Ақтоғай ауданы әкімнің орынбасары Б.Ысқақованың төрағалығымен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиын барысында алты мәселе қаралды. Разумов селолық округінің әкімі А.Нұрмахамбетов «Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық профилактикасы және балалар қадағалаусыздығы мен қараусыздығының алдын алу туралы» Заңының округ аумағында жүзеге асырылуы туралы баяндады. Жұмыс қанағаттанарлық деп бағаланды. Келесі өзекті мәселе - Ақтоғай ауылының кәмелеттік жасқа толмаған екі қыз бала Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжінің кітапхана ісі факультетінде білім алады. Алайда, қыздар сабақты жиі босатып, қатыспайды. Сабақ уақытында қайда болатындары да белгісіз. Колледж ұстаздарын осы мәселе алаңдатқандықтан, олар оны отырыс барысында талқылады. Нәтижесінде студенттерді мектепке немесе №26 кәсіптік лицейге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ақтоғай ауданы ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі тобының аға инспекторы Б.Жақанов түнгі уақытта алкаголь және темекі өнімдерін сататын сауда нүктелеріне жүргізілген рейд қорытындысы жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, Абай атындағы орта мектеп түлегі мен №26 кәсіптік лицей студенті жасаған екі қылмысты оқиға туралы ұйғарымдар шығарылды. Екі жағдайда да жеке меншік адамның мүлкі қолды болған. Кәмелетке толмаған айыпталушылар ІІБ КТТ есебіне тіркеледі, ал олардың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Отырыс соңында аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары О.Кунакова білім бөлімінде мүгедек балалардың құқығын қорғау жөнінде жүргізіліп жатқан істер жайлы хабардар етті.
Б.БАШИКОВА.

