Жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оны дамыту мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, кәсіпорындарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл» атты аудандық байқау өтті.
Сайысқа баға берген қазылар алқасына аудандық білім беру бөлімінің бас маманы, педагогика ғылымдарының кандидаты М.Құнанбаева төрағалық етті. Ал қазылар алқасы мүшелерінің қатарында аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Т.Андасов, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Ботабаев болды. Байқау ресми құжаттарды орыс тілінен мемлекеттік тілге аудару, өз саласы бойынша ресми хат дайындау, «жаңа терминдер әлемі» талаптары бойынша өткізілді. Сайысқа Қаратерек, Қазан, Ақжар селолық округтері әкімдері аппаратының жетекші мамандары Күлянда Мусина, Меруерт Қасыбаева, Алма Қасенова, аудандық қазынашылық басқармасының орынбасары Бекболат Тасболатов, аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Қалкен Құрмашев, аудандық ішкі істер бөлімі, уақытша ұстау изоляторының кезекшісі, полиция сержанты Сымбат Байжумин, аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы Өміржан Зілкенов, аудан әкімінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Ботакөз Смағұлова қатысты. Сайыскерлер өз кәсіби біліктілігі мен тәжірибелерін таныта білді. Дегенмен, жарыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар анықталатыны белгілі. Қазылар алқасының төрайымы М.Құнанбаева сайыстың қорытындысын жариялады. 1 – орынға Б.Тасболатов, II - орынға Ө.Зілкенов, III – орынға Қ.Құрмашев ие болды. «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Ботабаев және аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Т.Андасов жеңімпаздарды мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапаттады, ал қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өнер мектебінің ұстазы Ж.Ботахановқа «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл» атты аудандық байқауда шығармашылық шеберлік танытқаны үшін алғыс хат берді.
А.ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ.

