Жақында Успен ауданына қарасты Белоусов ауылының құрылғанына 100 жыл толды. Атаулы мерейтойды ауыл тұрғындары думандата тойлады. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары С.Жанғазинов қатысып, белоусовтықтарды мерекемен құттықтады. Оған аудан орталығынан арнайы шақырылған қонақтар да барды.
Ауылдың мәдениет үйінің алдында сахна жасалып, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Көрермендер әсем ән-күймен сусындап, талантты жастардың өнеріне тәнті болды. Алаңға ақ шаңқай киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Ауылдың бозбалалары мен бойжеткендері алтыбақан аясында тербелсе, ақ жаулықты әжелер от жағып, ошақ асып, қуанышқа жиналған қауымға ас әзірледі.
Мерейтой қарсаңында қызықты ойындар мен жарыстар да өтіп, салтанат сәнін асыра түсті.
Ғасыр тойын тойлап, көңілдері шат болған тұрғындар үшін бұл мереке ерекше мазмұнға толы болды.
Н.АҚЫТЕГІ.

