Май ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бүгінгі күні басты мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Аудан тұрғындары ауыз су бойынша бірқатар қиындықтарды бастан кешіруге мәжбүр. Көше бойы жүргізілген су құбырының тозығы жеткен, бүгінгі күнге дейін ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген... Бұл – ауданның бүгінгі күнге дейінгі жағдайы.
Бүгінгі таңда ауданда ауыз су проблемасын толықтай шешу мақсатында бірқатар мәселелер шешімін табуда. Сумен қамтамасыз ету жүйесін қолданысқа енгізуге және осы жүйе қызметінің жандануына Май аудандық «Майсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қомақты үлесін қосуда. Кәсіпорын директоры Арман Оспановтың жетекшілігімен ұйымдастырылып отырған іс-шаралар халықты сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету үдерісін жеделдете түсуге бағытталған.
- Бұл күнге дейін аудан орталығының тұрғындары өз үйлерінде орналасқан құдықтардан су алып тұрды. Қолданыстағы су тұзды болғандықтан, тек қана тұрмыстық жағдайда ғана қолданылып тұрды. Өз еңбегімізбен көп жылдар бойы жөндеуден өтпеген су мұнарасын қалпына келтірдік. Ал қазір көшелерде су алу колонкаларын қалпына келтіру және тұрақты түрде су алып отыруға аванкамера салу жұмыстарын жүргізу үстіндеміз. Біздің мақсат – қыркүйек айына дейін аталмыш жұмыстарды жоспар бойынша аяқтау, - деді Арман Сансызбайұлы.
Негізінен, көктөбеліктер кешенді блок модуль ауыз су бекетінен ауыз судың 40 литрін 8 теңгеден сатып алуда. Көктөбе ауылында 10 колонка жұмыс істеп тұр. Ұзындығы 7,5 шақырым су тасу жүйесі болса, оның 2,1 шақырымы «Жол картасы» бағдарламасы аясында толықтай жөнделіп жатыр. Атқарылған жұмыстар арқасында тұрғындарды уақытша сумен қамтамасыз етілуде. Ал қыркүйек айында аудан жұртшылығы толықтай техникалық, яғни тұрмыстық сумен қамтамасыз етілмек.
Ертіс өзенінің жағасында қазіргі уақытта табиғи түрде суды тазарту құрылғысы аванкамераны салу және Көктөбе ауылы мен оған қарасты Шыған ауылы көшелерінде тозығы жеткен су колонкаларында дәнекерлеу жұмыстарын «Майсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз қаражатына жүргізіп жатыр. Жалпы сомасы 700 мыңды құрайтын қаражат жоспарланса, оның 460 мың теңгесі толықтай игерілген. Сондай-ақ 8 тұрғынға уақытша жұмыс орны ашылғанын атап кеткен жөн.
- Соңғы жылдары ауыз суды алу жағынан көп қиындық көріп келдік. Енді міне, осындай жомарт азаматтардың халыққа көрсеткен жақсы істері баршамызды қуантуда, - деп аудан тұрғындары ризашылығын білдірді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА,
Май ауданы.


