Әзіл-оспақ

ӨМІР ҺӘМ КӨҢІЛ

 

Асыл ӘБІШЕВ

 

«Иномарка»

Алыстан аңсап жеткен сайын сағыныштан көзіне жас ала жүріп, құрт-майын, айран-шайын алдыға тосып бәйек болатын шешей жетпіс жастың бел ортасына таяп қалды. Біздің әулеттің кіші күйеу баласы Екібастұзда тұрады. Мезгіл сайын қосағын, яғни біздің қызды ертіп алып, «Ауди» көлігімен ауылға келіп-кетіп жүреді. Кезекті рет келгенде шешей күйеу баласынан:

  • Еркежан, сенің мәшинең қандай өзі? - деп сұрапты.
  • «Ауди» мәшинесі, - дейді күйеу бала. Сонда шешей таңырқаған кейіпте:
  • Е-е-е, мен ендеше «Иномарка» екен деп жүрсем, - депті...

 

Төрт мәшине

Биылғы жазда көптен көріспеген достарыммен қауыштым. Кездеспегелі арада біраз уақыт өтіп кеткен. Әркімнің жеке өмірлерінде өзгерістер көп. Әрнені айтысып, әңгіменің «түбін түсірдік». Кездесу үстіндегі әңгіме барысында достарымның бірі:

  • Асеке, жұртқа танымал ететін салада жұмыс істейсің. Беделің мен абыройын бар шығар. Соған қарағанда тұрмысың да жаман емес болар. Осы күні ер жігіттің қанаты - темір тұлпар ғой. Қандай көлік мініп жүрсің? - деп қалды.
  • Иә, өзгерістер бәрімізде де көп. Көлік туралы сұрасаң, бізде бір емес, төрт бірдей мәшинеміз бар, - дедім мен. Достарым бұл жауабыма таңырқасып, «о-о-о!» десіп жатыр. Мен жауабымды одан әрі жалғай түсіп, былай дедім:
  • Төрт мәшиненің тек біреуі ғана өзімнің атымда. Қалғандары келіншегімнің атына жазылған, соның иелігінде.
  • Енді, өзіңе ең мықтысың алған шығарсың... Бүгін осында соны мініп келдің бе? – деп, көп достың бірі «көру керек еді» дегендей ыңғай тантты.
  • Күн ыстық, қапырық. Көлік жүргізу қалжыратады. Сондықтан осы жолы сапарға автобуспен келдік. Білуге ынтық болсаңдар айтайын: мен қарапайымдылықты қалаймын ғой, сондықтан өзімнің иелігіме су жаңа «Жигулиді», былайша айтқанда, «шестерканы» алғанмын, - дедім айыл жимай.
  • Керемет көліктердің бәрін әйеліңе өткізіп қойдым десеңші?!
  • Әйелімнің атындағы көліктерді де айтайын: білгілерің келсе, оның иелігінде «кір мәшине», «сүт мәшине» және «іс мәшине» бар, - дедім саусақтарымды бүгіп. Достарымның ауыздары аңқиды да қалды...

 

Суреттеу

«Қағаздан жасаған кеме құсап...» Бұл – аға журналист Бақыт Баймұратұлының той-томалақтарда кәде сыйға тарту етілуден түспей келе жатқан кәдімгі қазақы шапанның бас киімін суреттегені.

 

Маладес – мал емес

Бір жылы Екібастұз қаласына сапарлап барып, Шахтер күні мерекесіне арналған шараларды тамашаладық. Дүбірлі той өтіп жатқан алаңда біраз адам шүйіркелесіп қалдық. Ортамыздаға адамдардың көбі - өнер иелері. Қайда жүрсе де қазақтың қалжыңы қатар тұрады емес пе... Екібастұздық әнші Жәнібек Мәліков маған тесіле қарап:

  • Бауырым, бағанадан бері байқап тұрсам, басыңның жартысы құлақ екен ғой, - деп іліп түсті. Қапелімде мен де қарап қалмай:
  • Аға, атам қазақта: «Адам құлақтан семіреді» деген сөз бар емес пе. Бастың жартысы құлақ болса - бақытым, өйткені санаға көп нәрсені сіңіріп, рухани жағынан семіру үшін құлағы үлкендердің өзгеге қарағанда мүмкіндігі екі есе мол екен. Бірақ семіру - қарынмен емес, дарынмен. Әйтпесе, Шаханов айтқандай, «Қарын алға кеткен сайын, дарын артқа кетіп» қалуы мүмкін, - деп астарлы әзіл тастадым.
  • Бәрекелді! Дарының болса, аянып қалма, - деп жатыр ағамыз. Мен домбыраны қолға алып, «әу» деп аңыратып бердім...
  • Міне, жігіт! Өзің нағыз маладес екенсің ғой! – деп арқадан қаққан ағама:
  • Маладес дедің, маладес,

Маладес деген – мал емес.

Маладеспен алдайтын

Асыл деген – бала емес!– деп шумақтатып жібердім.

Әзіліміз жарасқан біздер дүбірлі тойдан толысып қайттық.

 

 

«Айналайын...» немесе құбылу

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңде, оңтайландыру мен тоқыраудың тұсында халық біраз ауыртпалықты, күйзеліс пен тығырықты шақтарды бастан өткерді. Ел ішінде ертеңгі жарқын күндерге сеніп, үмітін үзбегендер де болды, сондай-ақ «ендігі тірлігімізде түк те мән қалған жоқ, Қазақстаннның болашағы бұлдыр» дегендер де көптеп кездесті. Соңғы түсінікке иек артқан қамал алар қырықтың қырқасына шыққан бір ағамыз бірде:

- Қайран, Совет үкіметі-ай! Сен нағыз «айналайын» болған екенсің ғой... «Тәуелсіздік» деп ұлардай шулап, іргені сөгіп, алып елден ауылды аулақ салудың не керегі бар еді? Осы ма еді сондағы тапқан нәпақамыз. Тып-тыныш, барлық пен молшылықта, момақан болып жүрген дәруеніміз енді қайтып келмейді-ау. Кеңестік кезеңнен асқан тірлік енді болмайды. Әй, бәрін бүлдірдік қой өзіміз, - деген «бықсыған бәйітін» айтып қалды.

...«Көппен көрген ұлы той» деп, жігерді жанып, намысты қайрап, ұлттығының, еркіндігінің қайнары қолға тиіп, халық өткінші қиыншылыққа қарамай, мәре-сәре болып жатқан кезде «шүкіршілік» дегеннің орнына әлгіндей «қара түнекті» төндірген дәл сол ағамыздың он жыл өткен соң былай деп «гөйітіп» отырғанын өз құлағыммен естідім:

- Иттің баласы Совет өкіметінің бізге көрсетпеген құқайы, қорлығы жоқ... Қой бағудан басқа қолдарынан түк те келмейді деп, жетпіс жыл бойы бізді малдың соңына салпаңдадып, тілімізді тұсаулап, дінімізді құрсаулап, өз жерімізден тентіретіп жіберуге шақ қалды емес пе. Айналайын еліміз егемендігін алмағанда түбі ұлт болудан қалып, құрып-бітуші едік қой...

Өзгені білмеймін, осыдан кейін менің ойыма «Өз елін жамандағанның өмірде ешқандай еншісі жоқ» деген қағида орала берді...

 

Қарны ашпай ма өзі...

Радионың қызметі дамып, уақыт өте келе алыстағы елдімекендерге дейін тораптар орнатылып, күнделікті радиохабарлар беріле бастаған жылдары жұртшылық жаңашылдыққа бірден үйренісіп кете қоймаған екен.

Әкемнің әңгімелеуінше, радио нүктесі шалғай ауылдағы біздің үйге де орнатылады. Хабарлар таңертеңнен қара кешке дейін үздіксіз беріліп, дикторлар дауысы алма-кезек күн ұзын саңқ-саңқ етіп жатады. Әдеттегідей, күндіз үйде балалар мен қариялар қалады да, қалғандары жұмысқа аттанады. Үйдегі радио тұрақты іске қосылулы. Бірде кешкілік жұмыстағылардың бәрі үйге келіп, алқа-қотан асқа отырғанда, біздің әжеміз қолымен қабырғадағы саңқылдап тұрған радио жақты нұсқап:

- Құдай-ау, осы бейшараның қарны ашпай ма, үй-күйі, жұмысы жоқ па өзі... Күні бойы бір тынбай қақсайды да жатады, қақсайды да жатады. Сірә, жаратылысы бөлек, жаны сірі жан болған-ау, күн ұзын қақсағаннан бір шаршамайды ғой бәтшағар...-депті.

 

Соғымға бата

Қоңыр күздің соңына таман Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты ауылға аяқ арттық. Осында етене араласатын Еркебай деген досымыз тұрады. Біз кіргенде, үйде досымыздың сексен жастың бел ортасынан асқан әкесі де көрші ауданның орталығынан ұлының шаңырағына келіп, аунап-қунап қонақ боп жатыр екен. Ол кісінің табан астында тауып айтқыш, сөзге шешен, бірбеткей екенін ұзынқұлақтан еститінбіз.

- Әкейге тағы бір он-он бес күн бола тұр, сол кезде семіртіп жатқан соғымның бабы да әбден келісіп, қасаптан кейін жылқы етінен қазан көтереміз десек, көнетін емес, - дейді досымыз әңгіме үстінде.

- Жоға, онсыз да келгеніме он күннен асып барады. «Ердің жақсысы қос табар» деген емес пе, кері қайтатын уақыт жетті. Амандық болса, Алла бұйыртса, соғымыңды сояр кезде тағы келерміз. Ертең жолға шығамын, - деп ақсақал кесімді сөзін айтты.

- Әке, онда біраз күндерден соң сойылар сол соғымға батаңызды беріп кетсеңізші, - деді ұлы да қосарланып.

Әкесі таңырқаған кейіпке еніп:

- О заманда, бұ заман, сойылар соғымға жиырма күн бұрын бата бергенді кімнен естіп, қайдан көріп едің?! Сен де шығарасың-ау, балам... - деп бір тоқтады.

- Несі бар, о заманда болмаса, бұ заманда жасайық. Оның үстіне достарымыз да сәті түсіп келіп қалды. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, құтты қонақ барда бата сұраған айып емес шығар, - деп Еркебай да тықылдап қояр емес.

Ақсақалдың бір ойлағаны болды-ау, шамалы сәттен соң:

- Жарайды, қоймадың ғой түге! Жүр бата қажет болса,- деп сыртқа беттеді.

Соғымға семіртіп жатқан жылқы арнайы қорады екен. Жылқының тұрған жері мүлде тазыртылмаған, астындағы көңі таудай болып үйілген, малдың үстіне қалың қатпар болып жабысып та қалыпты.

- Мынауың жөн болмапты, - деді әкесі жағдайды көріп тұрып.

- Соғым малының астын тазаламайды деп көпшілік айтып жүреді емес пе. Халық айтса, бекер болмас...- деп баласы да ақталып әлек.

- Мейлі, білгенің болсын. Жай қолдарыңды.

Қария батасын бастап:

- Мыналар мұның атын – соғым дейді,

Осы күй - малға жайлы орын дейді.

Бұйыртса бұл соғымның өзін жейді,

Бұйырмай қалса егер боғын жейді! Әумин! – деп бетін сипап, дереу үйге бет бұрды...

 

Бүгінгі сатира

 

Сайлау БАЙБОСЫН

      Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.  ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, республикалық мүшәйралардың жүлдегері. 

 

     Партия бөліс

     Біздің жырақта жатқан «Жыраққалған» ауылындағы саяси жағдай кейінгі кезде керемет ушығып тұр. Бәрін басынан бастап баяндайын.

     Қайсыбір күні Мықтыгүл екеуіміз (біздің үйдегі кісі) азанғы шайымызды алдымызға енді ала бергенде, ауыл әкімі Әңгірбайдың көмекшісі ақ шұнақ қыз алып-ұшып кірді. Жұмысы тым асығыс болса керек, бір яағы босағаның ар жағында:

-Сәләтсіз..., срочно акиматқа..., партиядан кісілер келеді, - деді алқынып.

     «Партиясы несі, кісісі несі?» деп Мықтыгүл екеуміз аң-таң болып отырғанда, есікті тарс ұрып шығып кеткен әлгі қыз қайта кіріп, біздерге бастан-аяқ бір қарап алып, көңілі толмаған кейіппен: «Киініп келіңіздер», - деді. Біздің Мықтыгүлден сөз қалған ба, дереу «ответный» берді: «Жоқ, шешініп барамыз!». Бәйбішемнің мінезін білетін хабаршы қыз абырой таппасын білді ме, «как хотите» деп иығын бір қиқаң еткізіп, есікті бұрынғыдан да қаттырақ серпіп кете барды.

     «Әкімат шақырады» деген соң, бас екеу емес, Мықтыгүл екеуміз «барымызды киіп, байлауышымызды салып» дегендей, ентігіп жеттік. Біраз адамның басы құралып қалған екен. Алдыңғы қатарда осы ауылдағы орыс тілінің бірден-бір жетік маманы саналатын орта мектептің директоры Тырақбай отыр екен. Жеті айлығында шала туған бұл немені қол-аяғы тырбиған арық болған соң, әкесі Әусекең марқұм Тырақбай атапты. Бірақ, өзін танымайтын ортада «Турок-бей» деп таныстырып жүреді. Бұл жазғанның қай жерде оқып, қалай диплом алғанын сайтаным білсін, әйтеуір орысшасы өзім деңгейлес. Өткен жылы аттестациялық комиссияның төрағасына «Газель» деген сөзді қателесіп «козел» деп айтып, қызметінен шығып қала жаздаған. Айтпақшы, тағы бір қызығы бар. Биыл облыстан тексеріс келеді деп, мектеп абыр-сабыр болды. Ауыл мектебінен «ши шықса», аудан үшін оңай шаруа емес. Келетін тексерушінің көңілін табу керек. Аудандық оқу бөлімінің әдіскері, шалақазақтау жігіт Тырақбайға телефон шалады: «Едет комиссия из области, два мужика, «телки нужны». «Телка» дегені «современный» тілмен айтсақ – қыз-келіншек дегені ғой. Яғни, «тексерушінің көңілін көтеретін қыз-келіншек тауып қой» дегені. Мұны Тырекең өзінше, «комиссияға сиыр керек екен» деп түсініп, ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жинап, бір шу болған.

     Тырекеңмен иықтас, осы ауылдағы білікті саясаткер болып саналатын Көсу ағамыз жайғасыпты. Шәпкісінің бір құлағы салбырап, әдетінше ара-тұра қалғып кетіп отыр. Көсекеңнің сонау кеңес заманынан бері «түртіп жіберетін», яғни домалақ арызды ермек ететін әдеті бар. «Екі совхоз директорын, үш зоотехникті соттатқан» деген «құрметті атақ» бұл төңіректе осы кісіде ғана. Көсекеңнің: «Қарағым, менің қаламыма ілігіп кетіп жүрме!» деген «қанатты сөзі» біздің ауылдың тарихнамасында мәңгіге қалатын шығар.

     Көсекеңмен қатар басына қарқарадай ақ кимешек салып, алтын зерлі қамзол киген Балдыбике апамыз орналасыпты. Бұл кісінің салтанатты бейнесі біздің сұрғылттау топқа жараспай-ақ тұр. Кезінде бұл апамыз талай азаматты «аһ» ұрғызып, талай атқамінердің «нақсүйері» ретінде «Валька красавица» атанып, Қырым мен Қара теңіздің қызығын көрген адам. Кейінгі жылдары ауыл әйелдерінің айтуынша «тоқтап», емшілік жолға түскен. Қазір осы төңіректегі басы ауырып, балтыры сыздағандар «Емші апаның» (ел солай атайды) алдынан өтеді. Тіпті, ауылда дәрігердің жоғын да елемейміз. Алда-жалда кәсібін сұрай қалған адам болса, апамыз осы мені шынымен білмей ме дегендей мүсіркей қарап, өте маңызды түрде: «Қалқам, мен кісі қараймын!» - дейді. «Адам емдеймін» дегеннен гөрі «кісі қараймын» деген сөздің керемет «эффектный» естілетінін сонда білдім. Жуырда үйдегі жалғыз ешкіні беріп, осы кісінің «от всех болезней» (Мықтыгүлдің айтуы) деген ішірткісін ішіп, отбасымызбен ішіміз өтіп, есіміздің кеткені бар. Ішіміздің қатты бұзылғаны сонша, бұрынғы ауруларымызды таза ұмытып кетіппіз. Міне, емшіліктің «құдіреті» қайда!

     Жарайды, бірді айтып, бірге кетпейін. Бұл үшеуінен кейін ауылдың өзім деңгейлес «простой смертныйлары» орын теуіпті. Әлгіндей болмай бүйңрдегі есіктен ауыл әкімі Әңгірбай келді. Соңында шашын тақырдың аз-ақ алдында қылып қидырған, қайқы бел қарагер келіншек пен көзілдірігі өзінен үлкен, үйткен сирақ секілді тапал қара бар. «Партияның адамдары» осылар болса керек деп топшыладық. Меймандарды президиум есебіндегі сынақ үстелдің жиегіне қонақтатқан әкім мырза тамағын бір кенеп, қолындағы сиырдың тіліндей қағазына қарап алып: «Тауаршы, сигодна...» деп бастай бергенде, қарагер келіншек: «да, уж, говорите на государственном» деп кіржің ете қалды. Сөзін бастамай жатып, ескерту алған әкіміміз сәл-пәл абдырап, екі танауын кезек шұқып (сасқандағы әдеті): «Жолдастар!» деп жалғап келе жатыр еді, сөзге қалғып отырған Көсеу ағамыз килікті.

-Әй, слушай, қарағым, осы сендер «жолдастарды» қашан қоясыңдар? Қай заманда, қай қоғамда өмір сүріп отырмыз, ә?

-Енді... ескі әдет қой, - деп берекесіз ыржиып, төбесін қасыған Әңгірбайдың берекесі біржола кетті. Соғымға шақырған жерде табандаған бір сағат «тост» айтып, елді ығыр қылатын қасқаны бұл жолы қара басты.

-Сонымен құрметті... нелер, тойыс кімдер, бүгін біздің ауылға партиядан нелер кеп, бізді нетпекші, кешіріңіздер, біз партияны не қылсақ деген оймен нетіп отырмыз...

Қарагер келіншектің шыдамы бұдан әрі жетпеді білем: «Ладно, я сама представлюсь» - деп орнынан тұрды.

Негізі, партияны ақшалы адамдар құрады деуші еді, рас болар. «Партия келіншектің» үстіндегі көйлегінің бағасы біздің ауылдың «жылдық бюджетінен» әлдеқайда артықтау сияқты көрінді.

-Во-первых хочу сказать са-ла-мат-сын-ыздар ма?!

Бұл шіркіннің қазақшасы тым жұтаң екен, қол басындай сөмкесінен бір жапырақ қағазын алды (қазақша мәтіні болса керек).

-Біздің партиямыздың названиесі «Отбасы и очаг касы». Очаг – это домашний уют, тепло. Сокращенно айтсақ: «ОБОК». Да, кішкене нелеу... но главное не название, а дело, как говориться... Кешіріңіздер, мен кішкене орысша нетіп... біз многодетныйларға көп қараймыз. Кстати, бұл жерде многодетный мамалар бар ма?

     Халық әрі-бері қозғалақтап, күбірлесіп, бәрінің назары біздің Мықтыгүлге ауды. Жасыратыны жоқ, Мықташ екеуміз (Мықтыгүлді айтам) кейінгі бірнеше жылда, социализм тілімен айтсақ, «жоспарды асыра орындап», бала санын алтауға жеткізіп тастағанбыз. Әңгірбай ымдап «тұр» деген соң, сүйретіліп Мықтыгүл орнынан тұрды.

-Вот, вы какая, неше баланыз бар?

-Алты баласы бар, - деді Әңгірбай елден бұрын әңгірлеп, дәл бір өзі туғызғандай.

-Алты бала?! Какая прелесть! – Қарагер келіншектің таза есі кетті. Бұл ауылға партияның жұмысымен емес, әдейі Мықтыгүлді көруге келген адам сияқты. – Вот вы обязательно біздің партияға кірілуініз (кіруіңіз дегені) керек.

     Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, жиналыс Мықтыгүл бастаған он шақты әйелдің (бәрінің 5-6-дан баласы бар) «ОБОҚ» партиясына кіруімен аяқталды. Жиын соңында қарагер келіншек Балдыбике апамызға қарап: «Апа, теперь нам дайте бата!» деп қолын жайып еді, манадан бері назардан тыс қалып, терісіне сыймай отырған апамыз: «Шырағым, менің батам екінің біріне беріле салатын «привет» емес, бата іздеген адам үйге келеді!» деді нығыздап. Жиын соңында «ОБОҚ» партиясының біздің ауылдағы штабы құрылып, Мықтыгүл оның төрайымы болып бекітілді.

     Осыдан соң-ақ әртүрлі партия өкілдерінің біздің ауылға сапары жиіледі. Келесі келген партияның атауы «Ағыл-тегіл» екен. «Мақсатымыз, - деді өкіл болып келген кертпеш танау, қозы қарын жігіт, - баяғы ит май жемейтін ағыл-тегіл заманды қайта орнату, осы өңірді төрт түлік малға толтыру. Аманшылық болса ауыздарыңыз аққа, ауларыңыз атқа тиеді!». Халық мәз: «Шіркін-ай, ел үшін туған азамат екен, тіл-көзден аулақ болсын!». Кқөсеу ағамыз бастаған он шақты адам осы партияға кірді.

     Келесі партияның ныспысы «Ожау-инвест» деді. Құлаққа тосындау естілген соң барып едік, өкілі сөйлеп тұр екен.

     «Біз «ожау» деп елді «образно» алып отырмыз. Мақсатымыз осыған инвестиция тарту. Құдай қаласа, өңірлеріңізді түрлендіріп, өмірлеріңізді гүлдендірмекпіз». Сөз білетін жігіт екен. Ара-тұра осы төңіректе жасап өткен белгілі-белгілі адамдардың атын атап, «сол кісілердің аруақтарын разы етелік» деді дауысы дірілдеп. «Қайтсін-ай, ел баласы ғой!» деп екі-үш кемпір көзіне жас алды. Бұл партияға менің Дымқыл, Шипай секілді құрдастарым бастаған бір топ адам мүше болды.

    Бұдан кейін... бұдан кейін шынын айтсақ, партиялар мен қозғалыстардың санынан жаңылып қалдық. Ер мен әйелдің арасын... і-і-і... не қылатын, ит пен мысықтың құқығын қорғайтын, шет елге апарып жұмысқа орналастыратын (жасы 18 бен 20-ның арасындағы бойжеткендерді), шенеунік біткеннің «халық жауы» екенін дәлелдеп беретін, алдағы он шақты жылда ауылдағы азып-тозған ағайынды басқа планетаға көшіретін, әйтеуір не керек, толып жатыр...

      Соңғы келген партияның атауы «Қаламұш» екен. Сөз алған жігіт: «Біз негізінен творческий адамдарға қолдау жасаймыз, араларыңызда ондай кісілер бар шығар» деді. Әңгірбай дереу мені көрсетті. Анау жылы «Атыңнан айналайын «Жыраққалған», бұл күнде быт-шыт болып құлап қалған» деп басталатын туған ауылыма арнаған екі-үш шумақ өлеңім аудандық газетке басылып, содан бері ел ішінде «ақын атанып жүргем.

-Так-так, - деді партия жігіт, - значит, ақынсыз? Кітабыңыз шыққан шығар?

-Жоқ енді шығады, - деп Әңгірбай менен бұрын әдетінше бір өтірігін қыстырып жіберді.

-Хорошо, шықпаса көмектесеміз, сіз тек жазыңыз. Ел ішіндегі таланттарға көмек жасау – біздің міндетіміз.

     «Жақсы сөз жан семіртеді» деген рас қой, дәл Мұқағалидай болмасам да, өзімді әжептәуір қаламгер сезініп қалдым. «Қаламұшқа» мен және Тырақбай бастаған біраз ауыл интеллигенттері мүше боп кірдік.

     Бір қызығы, талай заманнан бері «шәй» деспей, қолдағысын бөліп жеп отырған ағайынның ортасына осы партия келгелі жік түсті.

     Өткенде Кәкпірдің үйіндегі «омыртқада» елдегі саяси ахуал талқыға салынып, соңы жанжалға ұласып, «ағыл-тегілдің» жігіттері «Ожау-инвестің» мүшелерін ептеп «нетіп» жіберсе керек. Оған біздің Мықтыгүл бастаған «ОБОҚ»-тың өкілдері саяси наразылық білдіріп, Шілікбайдың үйіндегі шілдехана баспасөз мәслихатын өткізіпті.

    Алдағы жексенбіде ауылдағы ең «крутой» саналатын шаруашылық басшысы Арсызбайдың үйінде той. Сегізіншіде оқитын боқмұрыны аудандық олимпиадаға қатысып, сегізінші орын алып кепті. «Барлық не дегізбейді?» дегендей, малын қайда шашарын білмей отырған Арсызбай «бәрібір жуам» депті. Ол жерде де саяси мәселе әңгіме болуы мүмкін. Сондықтан, жағдайдың алдын алып дегендей, «Қаламұштың» жігіттері мен «Смерч»  (смерть чиновникам) партиясының лидерлері біздің үйде бас қосып, бір «самопалды» бөліп ішіп, саяси блок құрдық. Кім біледі, ертеңгі күн не боларын. Саясатта бәрі мүмкін ғой!

 

     Депутатымыз келе жатыр

     Ауыл бүгін абыр-сабыр. Депутатымыз келе жатыр дейді. Қай депутаты несі? Неше депутатымыз бар еді?! Өзіміздің ан-а-ау жылы сайлап алған жалғыз депутатымыз ше, сол келмекші екен. Қандай қуаныш десеңізші! Кезінде ел болып бір ауыздан дауыс беріп, содан осы кісі (і-і-і, атын ұмытыппыз) парламентке өтті деп естігенбіз.

     Өзі де бір ұяты бар, саналы азамат екен. Қайсыбір депутаттар секілді апта сайын ауылға шапқылап, жағдайымызды сұрап, мазаны алған жоқ. Сайланып алған соң, қарасын батырған. Шынын айтсақ, төрт-бес жыл көрмегесін аты түгілі, түрін де ұмытып қалыппыз. Бірақ, не десек те өз депутатымыз ғой, келгенде қара басып танымай қалмайық деп абыржып-ақ тұрмыз.

    Енді сол депутатымыз бүгін келмекші дейді. Азамат екен әйтеуір, ұмытпапты. «Келем, күтсін!» депті. Екінші мерзімге дауысқа түспекші екен. Несі бар, көмектесеміз, береміз даусымызды, азаматтан аяймыз ба?!

    Бүгін ауылдағы бас көтеріп, қыбырлауға жарайтынымыз түгел аудан жақтан келетін айдау жолға қарап телміруліміз. Қандай болды екен бес жылдың ішінде, өзгеріп кеткен шығар? – дейміз әскерден баламыз келетіндей қобалжып.

    Бірақ бізде бір ыңғайсыз жағдай болып тұрғаны. Ол кісі депутат болып сайланғанда ауылымызда самаладай жарқыраған электр жарығы болушы еді. Қазір жоқ. Анау бір жылы аудан жақ «арыздарың көбейіп кетті» деп, жарығымызды біржола өшіріп тастаған. Сол-ақ екен, ауылдағы «кәсіпкерлер» электр сымының желісін тегіс ағытып алып, тапсырып жіберді. Енді депутатқа не бетімізді айтамыз, білмеймін!

     Осы депутатымыз дауысқа түсіп жүргенде, елдің іргесі де бүтін еді. Күнкөріс қиын деген «сылтаумен» қазір тең жарымынан көбі қаңғып кеткен. Енді қарасаңыз, қаптап тұрған құлаған қора мен есік-терезесі үңірейген иесіз үйлер. Тіпті депутатқа көрсетуге ұят-ақ!

    Ойбай-ау, бәрінен бұрын аудан мен екі арадағы жолды айтсаңшы. Мәшине тұрмақ, жяау адам сүрініп құлайды. Осындай жолмен жүргесін, депутатымыздың ана жүзіктің көзінен өткендей шетелдік көлігі не болмақ?! Тіпті айтуға ыңғайсыз!

    Құдай-ау деймін, ана жылы осы кісі сайланарда ауылдағы орта мектептің бүлдіршіндері болашақ депутатымызды ортаға алып, суретке түсіп еді-ау? Қырсыққанда сол мектебіміз де жабылып қалды. Ауылдағы он-он бес бала көрші ауылға жаяу қатынап оқиды.

    Қазір айтсам нанбайсыз, сол кезде бізде телефон байланысы да бар еді. Депутатымыздың келер-келмесін ылғи «звандап» біліп отыратынбыз. Қазір ғой, екі көзіміз төрт болып, жолға қарап тұрғанымыз. Ойпырым-ай, ол кісі келгесін: «Телефондарыңыз қайда, ауданмен хабарласа қояйын» десе не дейміз? Масқара болдық қой!

     Сонымен депутатымыз келе жатыр дейді. Ауылдың түрі мынау: не бетімізді айтамыз, білмеймін. Просто, неудобно болып тұр!

 

    Көнетін заман

   Телефон шыр етті. Облыстық газеттегі таныс жігіт екен: «Сәке, бүгін кезекші едім, бірінші бетке егін орағы туралы бір-екі ауыз ақпар қажет болып тұр. Біреулерден біл де, маған хабарлай қойшы» - деді.

     Дереу аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына телефон шалдым. Ұлты әлде орыс, әлде жөйіт, онымен аса таныстығым да жоқ. Әйтеуір, мұрны қып-қызыл боп жүретінін білемін.

     «Да!» деді трубканы көтерген соң менмендеу дауыспен. Жағдайды айтып едім: «Мен қазақ газеттеріне ешқандай мәлімет бермеймін!» деп тарс еткізіп қоя салды.

    Алда, атаңның аузын! Ашумен аядай кабинетті алты айналып шықтым. Бірақ «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтың» кебі. Облысқа телефон соқтым: солай да солай...

     Сол қызылмұрынның қызметі қазір бұрынғыдан да жоғарылаған. Енді хабарласар болсам, ол маған «даннай» бермек тұрсын, ата-бабамнан бері қопарып боқтауы да мүмкін. Не істейміз, көнеміз... Көнетін заман болып тұр ғой... әзірше...

 


Яндекс.Метрика

«Жас times»

14 Ақпан 2012, 18.30
ЖОЛДАУ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ.
«Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс».   ҚР Президентінің биылғы...

«Тұлға»

02 Ақпан 2012, 18.30
  ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова   Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29