ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова
Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді дәріптеп, заманымыздың кірпияз көрерменінің жүрегіне жол тапқан сирек талант иесі. Дәстүрлі әндерімізді сүйсіне тыңдап, биікке самғатқан қалың жұртшылық күміскөмей әншінің шығармашылығымен етене таныс.
Таяуда «Майраның әнін орындайтын Майрамен» жүздесудің сәті түсті. Өнерпаз «Жан анам» атты концерттік бағдарламасын ұсынып, павлодарлық жамағатқа қазақ өнерінің жылы лебін сыйлай келіпті.
Айта кетерлігі, қазақ өнерінің інжу-маржандарын сүзген ол концерт қоюмен қатар, Ертістің Павлодар өңіріндегі ел-жұрттың ардақ тұтар қымбат қазыналарының бірі – Бұқар жырау атындағы өнер және әдебиет музейі, Майра Шамсутдинова атындағы ән өнері музейі мен Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейін аралады. Дәл осы киелі де қастерлі ордаларды аралаған сәтте, өнер иесі өзінің шығармашылық өмірі жайлы әңгіме тиегін біздің оқырмандарымыз үшін ағытқан болатын. Қазақтың Майрасы ағынан жарылып, құпиялары һәм өнердегі жаңалықтарымен бөлісті.
- Майра Әлімғазықызы, киелі Кереку топырағына қош келіпсіз!
- Қош көрдік, қалқам! Қазақтың атын күллі әлемге мәшһүр еткен тұлғалар туған мекенге келгеніме қуаныштымын.
- Аймағымызға гастрольдік сапармен соңғы рет қашан келіп едіңіз?
- Қонақжай Павлодарға келіп, бойымды ерекше сезім билеп тұрғаны... Майра Уәлиқызының музейінде болып, төл өнеріміздің аңқыған иісін сезінгеннен болар. Жалпы, мәдениетіміз бен руханиятымыздың көктеп, тамыр жайған, құндағындағы құндылықтарын құлпыртып, оны көздің қарашығындай құрметтеген халқы бар тың топыраққа келмегелі 10 жылдың жүзі болыпты. Шіркін, сол кезді еске түсірсем, шығармашылығымдағы тамаша сәттерім көз алдыма елестейді. Он жыл бұрынғы гастрольдік сапарымда осы облыстың қала-аудандарын он күн бойы аралағанбыз.
- Ертістің Павлодар өңірімен қандай байланысыңыз бар?
- Орынды сұрақ. Негізі, кең байтақ еліміздің барлық облыс-аудандары халқымен қарым-қатынасым ешқашан үзілмеген. Ол – рухани байланыс. Осы өңірге ат басын тіреуім – соның дәлелі. «Таяқ ұстап барып, тай мініп қайтасың» демекші, өнерге жолдама берген ұстазым Қазақ КСР-ның халық әртісі Кәукен Кенжетаев - қасиет дарыған Баянауыл жерінің тумасы. Сонымен қатар, қазіргі кездегі шәкірттерімнің арасында талантты павлодарлық жастар көп. Олардың қатарындағы екібастұздық Жанна Қарманованы ерекше айтар едім. Медғат Манапов деген жас өнерпаздың дауысын тыңдадым, болашақта мүмкін «Алтын домбыра» дәстүрлі әншілер байқауына шақырсам деген ойым да бар.
- Майра апай, әңгімемізді шығармашылықтағы жаңалықтарыңызбен өрбітсек...
– Жағымды жаңалықтар аз емес. Ұлттық бояуы қанық, өзіндік айтары бар әсем туындыларым жұртшылықтың жүрегіне жол табуда деп ауыз толтырып айта аламын. Мен үшін жаныма жақын әндерді орындап, халықтың құрметіне ие болғаннан артық бақыт жоқ.
Республиканың облыстарын аралап, концерттік бағдарламаларымды өткізу үстіндемін. Алматыда, кіндігімді кескен жұрт – Шығыс Қазақстан облысында, сонымен қатар, көршілес Қытайдың Бейжің қаласында өнер көрсетіп келдім. Халықтың ықыласына ризамын. Алдағы уақытта топырағына табаным тиіп көрмеген Петропавл қаласына бармақпын. Бұдан бөлек, өзім басшылық ететін «Майра» продюсерлік орталығы бірқатар авторлық жобаларды жарыққа шығарды. Тізбектеп айтсам, «Жан анам» қайырымдылық кеші, «Сағындырған әндер-ай» ретро-әндер фестивалі, дәстүрлі әндерді насихаттайтын «Алтын домбыра» жобасы.… Бұлардың барлығы - көзі қарақты көрерменнің көңілінен шыққан жобалар десем, асырып айтқаным болмас. Бұл жобаларым еліміздің мәдени өміріндегі тың жаңалықтар болса, екінші жағынан үзілген жіпті қайта жалғау іспетті өнегелі іс екені сөзсіз. Орталық жанынан құрылған мектеп студиясында да шәкірт тәрбиелеп жатқан жайым бар. Осының барлығы - жас таланттардың тұсауын кесіп, халыққа таныту мақсатынан бұрын «ұлттық өнер» атты алып бәйтеректің тамырын жайқалту үшін жасалған дүниелер.
- «Майра» продюсерлік орталығында жемісті істер мен өнегелі бастамалар көп сияқты. Осы жайлы тереңірек таныстырсаңыз.
- Бір кездері қазақ эстрадасына «продюсер» деген терминнің өзі таңсық естілетін болса, бүгіндері продюсерсіз әнші бар десе, таңқалатын болдық. Мақтанарлық жетістіктеріміз жоқ емес. Шынымен де, өнердің әр қиырына шиырлап жатқан тарландарымыз аз емес арамызда. Өнер атты кең өрістің таза ауасын жұтып, асқар шыңның етегіндегі жасыл құрақтай жайқала, өркен жайып келе жатқан шәкірттерім баршылық. Баршаға мәлім «Қыздар-ай», «Ерке» топтарына продюсерлік етемін. Оның үстіне, жуықта ғана құрылған «Сақ» этнографиялық ұжымы, «Керімсал» тобы мен қытайлық қандасымыз Гүлзира Ербол секілді жас дарындар да қанатымның астында. Өз басым жастарға көрген-білгенімді айтып, бағыт-бағдар беруді парыз санаймын. Реті келсе, оларға көмектесуге тырысамын.
- Жоғарыда «жаныма жақын әндер» деп айттыңыз. Сонда, жаныңызға жақын емес шығармалардың да болғаны ма?
- Шығармашылық өмірімде көптеген композиторлармен кәсіби қарым-қатынаста болдым. Кереметтей туындыларды шығаратын композиторлар жоқ емес, бар. Негізі, жеті өлшеп, бір кесетін адаммын. Рухани әлемімді, ішкі жан дүниемнің пернелерін қозғамайтын шығармалар болса, олардан үзілді-кесілді бас тартып жататынымды жасырмаймын. Кей кездері әлдебір композиторлардың «Майра апай, мына әнді шырқаңызшы!» деп, көп туындыларды алдыма үйіп тастайтыны бар. Өнер адамы – көңіл адамы ғой. Сондықтан болар, олар жүрегіме жақын тимесе, бас тартуға тура келеді.
- Біздің жұртшылық сізге «Қарт Ертістің суын ішкен аққу үнді Майра» деп, әс көтеріп, құрмет етіп келеді. Есіміңізді Павлодар жерін әсем әуенімен тербеткен жезтаңдай әнші Майра Уәлиқызының құрметіне орай қойған ата-анаңыз да өнерден кенде болмаған шығар?
- Иә. Бойымдағы өнерім - анамның ақ сүтімен, әкемнің қанымен дарыған құдірет. Үш-төрт жасымнан бастап музыкаға деген құмарлығым байқалды. Неге екенін қайдам, әйтеуір Майра Шамсутдинованың әндерін шырқайды екенмін. Сол кезде әкемнің «Менің Майрам үлкен өнерпаз болады» деп айтқан сөздері әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Жалпы, ата-анам мен нағашы жұртым өнер десе, ішер асын жерге қоятын адамдар болған. Әкемнің қоңыр дауысымен орындаған «Жетісу», «Ақерке» әндері репертуарымнан лайықты орнын алған.
- Демек, Майра Уәлиқызының жолын қуып, әнші атану пешенеңізге жазылыпты...
- Солай болар! Әрбір өнер иесі сыр сандық іспеттес. Сол себепті, ешбір баспасөзде жарияланбаған, ешкім білмейтін құпиямды ашайын сіздерге. Негізі, атым Майра емес... Азан шақырып қойған есімім Махира менің! Бұл есім араб тілінен аударғанда «ай сәулесі» деген мағынаны білдіреді. Майра атануымның өзі – бір тарих. Үлкендердің айтуынша, «х» әрпіне тілім келмегендіктен, өз-өзімді «Мен - Майрамын» деп таныстыратын болыппын. Сол кезден бастап, Майра болып кеттім. Осының өзі тағдыр ғой. Майра атануды Алланың өзі нәсіп етті.
- Бүгінде тойға бармайтын өнер иесі жоқ шығар, сірә! Қазақстандық шоу-бизнес әлеміндегі жұлдыздардың талайы негізгі нәпақасын тойдан тауып жүргені айтпаса да түсінікті. Майра апай, тойда қанша қаражат аласыз деп сыр суыртпақтайтын ойымыз жоқ. Таяуда, телеарналардың бірінде «Сыйға тартқан машинамды күтіп жүрмін» деген едіңіз. Сол бір тойдағы «көлік сыйлау» операциясы қалай аяқталды?
- Ондай оқиға басымнан өтті. Қанша жыл өткені есімде жоқ. Әйтеуір, бір той-томалаққа қонақ болып, ән шырқағаным бар. Той иесі менің тыңдарманымның бірі болса керек, қуанғаны сонша, «Мен сізге су жаңа «Жигулидің» кілтін беремін!» деп салмасы бар ма! Әрине, қуанып қалдым. Бір кезде қонақтар арасынан Қайрат есімді жігіт той иесіне: «Осындай әншіге «Жигули» бергенің қалай?» деп айтып, маған өзінің «Камри» көлігін сыйлайтынын жеткізді. Шіркін, қандай әдемі көлік, көк-жасыл түсті болатын. Төбем көкке жетіп, тойымыз қыза түсті. Сосын, жиын соңында әлгі Қайраттың жүргізушісі көлікте демалмақ болып, кілтін сұрады. Менің арам ойым жоқ, бердім. Таңертең далаға шығып қарасам, машина да, Қайрат есімді жомарт жігіт те ізін суытыпты. Бір қызығы, оны бірнеше жылдан кейін қайта кездестірдім. Ұялғаннан уәдесін орындайтынын айтты. Міне, сол «темір тұлпарымды» әлі күтіп жүрмін...
– Өнердің насихатталуы халықтың сұранысына орай қалыптасатыны шын. Бұл орайда керекулік халыққа айтарыңыз бар ма?
- Кереку өңірі - халқымыздың рухани қазынасының тұнық бастауы мен тұшымды өзегі. Сондықтан, павлодарлық өнерсүйер қауымға айтар өкпе-назым жоқ. Әрқашан аман- есен болыңыздар демекпін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

