МАЛ АЗЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

 

     Биылғы қуаңшылық жеміс-жидегін пұлдап тиын-тебен табатын саяжайшыларды жылдағы нәпақаларынан қақса, малмен күн көретін ауыл халқының көңіліне кәдімгідей алаң кіргізді. Шілде айында бірнеше дүркін ағыл-тегіл жауған жаңбыр жер-ананың шөлін қандырғандай болғанымен, ыстыққа бір күйген шөп қайта қаулап шықпады. Әйтсе де, мамандардың айтуынша, Екібастұз өңірінде жем-шөп тапшылығынан қауіп жоқ сияқты. Екібастұз қаласы әкімі ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің болжамынша, биыл аймақта қыстаққа 32010 шартты мал басы кіреді екен. Бір қуанарлығы, аймағымызда биыл ірі қара малдың індетке шалдығып, пышаққа ілінгені аз болмаса да, көктемдегі төл есебінен мал саны арта түсіпті.

     Бүгінгі күні төрт түлікке қажетті 55 мың тонна шөптің жартысы шабылып, қыстақтарға жеткізілуде. Сондай-ақ 1600 тонна жем мен 1750 тонна сабан алу межеленген.
     Жалпы, өңіріміздегі өзен-көлдердің жағасын жайлаған және көлтабанды шабындықтары бар ауылдардың жағдайлары өзгелерден біршама тәуір. 9726 гектарды құрайтын көлтабанды шабындықтарға әлі шалғы түсе қойған жоқ: бұйыртса, ол жерлердегі шөп тамыз айында шабыла бастайды. Біздің есебімізше, шабындықтың әр гектарынан 18-20 центнерден пішен жиналса, қажетті мал азығының 56 пайызын қамтамасыз етпек.
     -Шөптің шығымы аз ауылдардың да жай-күйін ойластырып қойдық. Солнечный, Шідерті секілді кенттердің тұрғындарына Сарықамыс пен Ақкөл ауылдарының шаруа қожалықтары шабындық жер бөлді. Қырдағы ауыл жұрты да арқаны кеңге салмай, етек-жеңін жиып, табиғаттың бергенін ұқсатуда,- дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі бастығының орынбасары Өтен Токуров.
     Қалай дегенмен, шөп шығымы биыл бұрынғыдан әлдеқайда аз. Мысалы, былтыр қырдан гектарына 5 центнерден шөп шабылса, биыл 3-3,5 центнерден келеді. Әйтсе де, шөп шабу науқанына қызу кіріскен халық сырт жақтан шөп сатып алмауға тырысып-ақ жатыр. Ал Атығай, Құдайкөл сияқты бірен-саран ауылдар шаруа қожалықтарынан артылатын шөптен үмітті.
      Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұхамед Нұғмановтың айтуынша, облыс бойынша биыл шаруалар қырдан шөпті гектарына 3,6 центнерден, көлтабанды шабындықтардан 17 центнерден алуда. Сонымен қатар, шөптің былтырдан қалған қоры да құрғақшылық ұялатқан күдікті сейілтеді. Облыс көлемінде 619 мың 600 тонна шөп алу жоспарланса, бүгінгі күні соның 169 мың тоннасы (27 пайыз) әзірленді. Қорыта айтқанда, аймақта шөпке мұқтаждық болады деуге себеп жоқ.
      Екібастұз аймағында егін шаруашылығын өркендетіп жүрген қожалықтар бар. Қарасудағы «Болат», «Тілек» шаруа қожалықтары мен Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылға қарасты «Бисембей», «Бұламбаев», «Тахтаров» шаруа қожалықтарының егіні биыл да бітік шықты. Былтыр елімізде астық аста-төк шығып, ақ түйенің қарны бір жарылғанына қуанғанымызбен, шаруалар өнімдерін қымбат бағаға өткізе алмай дал болған. Бидайдың биылғы бағасы әзірге жұмбақ, алайда өткен жылғыға қарағанда жоғарырақ болады деген тұспал бар. Олай деуімізге еліміздің астықты аймақтарына құрғақшылықтың тигізген салқыны себеп болып отыр.
      Негізінен бидай мен арпа өсіретін шаруашылықтарымызда биыл бағып-қағуы оңайға түспейтін күнбағыс та мол егілді. Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылға қарасты «Бұламбаев», «Тахтаров» шаруа қожалықтары осы көктемде күнбағыс өсірушілер қатарына қосылды. Былтыр өңірде күнбағыс 650 гектарды құраса, биыл 880 гектарға жетті. Өнім бағасы көңілге қонымды әрі мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі де қомақтырақ. Мәселен, былтыр бидай тоннасы орташа есеппен 9-11 мың теңгеден сатылса, күнбағыстың әр тоннасы 33 мың теңгеге бағаланды. Ал мемлекеттен бөлінген субсидия күнбағыстың әр гектарына 2282 теңгеден келсе, бидайға – 350 теңге.


Жанаргүл ҚАДЫРОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31