ӨРІС АЛҒАН ӨРКЕНДІ БАСТАМА

 

Баянауылда бұрын-соңды болмаған жобалар қолға алынуда

 

Баянауыл ауданындағы «МТС Жайма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттің қолдауы арқасында Америка Құрама Штаттарынан 699 бас асыл тұқымды қара мал сатып алды. «Абердин-Ангус» деп аталатын сиыр малының бұл түрі қысы суық өңірлерде өсіруге аса қолайлы. Жоба мақсатыкелешекте өңірде етті асыл тұқымды мал басын арттыру және экспорттық әлеует құру.

Етті мал шаруашылығын дамыту үшін біздің аймағымызда кезек күттірмес бірқатар кешенді мәселелерді шешу керек. Соның бірі - заманауи технологиялармен жабдықталған мал бордақылайтын алаңдарды салу және асыл тұқымды мал санын арттыру. Бұл мәселелерді түбегейлі бір жақты етпейінше, сыртқы нарықтарға ет импорттау қиынға соғатыны анық.

Ежелден төрт түліктің өсуіне қолайлы өңір саналатын Баянауыл ауданында бүгінде мал шаруашылығының ет бағытындағы әлеуетін құру өміршең деп танылып отыр. Жергілікті сала өкілдері де бұл ретте бастамашылдығымен танылғанын атап өткен абзал. Оның үстіне аудан төрт түліктің саны бойынша облыста көш бастап тұр. Соңғы дерек бойынша, көрікті мекенде 62 мыңнан астам қара мал, 131 мыңдай қой-ешкі және 15 мыңнан астам жылқы өсіріледі. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын 458 шаруа қожалығы мен 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген. Былтыр олармен 7,2 млрд. теңге көлеміндегі қаражатқа ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 57 пайызға артық.

 

Жақсы іскебатыл қадам

Баянауылдық мал етінің сапасы аймағымызда жоғары бағаланады. Осы артықшылықтарды ескерген жергілікті мал өсірушілер мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды пайдаланып, заманға сай мал қоралары мен бордақылау алаңдарын тұрғызуға талпынуда.

Сондай батыл бастамалардың бірін «МТС Жайма» серіктестігі былтырғы жылы қолға алған. Шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы «Инфрақұрылымы дамыған жалпы саны 7000 бас асыл тұқымды қазақтың ірі қара малын, оның ішінде 2500 бас аналықты бір кезекте ұстауға арналған мал шаруашылығы кешенін құру» инвестициялық жобасын жүзеге асыру үшін жұмыс жүргізуде. Жоба бір кезекте 1000 басқа арналған бордақылау алаңын құру және еуропалық стандарттарға сай кесек еттерді вакуумдық орама жасап, экспортқа шығаратын екі сатылы кезеңде жүзеге асырылады. Қазіргі кезде аталмыш алаң құрылысының 500 басқа арналған бөлігі аяқталып келеді. Сапалы ет өндірісіне жол ашатын бұл бастама кеңауқымдылығымен көзге түсті.

Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Әйткеновтың айтуына қарағанда, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы серіктестіктің қазіргі жағдайын елеп-екшеп, лизинг негізінде 4 пайыздық үстемемен 1,518 млрд. теңге несие қаражатын берген. Шаруашылық басшысы, іскер азамат Батырбек Алдабергенов өткен жылдың желтоқсан айында Құрама Штаттарға өзі барып, Монтано аймағынан 699 бас асыл тұқымды малды таңдап алыпты. Әрқайсысының құны 600 мың теңгеге бағаланған. Ұшақпен 3 мәрте рейс жасап жеткізілген ірі қараның барлығы - жас, тоғыз айлық баспақтар. Оның ішінде 40 басы - бұқа. «Абердин-Ангусты» Баянауыл өлкесіне жерсіндіріп, қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізу және бұқа қосуға жыл бойы американдық мамандар көмек жасайды. Бұл қара малдың ерекшелігі сол, еті аса дәмді әрі тез піседі. Күніне 850-900 грамм салмақ қосатын қасиеті бар, сойғанда 250 келі таза ет өндіріп алуға болады екен.

- «МТС Жайма» шаруашылығының келешекке жоспарлап отырған жобалары өте ауқымды әрі өміршең, - деп әңгімеледі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Ахмет Серкебаев.

Олар шетелден мал әкелуді мұнымен шектеп қойған жоқ. Б.Алдабергенов жақында ғана Ресей Федерациясына жол жүріп кетті. Ондағы «Садовское» зауытынан 320 бас асыл тұқымды «герефорд» ірі қара малын әкелуді жоспарлап отыр. Асыл тұқымды мал санын өсіріп, көбейту үшін жемшөп қорын молынан қамту және оның құрамын арттыру мақсатында серіктестік егін салуды, көпжылдық шөп егуді де ерекше назарда ұстауда. Бұған дейін егін шаруашылығында пайдалануға қажет шетелдік заманға сай техникалар сатып алды. Жаңа техниканың тілін тауып, игеріп кетуі үшін жас мамандарды арнайы оқу курстарына жіберіп отырады. Бүгінгі күні мұнда асыл тұқымды мал есепшісі мен мал дәрігері бар. Серіктестіктің шаруасын ұршықша иіріп алып кететін кәсіби менеджер-зоотехник пен білікті агроном қажет екендігін, отбасы бар жас мамандарға баспана берілетіндігі туралы мәліметтер арнайы орындарға және ғаламтор арқылы үзбей хабарланып келеді. Алайда, тәжірибелі мамандардың саны азайған ба, әлде жер шалғайлығынан ба, әзірге білімді де білікті кадрлар табылмай отыр...

 

Табысы тасып, ырысы артқан...

Жалпы, аталған шаруашылық-тың иелігінде бүгінде 34 мың гектардай жер бар. Оның біраз бөлігіне егін салынса, қалғаны жайылым мен шабындыққа тиесілі. Қара малдан басқа 160-тай қой, 220 жылқы өсірілуде. Мұнда бүгінде жүз он бір адам еңбек етеді. Былтыр екі мың гектардан астам жерге дәнді дақыл себіліп, әр гектарынан 9,9 центнерден өнім жинаған. Машина-трактор паркінде әртүрлі жұмыстарға қолданатын 80-дей техника бар. Соңғы жылдары серіктестік жалпы құны 143 млн. теңге өз қаражатына әрқайсысы 1500 шаршы метрлік 8 мал қорасын, мамандарға арнап 2 тұрғын үй (әрқайсысы 2 пәтерлі), қонақүй, жұмысшылар асханасы, малшылар үйі мен тәулігіне 15-20 бас ірі қара мал сойылатын мал сою алаңын салып шықты. Бүгінде екі тұрғын үй мен арнайы қасапхана құрылыстары жүріп жатыр. Жылына 50-60 тонна ұн өндіретін «Фермер» шағын диірмені де жұмыс істеп тұр.

Аталған шаруашылықтың арқасында Қаратомар ауылдық округіндегі халық бақуатты тірлік кешуде. Көптеген отбасылар серіктестіктен жұмыс тауып отыр. Оның басшысы кейбір азаматтарды курстарға жіберіп, ет өңдеу кәсіпорнында орнатылатын шетелдік технологияның тіліне үйретуде.

 

Республикада алғашқы

Былтыр «МТС Жайма» аудандағы ірі қара малды асылдандыру мақсатында республика өңірлерінде бұрын-соңды болып көрмеген ерекше жобаны бастады. «Асылдандыру» деп аталған бағдарлама аудан көлемін қамтиды. Жергілікті биліктің қолдауымен серіктестік өлкедегі шаруа қожалықтарына асыл тұқымды 76 бұқаны келісімшартпен ақы-пұлсыз таратып берді. Шаруалар алынған сегіз-тоғыз айлық еркек төлдің тірі салмағына байланысты биыл есеп айырысатын болады. Осы арқылы алдағы 2 жылда ауданның 30-дан астам шаруа қожалығындағы қара малдың тұқымы толықтай жаңартылып, олар келешекте селекциялық жұмыстармен айналыспақ. Ал 2015 жылға қарай осы тәсілмен аудандағы қара малдың тең жартысы асылданады деп болжануда. Бұл жобаның ерекшелігі – алушы мен берушінің арасында ешқандай қаржы мен кепілдік мүлік туралы мәміле жоқ, тек қарапайым шарт қана жасалады. «Асылдандыруға» бүгінде облыс басшылығы назар аударып, оны басқа аудандарға енгізуді мақсат етіп отырса керек.

 

Еттен кенде болмаймыз

Шұрайлы өлкедегі мал шаруашылығын асылдандыру жұмыстары мұнымен тәмамдалмайды. Ұзынбұлақ ауылдық округінде «Баян Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Мұрат Кенжебаев) «Абердин -Ангус» асыл тұқымды малынан 1000 басқа дейінгі аналық-репродукторлы шаруашылығын құру» жобасы бойынша 1,7 миллиард теңгенің несиесін алуды көздеп отыр. Ол аталған елді мекен аумағынан 20 000 гектар жерді қарауына алған. Қажетті техникамен жарақтанып, жұмысқа білікті мамандарды қабылдауда. Бастама құпталса, осы жылдың қыркүйек-қазан айларында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке АҚШ-тан асыл тұқымды қара мал сатып әкелінеді.

Осылайша, келешекте ауданда етті мал шаруашылығын дамыту бағытында бұрын-соңды болып көрмеген мүмкіндіктер қалыптасады. Екі бірдей асыл тұқымды аналық-репродуктор шаруашылығы және бір мың басқа арналған инфрақұрылымы дамыған 2 мал бордақылау алаңы тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, әр ауылдық округте кемінде 80-100 басқа арналған шағын мал бордақылау алаңдарын құру жоспарда бар. Қызылтау округінде - «Оразбек», «Қайырбек», Жаңатілекте - «Жасталап», Құндыкөлде - «Айша», Ұзынбұлақта - «Отан», «Бұқар Жырау», Ақсанда - «Батырхан» шаруа қожалықтары қазіргі күннің өзінде өз алдарына мал бордақылап, жыл сайын етке өткізуде. Олар алдағы уақытта мемлекет көмегін пайдаланып, асыл тұқымды мал сатып алуды жалғастырады. Нәтижесінде, аудандағы ет өндірісі бірнеше есеге өсіп, экспорттық әлеует қалыптасады.

- Қолда барға қарап отырмай, ізденіске ұмтылған жоғарыда аталған шаруашылықтар келешекте бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, нарықта оқ бойы озық тұратыны сөзсіз, - дейді А.Серкебаев. - Шетелден жеткізілген, алдағы уақытта тағы әкелінетін асыл тұқымды ірі қараны жатсынбай, жерімізге лайықты жерсіндіріп, жемісін көрумен қатар аудан малының сапасын көтеретіндігімізге сеніміміз мол.

Бір сөзбен айтқанда, баянауылдық ағайын мемлекет қолдауын айқын сезіне бастады. Жалпы, мал шаруашылығы бойынша былтыр 17 шаруашылық құрылымына 40 млн. теңге субсидия төленді. Бұл – шаруалар үшін үлкен көмек.

Қазақ халқы ықылым заманнан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санап, көп игілігін көріп келді. «Мал — елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Төрт түліктің берекесін игілігімізге пайдаланып, ұлттық экономиканың бәсекелестікке қабілетті салаларының біріне айналдырсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Ендеше бастамашылдығымен танылып отырған баянауылдық мал өсірушілерге тек сәттілік тілейміз!

 

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29