Биыл Ертіс ауданы бойынша 205 мың гектардан астам алқаптың егіні орылмақ. Оның 157 мың 900 гектар жеріне дәнді дақылдар егілген. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы қыс айларының суықтығынан әрі қар қабатының жұқа болуына байланысты «Ертіс ТШ» ЖШС-нің 393 гектар қарабидай егістігінен өнім өспей қалды.
Ауданның ауылшаруашылық бөлімі жиналатын дәнді дақылдар алқабының 112 мың 100 га немесе 70 пайызы тікелей, 45 мың 800 гектары бөлектеп жиналатынын атады. Осыдан-ақ жиналатын өнімнің былтырғыдай ағыл-тегіл болмайтынын көруге болады. Әзірше ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары егіннің орташа түсімін гектарына 6,4 центнерден жобалап отыр.
Жоспар бойынша биылғы ораққа 702 астық комбайны, 302 тонналық автокөлік және 2039 адам жұмылдырылған. Егін орағына деп бөлінген 4 мың 335 тонна дизельдік жағармайдың 610 тоннасы ауданға тасылып алынды. Егін орағының жақындағанына қарамастан, мал азығын дайындау жұмыстары қарқынын жоғалтқан жоқ. Қажет деген 50 мың тонна шөптің 21 мың 518 тоннасы дайындалды. Бұл жоспардың 43 пайызын құрап отыр. Ертіс өзенінің жиегіндегі тоғай шабындығында 5401 га шөп шабылып, 10 441 тонна шөп дайындалды. Шөптің өнімділігі 1 гектарға шаққанда 19,2 центнерден айналуда.
С.МӘНЕНҰЛЫ, Ертіс ауданы.

