Нұржайна ШОДЫР:
Қазақы қалжыңнан қасиет қашты ма?
Мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, «Мәдениет қайраткері» атағын алған бір ағамыз сөз арасында қазіргі қазақы қалжыңның сұйылып бара жатқанына қатты қынжылатынын айтқан еді. Оның бұл пікірі мені де толғандырды. Ойлап отырсам, шынымен де бүгінде қазақы қалжыңнан айырылып бара жатқан сияқтымыз. Мұндайды тек ескілікті әңгімелерден естіп, көпті көрген зиялы қауымның қарым-қатынасынан ғана байқайтын болдық.
Иә, бұрынғы кездегідей қалжыңдары жарасқан жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, құрбы мен құрдас ілуде біреу десе де болады. Сонымен қатар, қазіргі әзіл-шоулардың да бағыт-бағдары өзгеріп, мазмұны төмендеп кетті. Олай дейтінім, кейбір әзіл-қалжың театрларына немесе қазақша КТК-ға (КВН) барсаңыз, қарныңыз ашады. Мән-мағынасы жоқ арзан көріністерден көзің талып, «иттің арты тырқ» десе де езу тартатын күлегештердің дарақы күлкісінен құлағың ауырады. Тіпті, кейбіреулердің сондай жерге билет сатып алып, барғанына өкініп жататындарын да талай көргеніміз бар.
Әрине, біреуді күлдіре білу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол - нағыз талант, үлкен өнер. Бірақ, «мен сатирикпін немесе әртіспін» деп кеудесін соғып жүрген кейбір сахна саңлақтары осыны мойындағысы келмейтін сияқты. Әйтеуір, ел-жұртты күлдіргеннің жөні осы деп, сылдыр сөз бен дарақы күлкіге көп жол беріліп жататыны өкінішті. Ол аз болғандай, кейбір әртіссымақтар «мәдениетсіз қалжыңымен» халықты қарық қылғанына мәз болып жүр. Ал мәдениет мекемелерін рухани азық ордасы деп санайтын жұрт осыдан кейін одан қандай тәлім-тәрбие алмақ?!
Жалпы, қазіргі қалжың туралы айта берсек, сан түрлі ой-пікірлер туындайтыны сөзсіз.
Атам қазақтың ежелден оралымды ойын көркем тілімен кестелеп, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп отырғанын тарих беттерінен жақсы білеміз. Соған сай, халқымыздың әзілі де зілді, қалжыңы мақтамен бауыздарлықтай өткір, жарасымды болған. Қазір сол кездегі қою қалжың сұйылып, дәмін жоғалтып бара жатқаны алаңдатады. Осындай дәмсіз-нәрсіз әзіл-қалжыңға әбден үйреніп алған көпшілік те жоқтан өзгеге жырқылдап күле беруді әдетке айналдырып алды.
Сөйтіп, бүгінде үш арсыздың бірі – арзан күлкіге ақылымызды билетіп, ұсақталып бара жатқандаймыз. Неге мұндай күйге түстік? Әлде, қазіргі қазақы қалжыңнан қасиет қашты ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?



Пікірлер
Блуднице шейх сказал: Ты что ни день-пьяна,
и что ни час, то в сеть другим завлечена,
Ему на то: "Ты прав, но ты-то сам таков ли, каким всем кажешься?" - ответила она.
*******
Человек, словно в зерколе мир - многолик
он НИЧТОЖЕН, и он же безмерно ВЕЛИК!!!!
Омар Хайам.
Әсел есімді оқырманымызға айтарым: темекіге құмар адамдар үшін жаңа технология ойлап табу – біздің емес, ғалымдардың еншісінде. Қазір ғылымның күн сайын дамып келе жатқанын ескерсек, ондай сәтке де жетеміз деген үміттемін. Ал шынымен де темекіден құтылғысы келетіндер үшін дәріханаларда арнайы дәрілер сатылады.
RSS лента .