ӨМІР ҺӘМ КӨҢІЛ

 

Асыл ӘБІШЕВ

 

«Иномарка»

Алыстан аңсап жеткен сайын сағыныштан көзіне жас ала жүріп, құрт-майын, айран-шайын алдыға тосып бәйек болатын шешей жетпіс жастың бел ортасына таяп қалды. Біздің әулеттің кіші күйеу баласы Екібастұзда тұрады. Мезгіл сайын қосағын, яғни біздің қызды ертіп алып, «Ауди» көлігімен ауылға келіп-кетіп жүреді. Кезекті рет келгенде шешей күйеу баласынан:

  • Еркежан, сенің мәшинең қандай өзі? - деп сұрапты.
  • «Ауди» мәшинесі, - дейді күйеу бала. Сонда шешей таңырқаған кейіпте:
  • Е-е-е, мен ендеше «Иномарка» екен деп жүрсем, - депті...

 

Төрт мәшине

Биылғы жазда көптен көріспеген достарыммен қауыштым. Кездеспегелі арада біраз уақыт өтіп кеткен. Әркімнің жеке өмірлерінде өзгерістер көп. Әрнені айтысып, әңгіменің «түбін түсірдік». Кездесу үстіндегі әңгіме барысында достарымның бірі:

  • Асеке, жұртқа танымал ететін салада жұмыс істейсің. Беделің мен абыройын бар шығар. Соған қарағанда тұрмысың да жаман емес болар. Осы күні ер жігіттің қанаты - темір тұлпар ғой. Қандай көлік мініп жүрсің? - деп қалды.
  • Иә, өзгерістер бәрімізде де көп. Көлік туралы сұрасаң, бізде бір емес, төрт бірдей мәшинеміз бар, - дедім мен. Достарым бұл жауабыма таңырқасып, «о-о-о!» десіп жатыр. Мен жауабымды одан әрі жалғай түсіп, былай дедім:
  • Төрт мәшиненің тек біреуі ғана өзімнің атымда. Қалғандары келіншегімнің атына жазылған, соның иелігінде.
  • Енді, өзіңе ең мықтысың алған шығарсың... Бүгін осында соны мініп келдің бе? – деп, көп достың бірі «көру керек еді» дегендей ыңғай тантты.
  • Күн ыстық, қапырық. Көлік жүргізу қалжыратады. Сондықтан осы жолы сапарға автобуспен келдік. Білуге ынтық болсаңдар айтайын: мен қарапайымдылықты қалаймын ғой, сондықтан өзімнің иелігіме су жаңа «Жигулиді», былайша айтқанда, «шестерканы» алғанмын, - дедім айыл жимай.
  • Керемет көліктердің бәрін әйеліңе өткізіп қойдым десеңші?!
  • Әйелімнің атындағы көліктерді де айтайын: білгілерің келсе, оның иелігінде «кір мәшине», «сүт мәшине» және «іс мәшине» бар, - дедім саусақтарымды бүгіп. Достарымның ауыздары аңқиды да қалды...

 

Суреттеу

«Қағаздан жасаған кеме құсап...» Бұл – аға журналист Бақыт Баймұратұлының той-томалақтарда кәде сыйға тарту етілуден түспей келе жатқан кәдімгі қазақы шапанның бас киімін суреттегені.

 

Маладес – мал емес

Бір жылы Екібастұз қаласына сапарлап барып, Шахтер күні мерекесіне арналған шараларды тамашаладық. Дүбірлі той өтіп жатқан алаңда біраз адам шүйіркелесіп қалдық. Ортамыздаға адамдардың көбі - өнер иелері. Қайда жүрсе де қазақтың қалжыңы қатар тұрады емес пе... Екібастұздық әнші Жәнібек Мәліков маған тесіле қарап:

  • Бауырым, бағанадан бері байқап тұрсам, басыңның жартысы құлақ екен ғой, - деп іліп түсті. Қапелімде мен де қарап қалмай:
  • Аға, атам қазақта: «Адам құлақтан семіреді» деген сөз бар емес пе. Бастың жартысы құлақ болса - бақытым, өйткені санаға көп нәрсені сіңіріп, рухани жағынан семіру үшін құлағы үлкендердің өзгеге қарағанда мүмкіндігі екі есе мол екен. Бірақ семіру - қарынмен емес, дарынмен. Әйтпесе, Шаханов айтқандай, «Қарын алға кеткен сайын, дарын артқа кетіп» қалуы мүмкін, - деп астарлы әзіл тастадым.
  • Бәрекелді! Дарының болса, аянып қалма, - деп жатыр ағамыз. Мен домбыраны қолға алып, «әу» деп аңыратып бердім...
  • Міне, жігіт! Өзің нағыз маладес екенсің ғой! – деп арқадан қаққан ағама:
  • Маладес дедің, маладес,

Маладес деген – мал емес.

Маладеспен алдайтын

Асыл деген – бала емес!– деп шумақтатып жібердім.

Әзіліміз жарасқан біздер дүбірлі тойдан толысып қайттық.

 

 

«Айналайын...» немесе құбылу

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңде, оңтайландыру мен тоқыраудың тұсында халық біраз ауыртпалықты, күйзеліс пен тығырықты шақтарды бастан өткерді. Ел ішінде ертеңгі жарқын күндерге сеніп, үмітін үзбегендер де болды, сондай-ақ «ендігі тірлігімізде түк те мән қалған жоқ, Қазақстаннның болашағы бұлдыр» дегендер де көптеп кездесті. Соңғы түсінікке иек артқан қамал алар қырықтың қырқасына шыққан бір ағамыз бірде:

- Қайран, Совет үкіметі-ай! Сен нағыз «айналайын» болған екенсің ғой... «Тәуелсіздік» деп ұлардай шулап, іргені сөгіп, алып елден ауылды аулақ салудың не керегі бар еді? Осы ма еді сондағы тапқан нәпақамыз. Тып-тыныш, барлық пен молшылықта, момақан болып жүрген дәруеніміз енді қайтып келмейді-ау. Кеңестік кезеңнен асқан тірлік енді болмайды. Әй, бәрін бүлдірдік қой өзіміз, - деген «бықсыған бәйітін» айтып қалды.

...«Көппен көрген ұлы той» деп, жігерді жанып, намысты қайрап, ұлттығының, еркіндігінің қайнары қолға тиіп, халық өткінші қиыншылыққа қарамай, мәре-сәре болып жатқан кезде «шүкіршілік» дегеннің орнына әлгіндей «қара түнекті» төндірген дәл сол ағамыздың он жыл өткен соң былай деп «гөйітіп» отырғанын өз құлағыммен естідім:

- Иттің баласы Совет өкіметінің бізге көрсетпеген құқайы, қорлығы жоқ... Қой бағудан басқа қолдарынан түк те келмейді деп, жетпіс жыл бойы бізді малдың соңына салпаңдадып, тілімізді тұсаулап, дінімізді құрсаулап, өз жерімізден тентіретіп жіберуге шақ қалды емес пе. Айналайын еліміз егемендігін алмағанда түбі ұлт болудан қалып, құрып-бітуші едік қой...

Өзгені білмеймін, осыдан кейін менің ойыма «Өз елін жамандағанның өмірде ешқандай еншісі жоқ» деген қағида орала берді...

 

Қарны ашпай ма өзі...

Радионың қызметі дамып, уақыт өте келе алыстағы елдімекендерге дейін тораптар орнатылып, күнделікті радиохабарлар беріле бастаған жылдары жұртшылық жаңашылдыққа бірден үйренісіп кете қоймаған екен.

Әкемнің әңгімелеуінше, радио нүктесі шалғай ауылдағы біздің үйге де орнатылады. Хабарлар таңертеңнен қара кешке дейін үздіксіз беріліп, дикторлар дауысы алма-кезек күн ұзын саңқ-саңқ етіп жатады. Әдеттегідей, күндіз үйде балалар мен қариялар қалады да, қалғандары жұмысқа аттанады. Үйдегі радио тұрақты іске қосылулы. Бірде кешкілік жұмыстағылардың бәрі үйге келіп, алқа-қотан асқа отырғанда, біздің әжеміз қолымен қабырғадағы саңқылдап тұрған радио жақты нұсқап:

- Құдай-ау, осы бейшараның қарны ашпай ма, үй-күйі, жұмысы жоқ па өзі... Күні бойы бір тынбай қақсайды да жатады, қақсайды да жатады. Сірә, жаратылысы бөлек, жаны сірі жан болған-ау, күн ұзын қақсағаннан бір шаршамайды ғой бәтшағар...-депті.

 

Соғымға бата

Қоңыр күздің соңына таман Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты ауылға аяқ арттық. Осында етене араласатын Еркебай деген досымыз тұрады. Біз кіргенде, үйде досымыздың сексен жастың бел ортасынан асқан әкесі де көрші ауданның орталығынан ұлының шаңырағына келіп, аунап-қунап қонақ боп жатыр екен. Ол кісінің табан астында тауып айтқыш, сөзге шешен, бірбеткей екенін ұзынқұлақтан еститінбіз.

- Әкейге тағы бір он-он бес күн бола тұр, сол кезде семіртіп жатқан соғымның бабы да әбден келісіп, қасаптан кейін жылқы етінен қазан көтереміз десек, көнетін емес, - дейді досымыз әңгіме үстінде.

- Жоға, онсыз да келгеніме он күннен асып барады. «Ердің жақсысы қос табар» деген емес пе, кері қайтатын уақыт жетті. Амандық болса, Алла бұйыртса, соғымыңды сояр кезде тағы келерміз. Ертең жолға шығамын, - деп ақсақал кесімді сөзін айтты.

- Әке, онда біраз күндерден соң сойылар сол соғымға батаңызды беріп кетсеңізші, - деді ұлы да қосарланып.

Әкесі таңырқаған кейіпке еніп:

- О заманда, бұ заман, сойылар соғымға жиырма күн бұрын бата бергенді кімнен естіп, қайдан көріп едің?! Сен де шығарасың-ау, балам... - деп бір тоқтады.

- Несі бар, о заманда болмаса, бұ заманда жасайық. Оның үстіне достарымыз да сәті түсіп келіп қалды. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, құтты қонақ барда бата сұраған айып емес шығар, - деп Еркебай да тықылдап қояр емес.

Ақсақалдың бір ойлағаны болды-ау, шамалы сәттен соң:

- Жарайды, қоймадың ғой түге! Жүр бата қажет болса,- деп сыртқа беттеді.

Соғымға семіртіп жатқан жылқы арнайы қорады екен. Жылқының тұрған жері мүлде тазыртылмаған, астындағы көңі таудай болып үйілген, малдың үстіне қалың қатпар болып жабысып та қалыпты.

- Мынауың жөн болмапты, - деді әкесі жағдайды көріп тұрып.

- Соғым малының астын тазаламайды деп көпшілік айтып жүреді емес пе. Халық айтса, бекер болмас...- деп баласы да ақталып әлек.

- Мейлі, білгенің болсын. Жай қолдарыңды.

Қария батасын бастап:

- Мыналар мұның атын – соғым дейді,

Осы күй - малға жайлы орын дейді.

Бұйыртса бұл соғымның өзін жейді,

Бұйырмай қалса егер боғын жейді! Әумин! – деп бетін сипап, дереу үйге бет бұрды...

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30 31