JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

БІЗ «САМОПАЛ» АҚСАҚАЛМЫЗ...
Қазіргі таңда осыдан он бес-жиырма жыл бұрынғы ақсақалдарды аңсайтын болдық. Ақыл айтса, үйіріп әкететін аталардың әсерлі әңгімесі кім-кімді болмасын тәнті ететін. Ал қазір ауылдық жерлерде кешқұрым жиналып, кішілерге тәлімді, тәрбиелі ақыл-кеңес айтатын аталар жоқтың қасы. Бұл сөзіме ешкім реніш білдіре қоймас деп ойлаймын.
Бет қызартар берекесіздіктер орын алса, бар кінәні заманға тірейтін болдық. Ақсақалдардың ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарауы да заманға байланысты емес шығар, сірә. Бауырлас татар халқын алайықшы. Оларда әлі күнге дейін салт-дәстүрдің ұмытылмай қаз-қалпында сақталғаны былай тұрсын, ақсақалдарға деген құрмет ерекше. Кішілері оларды айрықша құрмет тұтады. Үлкендері де ұсақ-түйек әңгімеге әуестенбейді. Өзінің ақсақалдық жөнін біледі. Жүрген, тұрған жерінде әдет-ғұрыпты сақтап, көрегендік танытады. Мен татарларды қолпаштап, мақтап отырғаным жоқ. Қайта ел ақсақалдары шөпті де, шөңгені де сөз етпесе екен деген ниет қой. Аталарымыз ақсақалдық міндетін сезініп, қонақта кәмпит жетпей қалғанды емес, жас ұрпаққа тиер пайдасы зор дүниені сөз еткені жөн ғой.
Жалпы, аңғарғаным, кейбір аға буын өкілдері жастардың бастамаларынан мін іздеп, аяқтан шалғысы келетіндей сыңай танытады. Бірақ, ақыл айтудың жөні бұл емес қой?! Жастар айшықты іске себепші болса, яки дұрыс бағытты таңдап, биіктерді бағындырса қуану керек. Үлкендерден «Заман азып барады», «жастарымыз жалқау», «қолдарынан түк келмейді», «ертеде біз былай жасағанбыз» деген сөздерді жиі естиміз. Осы сарындағы әңгімелер жастардың жігерін жасытатынын білмейді-ау олар. Сәл қателік кетсе, «Өй, адам болмайсың» деп дүрсе қоя береді. Бұл да замандастарымыздың көңіліне кірбің ұялатады емес пе?! «Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дейтіні» қайда, кәне?!
«Ақсақал алақанына салып өсірмеген бала өресіз болады, ел ағасының алдын көрмеген негізсіз болады». Ал мұндай тәрбиесі ұланына сүтпен берілмеген ел жалтақ боп өседі, құлдықтың қамытын киюге арланбайды...». Қазақтың біртуар ұлы, Алаш атын асқақтатқан спортшы Мұстафа Өзтүрік осылай депті бір сұхбатында. Ол ел ағаларына көңілі тола бермейтінін айтқан. «Ежелден ел ұстанған абыздық, ақсақалдық қасиетті бүгінгі кез келген басшыларға жалбақтау, жоғарыдан келгендердің атын байлап, көрпесін қағып, төрге соларды шығарумен, бастысы – солардың аузына қараумен алмастырып алғанбыз ба деп қалдым», - дейді намысты ұл.
Бүгінде ақсақалдардың талайын көріп жүрміз. Біреулер мансап, байлық қуады. Енді біреулер «жұртта шаруам жоқ, өзім аман-есен болсам екен» дейді. Пысықай ақсақалдарымыз өздері жайлы монография жазып әлек. Тағы біразы «Біз «самопал» ақсақалмыз» деп өз-өздеріне баға да береді. Жеткен жеріміз осы ма сонда?..


Пікірлер
Кейде өмірдің ағы мен қарасын ажырата алмай қалатын заманда, АҚЫЛ АЙТҚЫШТАРДЫҢ тым көп екені айқын. Кімнің сөзіне ерерінді білмей, дал болатынымыз рас... Несін жасырайын, осындай жағдайды өз басымнан да өткердім. "Ақылды" құрбыларымның сөзін тыңдап, тіпті, сүйіктімнен бас тартқым келген кез де болды... Бірақ, дер кезінде ақылға салып, тоқтам жасадым! Әйткенмен бұл маған қатты сабақ болды! Көпшілікке айтпағым, жүрегіңіз бен ақылыңызды, анаңызды тыңдаңыз! Олар Сізді ешқашан қателікке бой ургызбайды!
RSS лента .