АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАҒАН БАСҚОСУ

 

саналуан мәселе қозғады

      Аймақтың ауыл жастары Қашыр ауданында екі күн бойы ортақ мәселелерін ортаға салды. Пікірлесіп, тәжірибе алмасты. Салауатты өмір салтын насихаттап, ән мен күйден шашу шашты. Бірнеше спорт түрлері бойынша жолдастық кездесулер өткізді. Бұл игі шаралар биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Павлодар облысы ауыл жастарының слеті» аясында жүзеге асты. Аймақтың қалалары мен аудандарынан жетпіске жуық белсенді жастар ауылдағы замандастарының айтарларын арқалап, бұйымтайларын бүкпей жеткізді. Аталмыш берері мол басқосуды жергілікті билік өкілдері және «Қазақстанның ауыл жастары одағының» Павлодар облыстық қорпоративтік қорының ұйымдастыруымен өтті. Слет жұмысына облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысты. Сондай-ақ Қашыр ауданының әкімі Болат Бақауов, өзге де жауапты орган өкілдері атсалысты.

       СЛЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ
      Слеттің алғашқы күні таңнан бастап аймақтың әр жерінен ағылған жастарды қашырлықтар жылы қарсы алды. Олардың әрбір сәттері мәнді де сәнді өтуі үшін жан-жақты жағдай қарастырылып, арнайы бағдарлама жасалыпты. Жастар алдымен өткен жылы ғана бой көтеріп, білім көкжиегіне қосылған Қ.Оспанова атындағы №3 қазақ мектебіне ат басын тіреді. Заманауи үлгіде салынған білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысты. Қашанда үлкенге құрмет көрсете білетін жастар қауымы бұдан кейін аудан орталығы Тереңкөлде күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, айналасы адам танымастай абаттанған Ұлы Отан соғысы жылы қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тарихқа тағзым етті. Ауыл жастарының керуені ауданның беткеұстар елдімекендерінің бірі Львовка ауылына қарай бағыт алды. Мұнда олар ауылдың спорттық-сауықтыру кешенін, мектепті аралады. Айта кету керек, спорттық кешенді жергілікті кәсіпкер А.Вильгельм ауылдастарына тарту еткен. Болашақ ұрпақ үшін жасалған осындай жомарттыққа жастар қауымы таң қалыса қарады. Дәл осы ғимаратта волейболдан өткен жолдастық кездесулер слетті одан сайын қыздыра түсті. Алдымен арулар сынға түсті. Слеттің қатысушылары арасынан жасақталған құрама команда мен Львовка ауылының волейболшы арулары шеберліктерін ортаға салды. Львовкалық қыздар спортқа барынша ден қойғандарын аңғартып, үш айналымды да жеңіспен аяқтады. Ерлер арасындағы кездесуде де алаң иелері басымдылық танытты. Бұл ауылда спортқа ерекше көңіл бөлінетіні аңғарылды. Спортты өмірлік серік еткен арулардың бірі 11 сынып оқушысы А.Вагнер ауылдас ел ағасы А.Вильгельмнің жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасағанына дән риза. Олар аптасына үш рет жаттығып, шеберліктерін шыңдайды.
      Жастар отырған автобус кеш бата аудан орталығына бет алды. Қатысушылар Тереңкөл ауылының көрікті жерлерін аралау мүмкіндігіне ие болды. Солардың ішінде орталық жағажай көптің көңілінен шықты. Олай болуы да тиіс. Себебі мұнда ауылдықтардың серуендеп, ерке Ертіс көркіне сүйсінуге жағдай жасалған. Спорттың волейбол, шағын футбол түрлері бойынша алаңдар да қарастырылған. Міне, осында шағын футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Басымдылық тағы да қашырлықтар еншісінде болды. Жастар «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының ғимаратын да айналып өткен жоқ.
       Алғашқы күннің соңғы аялдамасы Тереңкөлдегі мейрамхана болды. Мұнда ақ дастарқан басына жиналған жастар кезек-кезегімен үй тапсырмаларын ортаға салды. Әрбір делегат өз қалалары мен аудандарын таныстырды. Бірі ән айтса, бірі би биледі. Енді бірі қара өлеңнің күшімен таныстырса, тағы бірі сахналық көріністерімен көрерменін сүйсіндірді. Осылайша басқосудың алғашқы күні көңілді кешпен түйінделді.

      ТӨРТ СЕКЦИЯДА ТҮРЛІ ТАҚЫРЫП ТҮГЕНДЕЛДІ
     Слеттің келесі күні маңызды мәселелерді ортаға салып, түйінін бірге шешуге, тәжірибе алмасып, ұсыныс-тілектерін білдіруге бағытталды. Алдымен жастар төрт секция бойынша кәсіби мамандардан кеңес алды. Ұйымдастырушылар секциялық тақырыптарды таңдауда шеберлік танытқандары көрінді. Мәселен, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Д.Закарьяновтың «Діни экстремизмге және деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-қимыл» атты тақырыпта өткізген дәрісі көпке ой салды. Себебі мұнда жастардың теріс пиғылды ағымдар мен секталардан сақтанудың жолдары, олардың басты белгілері, дұрысы мен бұрысын ажырату тетіктері кеңінен сөз етілді. Баяндамашы ағымдар арбауына ілесіп кетудің басты себептерінің бірі дін жөнінде сауаттың төмендігі дегенді алға тартты. Арнайы бейнекөріністер көрсетіліп, жастарға ақыл-кеңес берілді. Дәл осы мәселелердің мәнісіне терең үңілген Шарбақты ауданының өкілі Татьяна Хамзиева дәрістен ерекше әсер алып, секталар мен діни ағымдар жөнінде көп дүниенің байыбына барғанын бүгіп қалмады. «Қазақстанның ауыл жастары одағының» Павлодар облыстық қорпоративтік қорының төрағасы Серік Жартыбаев «Ауылдық өңірлерде үкіметтік емес ұйымдарды дамыту» тақырыбындағы тренинг те жастарды баурап алды. Қатысушылар бұл секцияда ауылдық жастардың ортақ мәселелерін талқылады. Олар күнделікті жұмыстарында бірқатар кедергілерге тап болатындарын жасырмады. Негізгілері – ауыл жастарының қандай да бір еске енжарлық, селқостық танытулары, қаржыландыру ісінің осалдығы, кәсіби мамандар жетіспеушілігі, іс-шаралар өткізуге лайықты ғимараттардың болмауы және тағы басқа. Тақырыптарды ұзақ талқылаған жастар, олардың шешімін табу үшін бірлестіктер, яғни үкіметтік емес ұйымдар белсенділік танытуы тиіс деген тоқтамға келді. С.Гладешеваның қайырымды болуға шақыратын «Тимур отрядтарынан - волонтерлік істерге» деген тақырыппен өткізген дәрісі де ауыл жастарына үлгі болғаны анық. Ал А.Вервекиннің жүргізген «Әлеуметтік театр» жобасы жастар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Мұнда қатысушылар замандастары арасындағы өзекті мәселелерді көрініспен келекелеп, соңын ұтымды оймен түйіндеу арқылы шешу жолдарын көрсетті.

       СЛЕТТІҢ ЕҢ САЛМАҚТЫ СӘТІ
    Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың төрағалығымен «Азаматтық қоғамды құруға жастардың қатысуы» атты тақырыпта өткен мәжіліс слеттің ең салмақты сәті деуге болады. Себебі дәл осы алқалы жиында ауыл жастары көкейлерінде жүрген сауалдарын жергілікті билік өкілдеріне тікелей қою мүмкіндігіне ие болды.
       Аймақтың ауыл жастарының екінші слетін Қашыр ауданында өткізу тегіннен тегін таңдалмаған. Аталмыш ауданда жастар саясаты дұрыс жолға қойылып, оларға барынша қолдау көрсету назарға алынған. Мұны Әлия Қайратқызы да атап өтті. Атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімі Болат Бақауовтың баяндамасынан кеңінен хабардар болдық. Елбасы жастарға үлкен үміт артады, сондықтан оларға қолғабыс жасау – аға буынның міндеті дейді, ол. Игі бастамалар да жоқ емес. Мәселен, биыл «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы жауапты хатшысы лауазымы енгізіліпті. Айта кету керек, мұндай жағдай өзге аудандардың бірінде де жоқ. Ауданда жас мамандарды қолдау бойынша әлеуметтік шаралар қарастырылған. Көтермеақы мен тұрғын үймен қамту мәселесі шешілуде. Жас мамандарға арналған коммуналдық пәтерлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үрдісі дәстүрге айналған. Соңғы үш жылда жас мамандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан 33 пәтер берілді. Биыл тағы да алты пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұқаралық спорт пен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, жас спортшыларды тәрбиелеуге баса мән беріледі. Ағымдағы жылы әрбір ауылдық округте жазғы алаңдар толығымен қалпына келтіріліпті. Бұл орайда жергілікті жеке кәсіпкерлердің спортқа көңіл бөліп жатқанын аудан әкімі бөле-жара атады. Жоғарыда аталған А.Вильгельмнің игі ісі Береговой ауылында да көрініс тапқан. Мұнда Жақыповтар отбасы ауылдастарына «Қайсар» спорт кешенін сыйға тартқан. 3 мыңнан астам қашырлықтар спортпен айналысады. Олардың 80 пайызын жастар құрайтыны қуантады. Көп ұзамай Тереңкөл ауылында жастардың бос уақытын өткізетін орталық ашылады. Үстіміздегі жылы қаңтар айынан бастап барлық ауылдық округтерде жастар мәселесі жөніндегі мамандар іске кірісті. Міне, осы іс-шаралар өзге ауданнан келген слет қатысушыларына өнеге болары анық.
       Ауыл жастарының жоғын жоқтап, олардың мәселелерін шешуге ықпал етуді міндетке алған Серік Жартыбаев мәжілісте барлық ауылдық аймақтарда жастар қоғамдық бірлестіктерін құру қажет деп мәлімдеді. Өзгелерге Павлодар ауданының «Тәлімгер» қоғамдық бірлестігі белсенділерінің жұмысын мысалға келтірді. Ол сондай-ақ ауыл жастарына «жасотандықтар» әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді. Енді қалалық бірлестіктердің көшбасшылары ауылдық елдімекендерге жиі шығып, арнайы семинар тренингтер өткізуге баса көңіл бөлсе деген тілегін білдірді. Қуантарлығы, Көкшетауда өткен республикалық ауыл жастарының слетында павлодарлық ауыл жастарының жұмысы еліміз бойынша ең үздік деп танылған. Бұл жергілікті жастардың белсенділігін көрсетсе керек. Дегенмен, түйінді мәселелер де жоқ емес. Жас көшбасшылар әлі де болса жұмыспен қамту, құқықтық сауаттылық бойынша ауыл жастары арасында жұмыс атқарулары тиіс. Мәжіліс барысында жастар ұсыныс-тілектерін еркін ортаға салды. Жастар кәсіпкерлігін дамыту арқылы жұмыссыздықты ауыздықтау, ұтымды жобалар жәрмеңкелерін жасау сынды тілектер айтылды. С.Жартыбаев облыс, аудандардың кадрлар резервіне ауылдық елдімекендерде үш жылдан астам қызмет еткен жастарға міндетті 30 пайыздық квота қарастырылса деген ниет танытты. Ал железинкалық делегат өкілі А.Жаңабаев «Бизнес картасы - 2020» бағдарламасы негізінде жас кәсіпкерлерге жекелеген жеңілдіктер жасауды қарастыру керектігін алға тартты. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымова бағдарлама республикалық болғандықтан оған өзгерістер енгізу, жас-кәрі деп бөлу мүмкін емес дегенді кесіп айтты. Ол алдағы уақытта аймақта бизнес көзін тауып, оны дамыту бойынша кеңес, кәсіби бағыт беретін «Ресурстық орталық» ашылатынын жеткізді. Осы мекеме жас кәсіпкерлерге де қызмет көрсететін болады, деді. Май ауданының өкілі С.Хабидолда әркім икем-қабілетіне қарай туған, білім алған жеріне еңбек еткен дұрыс деген ойда. Сонымен қатар жастар еңбек жолдарын ауылдан бастаса, үлкен өмір белесінен өтеді, болашағының іргетасы берік қаланады деп сеніммен жеткізді. Ол үшін Үкімет барлық жағдай жасап жатқанын мойындауымыз қажет, деді замандастарына.
      Жастар Қашыр ауданында «Жас Отан» жастар қанатына енгізілген жауапты атқарушы хатшының лауазымын өзге де аудандарда қолға алу мүмкіндіктерін білу мақсатында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Нұркинаға сауал тастады. Партия өкілі бұл мәселені барлық қалалар мен аудандардың әкімдері деңгейінде қарастырылатынын уәде етті. Ауыл жастары жауапты органдарға бірлестіктер жұмысының тиімді болуы үшін әлеуметтік тапсырысты тұрақты түрде енгізуге қолғабыс жасалса деген ұсыныстарын білдірді. Әлия Қайратқызы бүгінде жұмыс істеп жатқан бірлестіктердің хал-ахуалы, қажетті қаражат көлемі, бүгінге дейін бөлінген қаржының игерілу барысы терең зерделеніп, бір шешім шығарылатынына сендірді. Успенка жастарының айтарын арқалаған Б.Рахметова ауылдарда мәдени-сауық мәселесі кенже қалғанын алға тартты. Сондықтан арнайы орталықтар ашылса, дейді. Мәжіліс төрағасы жастардың бос уақыттарын ауылдық клубтарда өткізуге болатынын, соңғы кездері барлық мәдени ошақтар қалпына келтіріліп, жаңалары да салынып жатқанын жеткізді. Демек, осы ғимараттарды пайдаланып, жастардың ойын-сауық шараларын өздері-ақ дөңгелетіп әкетуіне болады.
       Мирас Жұмашев ауылшаруашылығы мамандығы бойынша білім алып, дипломмен ауылға келген. Алайда ол әлеуметтік саланың жас мамандарындай көтермеақы ала алмайтынын айтып, қынжылады. Өйткені бұл мамандықтарға Үкімет тарапынан мұндай жағдай қарастырылмаған. Әлия Ғалымова бұл мәселені біржақты ету жолында Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық деңгейде жұмыс жасап жатқанын, алдағы уақытта оң шешімін табатынын мәлімдеді. Ауылға ағылатын жастар үшін тағы бір жағымды жаңалық, биылдан бастап пайыздық мөлшерлемесі төмен несиелер берілмек. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан аймағымызға 217 миллион теңге бөлінген. Бұл дегеніңіз, ауылға аттанған 245 жас маман баспаналы болады. Несие 0,01 пайызбен 15 жылға беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, БҰҰ биыл 12 тамыздан бастап келесі жылдың осы күніне дейін бір жыл аралықты жастар жылы деп жариялаған көрінеді.
       - Жасампаз іске құлшынған жастарды көріп қуанып қалдым. Талай асыл азаматтар ауылдан шыққаны белгілі. Еліміз бүгінде ауыл шаруашылығы кешеніне көп көңіл бөліп жатыр. Демек, жастардың күші ауылға керек-ақ. Ауыл жастарының слетін өткізу жөнінде ұсыныс түскенде бірден қабылдадық. Өйткені елімізде тұрғындардың 29 пайызын жастар құраса, оның 48 пайызы – ауылдық жастар. Сондықтан ауыл жастарына көңіл бөлу - болашаққа еңбек етумен тең. Жағдай да жасалып жатыр. Ауылға аттанатын жас мамандарға 70 АЕК мөлшерінде көтермеақы беріліп, тұрғын үймен қамту қолға алынған, - деді облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова.
        Мәжілісте облыста ауыл жастарының мәселелерін шешуде белсенділік танытып, үлгі болып жүрген бірқатар жастарға облыс әкімінің алғыс хаты жолданды. Мұндай құрметке Қашыр аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Ә.Айтмағамбетова, Сарышығанақ ауылы мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ә.Хайруллин және Шарбақты аудандық мектеп-гимназиясының бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ж.Қожанов ие болды. Ал «Қазақстанның ауыл жастары одағының» Павлодар облыстық корпоративтік қорының төрағасы С.Жартыбаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Барша қатысушылар ұйымдастырушыларға, қонақжай қашырлықтарға алғыстарын білдірді. Келесі жылы кездесу Шарбақты ауданында өткізілетін болды. Себебі аталмыш ауданда да жастар ісі мықтап қолға алынған көрінеді. Слетті түйіндеген ауыл жастары замандастарына үндеу жолдады. Слет соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

      Саяуыш СӘДАУАҚАС,
      Ақтоғай аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің бас маманы:
- Слет өте әсерлі болды. Ұйымдастыруында мін жоқ. Қашыр ауданының тыныс-тіршілігімен таныстық, үлгі аларлық тұстар баршылық. Тәжірибе алмастық. Береке-бірлікке шақыратын, салауатты өмір салтын насихаттайтын мұндай шаралар өте қажет. Тек мемлекеттік тілге біраз көбірек көңіл бөлінсе деп ойлаймын. Әрине, өткен жылдармен салыстырғанда бұл бағытта ілгерілеушіліктің барын жоққа шығаруға болмас.

     Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,
    Ақсу қаласы, Сарышығанақ ауылдық мәдениет үйінің өнер бөлімінің маманы:
- Ауылдың жалынды жастарының басын біріктіріп, ойларын ортаға салу – игі бастама. Алдымен облыс басшылығына алғыс айтқанымыз жөн болар. Себебі даналарымыз «балам дейтін халқың болмаса, халқым дейтін балаң қайдан болмақ» деген екен. Енді «балам» деп басымызды қосып жатқанда, біз де қол қусырып отырмай, белсенділік танытуымыз қажет. Слет жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп айта аламын. Тәжірибе алмастық. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, үлкен мінберлерде сөз алатын азаматтар бүгінде ауылда жүр деп толық сеніммен айтуға болады. Өз басым, Железинка ауылының өз ұлт өкілдері өздерін мемлекеттік тілде таныстырғанда, қатты қуанып қалдым. Меніңше, ауыл жастарына жай ғана би кештерін ұйымдастыратын клубтар емес, үйірмеге толы мәдени ошақтарын көптеп ашу керек. Мысалы, икеміне қарай әркімді үйірмелерге бейімдеу кейін олардың екі қолға бір күрек тауып, жұмыссыздықты жоюға септігі тиеді деп ойлаймын.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ ІІ СЛЕТІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ

ҮНДЕУІ

      Біздер, Павлодар облысы ауыл жастарының ІІ слетіне қатысушылар, өз тағдырын ауылмен және агро-өнеркәсіптік кешенмен байланыстырған Қазақстанның жас ұрпақ өкілдері, Павлодар облысының ауыл жастарына арнап, осы Үндеуді қабылдап отырмыз!
      Қазақстан Республикасы 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарды орындауға кірісті. Халықаралық дең-гейде де үлкен табыстарға қол жеткізіп жатырмыз. Биылғы жылдың желтоқсан айында астанада ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің Саммиті өтеді.
      Бүгін жастар әлеуметтік прогрестің катализаторы деп аталатын, қоғамның қарқынды дамып келе жатқан бір тобы болып табылады. Айта кеткен жөн, соңғы жылдары мемле-кетіміз жастар мәселелеріне баса назар аударып келеді.
      Біз, Павлодар облысы жастарының лидерлері, бір мақсат жолында бірігіп, мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбіш-ұлы Назарбаевтың үндеуіне үн қосуға, “Жас Отан” Жастар қанатының “Дипломмен ауылға!” жобасына белсенді қатысуға шақырамыз!
      Қалаларда тұрып жұмыс істейтін мамандарды, сондай-ақ әлеуметтік сала мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарын, колледждерді аяқтаушы түлектерді ауылда жұмыс күтіп тұр. Ауылдағы еңбек адамды шынықтырады, адамгершілік қадір-қасиетті қалыптастырады және жоғары кәсіптік шеберлікті шыңдайды, азаматтық парызды терең түсінуге бастайды.
      Жастардың атынан ауылдық аудандардың басшылары және уәкілетті қызметтер жас мамандарға жан-жақты қамқорлық көрсетіп, жұмыс істеулеріне жағдай жасауларын сұраймыз.
     Павлодар облысының ауыл жастары Қазақстанда жастар саясатының дамуына өзінің сүбелі үлесін қосатынына сенімдіміз. Біздің басты міндеттеріміз: ауыл жастарының әлеуметтік, шығармашылық, білім алу және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау; патриотизм, азаматтық қоғам, ғылыми-техникалық және әлеуметтік прогресс идеялары бойынша бірігуге ықпал жасау; ауыл аумақтарын дамыту, ауылды, оның рухани және мәдени мұраларын, ауыл тұрмысының дәстүрлерін жаңғырту шараларын жүзеге асыру.
      Ауылда тұратын және өз тағдырын ауыл шаруашылығымен байланыстыруды шешкен әр жас өзіне және ертеңгі күніне сенуі үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру өте маңызды деп санаймыз.
      Жастардың белсенділігі және мемлекеттік органдардың жаппай қолдау көрсетуі нәтижесінде ауыл өз дамуында үлкен серпіліс жасап, еліміздің берекесін арттыра беретініне сенеміз!

Павлодар облысы, Тереңкөл ауылы
2010 жылдың 19 тамызы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31