жыл уақытқа жалға берді. Бес жыл өткен соң шаруа оны корпорацияға екі жүз қой етіп қайтарып беруі керек. Бұл екі аралықта жүз бас саулықтың өсімі орташа есеппен төрт жүз-бес жүз қойға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Сонда бес жылдан соң шаруаның таза табысы – орташа алғанда үш жүз қой болады. Осылайша, бағдарламаға енген ауылдық тұрғын жалға алған тірі «тауарынан» екі еседен астам пайда көреді. Қолда қалған меншікті малын әрі қарай өсіре ме, сата ма – ол әрбір азаматтың өз еркіне байланысты.
Корпорация мамандары бастаманың болашағын әбден зерттеп, екшеп-текшеп алғандығын айтады. Мұндай тәжірибе осыдан отыз жыл бұрын Қытай мемлекетінде де болып, өз жемісін байқатқан. Бірақ, олар әрбір азаматқа бес қойдан артық бермеген. Ал біздің еліміздің географиялық ерекшелігі әрбір шаруаға ең кемі жүз қойдан беруге болатынын көрсетіп берген. Бағдарлама мемлекет қазынасынан 100 миллион теңгеге қаржыландырылса, ол Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына теңдей етіп бөлініп берілді. Сол жолы барлық қойды корпорацияның еншілес компаниясы – «Өскемен-Семей-Павлодар» ЖШС таратып берген еді.
Біздің облыста бағдарламаға Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары және Екібастұз бен Ақсу қалалары енді.
«Жайлаудың» өз кезегінде сәтті бағдарламалардың бірі екенін бүгінде Екібастұз өңірінің қой өсірушілері дәлелдеп отыр. Бұл аймақтан 10 азамат осы мүмкіндікке ие болған. Жалгерлік негізде алынған момын түлікті шопандар бүгінде аман-есен өсіріп-бағуда. Атап өтерлігі, корпорация әр ауданға бір оператордан тағайындады. Ол шаруаның бес жыл бойғы қойды өсіру барысын тұрақты бақылайды. Кеңестер беріп отырады. Бұған қоса ай сайын компанияның арнайы комиссиясы да тексерістер жүргізеді. Бұл өз кезегінде малдың шығынсыз өсуіне жағдай тудырмақ. Шаруа әр қойды сақтандыруды да ұмытпауы керек. Таратылған қойдың барлығы жас саулықтар, олардың күйін үнемі қадағалап отырмай болмайды.
Екібастұз өңіріне бекітілген оператор маман Зейнолла Жақсыбаевтың айтуына қарағанда, бүгінге дейін саулықтар екі рет төл берген. Қазір әр тұрғынның қорасында 250-ден 300-ге дейін қой бар.
- Ауылдағы ағайындар корпорация арқылы алынған қойларға аса жауапкершілікпен қарайтындықтары соншама, олардың жем-шөбін, суын ерте бастан қамдап алып отырады, - дейді оператор. – Былтыр егіннің мол шығуына орай, жемді тонналап үйді, тіпті мал азығына күнбағыстың тұқымын пайдаланып жатқан шопандар да бар. Өзім ай сайын барып санағын алып, малдардың уақытылы егілгенін, жем-шөбінің молдығын тексеремін. Жақында ғана фермаларды аралап шықтым, қойлары өте күйлі, семіз. Қора-жайларының қолайлы екеніне көзімді жеткіздім. Биыл қысты ойдағыдай өткізсек, келесі жылы саулықтардың төлді жақсы беретіндеріне ағайындар сенім артып отыр. Шаруалар өз ыңғайына қарай, корпорация алдындағы борыштарын келесі жылдан бастап өтей берулеріне де болады.
Зейнолла Рахметоллаұлы жергілікті азаматтардың өз міндеттемелерін толық атқарып жатқандығын айтады. Әр мал басын жүз теңгеден «Мұнай сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы сақтандырып қойды. Әу баста бағдарлама қабылданғанда қой алуға үміткер азаматтардың шопандық тәжірибелері толық тексеріліп, ауыл әкімдері оларға кепіл бола білді. Осындай алдын ала ұйымдастырылған шаралардың нәтижесі қазір көңіл қуантады. Оператор-маманның өзі жеке кәсіпкер, мал бағу ісінен әжептәуір тәжірибесі бар көрінеді. Өзінің айтуынша, бес жылдан кейін бағдарлама аяқталғанда, еңбегінің өтеуі ретінде корпорация өңірден қайтарылған қойдың отыз пайызын оған береді.
«Әр жыл сайын алған малды ветеринарлық тексеруден өткізіп, екпе шараларын қабылдауға шаруалар міндетті. Ауылдарды аралап, азаматтармен тілдесіп, қажетінше көмек жасап тұруға тырысамыз. Корпорацияның арнайы комиссия мүшелері тоқсан сайын келіп тексереді. Егер «Ертіс өркені» корпорациясы келесі жылы бағдарламаны басқадай мал түрлері бойынша жалғастырса, біз оған міндетті түрде қолдау танытып, қатысатынымыз анық. Себебі, оның игілігі мен келешегіне көзіміз жетіп отыр», - дейді Екібастұз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Кенжебек Дүйсенбаев.
Бұған дейінгі облыс басшысы Б.Сағынтаев өткен жылы Екібастұз өңіріне барғанда «Жайлау» бағдарламасы жалғасын тауып, келесі жылдан бастап ауылдықтарға мүйізді ірі қара мен жылқы үлестіріле бастауы мүмкін екенін айтқан. Бұл жаңалыққа жұртшылық қуанысып қалған еді. Бастама қазіргі облыс әкімі Ерлан Арынның қолдауымен жүзеге асып, шаруа ағайынның үміті ақталатынына сенім мол.
Мұрат АЯҒАНОВ.

