«Маңызды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту... Одан кейін құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің ақшалай ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуы мәселелері қаралуға тиіс».
ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауынан.
Өткен жылы аймағымыздың ішкі істер органдарына облыстық бюджеттен қосымша 300 миллион теңге бөлінді. Қомақты қаржылай көмектің арқасында бірқатар бағыттар бойынша жұмыс нәтижелілігін едәуір арттыруға жол ашылды. Құқық қорғаушылар қызметінің жеделдігі жоғарылап, қасақана кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл жасау, бопсалау, бұзақылық сияқты ауыр қылмыс түрлері төмендеген. Дегенмен, бұл салада әлі де жетілдіре түсетін тұстар баршылық. Кемшіліктерді түзетудің жолдары дүйсенбі күні облыс әкімі Ерлан Арынның қатысуымен өткен облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) алқа мәжілісінде қаралды. Шараға облыстық сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары қатысты.
Аймақ басшысы алдымен жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейімен танысты. Техникалық жарақтану, қару-жарақпен түрлі заң бұзушылық жағдайлар кезінде қолданылатын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейін көрді. Облыс әкімінің назарына ішкі істер органдарына қарасты «Арлан», «СОБР» жедел әрекет ету бөлімшелері сарбаздарының орындауындағы жекпе-жек тәсілдері ұсынылды. Бұдан кейін Ерлан Мұхтарұлы ІІД-нің жедел басқару орталығында болды. Биыл, Павлодар қаласының көшелерінде қосымша отызға жуық бейнебақылау камералары орнатылады деп күтілуде. Аймақ басшысы мұндай жұмысты Екібастұз және Ақсу қаласында да жүргізу қажет екендігін атап өтті. Елбасы биылғы Жолдауында шағын қалалардың дамуына жан-жақты ереше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға баса мән берілмек. Алайда, мұндай жұмыс қомақты қаржыны талап ететіндігі белгілі. Мысалы, Екібастұз қаласында шағын жедел бақылау орталығын құру үшін 159 миллион теңге қажет көрінеді. Облыс әкімінің айтуынша, бұған қаржы қарастырылатын болады.
Былтыр еліміздің ішкі істер саласында бірқатар өзгерістер орын алғандығы белгілі. Мысалы, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығы, медициналық айықтырғыш сияқты бөлімшелер азаматтық секторға өтті. Бұл, өз кезегінде, құқық қорғаушылардың жұмысын біраз болсын жеңілдете түскендігі анық. Есесіне, көші-қон полиция, Қылмыстық атқару жүйесі комитеттері Әділет министрлігінің құзырынан алынып, Ішкі істер министрлігіне берілді.
Алқа мәжілісінде баяндама жасаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов өткен жылы аймағымыздағы қылмыстық көрсеткіштің 32 пайызға артқанын жеткізді. Алайда, мұны күтпеген жағдай деп айтуға келмейді. Оның өзіндік себебі бар. Алғаш рет еліміздің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, азаматтардың өтініші мен шағымдарын, түрлі заң бұзушылықтарға қатысты хабарламаларын тіркеуді толық қамтамасыз ету мәселесін қолдарына алды. Ондағы мақсат - елдегі криминогендік жағдайды анықтау болатын. Сол себепті, жоғарыда аталған көрсеткіш аймағымыздың жалпы қылмыстық ахуалына кері әсерін тигізді деп айту қиын.
- Өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстардың бетін ашуға, жемқорлыққа қарсы күрес, ішкі істер органдарын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету шараларын жетілдіруге, сондай-ақ, тұрғындардан келіп түскен өтініштермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінді. Қолданылған шаралардың арқасында келесідей қылмыс түрлерінің төмендеуіне қол жеткіздік. Қасақана кісі өлтіру фактілері 34 пайызға, қарақшылық шабуылдар 25 пайызға азайды, - деді С.Құсетов.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес шаралары да өз нәтижесін берді. Былтыр бір қылмыстық топ басшысы, 13 белсенді мүшесі және қылмыстық ортада беделге ие 4 күдікті құрықталған. Сондай-ақ, есірткі бизнесіне едәуір «соққы» берілді. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 218 қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркіленіп алынды. Оның ішінде 2 келі героин, 195 келі марихуана, 2 келі гашиш бар.
Тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, сапасы артты. С.Құсетовтың айтуына қарағанда, бұл ішкі істер органдарының әрбір бөлімшесінде енгізілген өтініш-шағымдарды тіркеудің электронды жүйесінің арқасы.
Былтыр облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, ішкі істер органдарының патрульдік қызметі 30, жол полициясы қызметі 20 жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілген болатын. Бұл, өз кезегінде, құқық қорғаушылар жұмысының жетелдігін арттыра түсті, дейді мамандар. Мысалы, қазір патрульдік полицейлер оқиға орнына әрі кеткенде 7-8 минуттің ішінде жететін көрінеді. Онымен қоса, қылмыстарды ізін суытпай ашу көрсеткіштері көбейген.
Жол полициясы жылдамдықты өлшегіш жаңа құрылғылармен қамтылды. Облыс орталығының бірқатар көшелерінің бойына жол ережелерін бұзушыларды фотосуретке түсіру жүйесі орнатылды. Соның арқасында, қазіргі кезде жүргізушілердің жол үстіндегі тәртібі оңала түскен.
Дегенмен, аймағымыздың ішкі істер саласында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін белгіленген айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткіші төмен. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдың өзінде 60 мыңнан астам жол тәртібін бұзу фактісі тіркелген. Жалпы көлемі 400 миллион теңгеге айыппұл салынған. Алайда оның тек 270 миллион теңгесі ғана өндіріліп алынған. Биыл да жыл басынан бері 30 миллион теңгеге жуық айыппұл өтелмеген. Бұл ретте, ІІД облыстық соттар әкімшілігімен мәселені шешудің жолдарын қарастыруда.
Бүгінгі таңда діни экстремизмге қарсы күрес шараларына ерекше мән берілуде. Осы мақсатта жұмыс істейтін бөлімшелерге қосымша қызметкерлер жұмылдырылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. «Өткен жылғы Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы экстремистік бағыттағы заң бұзушылықтар және Маңғыстау облысындағы жаппай тәртіпсіздік шаралары әлі есімізде. Осы жағдайларды ескерсек, ішкі істер органдарын арнайы құралдармен, қару-жарақтармен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, резеңке оқпен ататын қарулар, газды немесе инертті гранаталар және тағы басқалар. Олар - тәртіп бұзушыларға қарсы күресте тиімді әрі адам өміріне қауіп төндірмейтін қауіпсіз қарулар. Бұл мақсатқа шамамен 70 миллион теңге қажет», - деді облыстық ІІД-нің бастығы.
Тағы бір мәселе, ішкі істер органдарының облыс орталығындағы Лермонтов көшесі бойындағы құрылымдық бөлімшесі орналасқан әкімшілік ғимарат әбден ескірген. Нысан осыдан алпыс жылдай уақыт бұрын тұрғызылыпты. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Облыс әкімі Е.Арынның айтуынша, бұл мақсатқа қажетті көлемде қаржы бөлу қазір шешімін тауып отыр. Алдағы айда өтетін облыстық мәслихат сессиясында бюджет бекітілгеннен кейін тиісті қаражат ІІД-не беріледі. Осылайша, жыл соңына дейін нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аймағымыздың ішкі істер органдарының атқарған жұмыстарына оң бағасын берген Ерлан Мұхтарұлы алдағы уақытта атқарылуға тиіс шараларға тоқталды. Бұл ретте, Елбасының биылғы Жолдауында айтылған құқық қорғау саласын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Құқық қорғаушылар қызметінің жеделдігін одан әрі арттырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға жоғары мән берілуі қажет.
- Жалпы, облысымыздағы қылмыстық ахуалдың жоғары деңгейде сақталып тұрғандығын мойындауға тиіспіз. Мысалы, еліміздің басқа облыстарымен салыстырып көрейік. Тұрғындар саны бізден екі есе көп аймақтар бар. Бірақ, ондағы қылмыс деңгейі біздің облыстағы көрсеткішпен бірдей. Мұны, әрине, тек ішкі істер органдарының қызметіне байланысты деп айтуға болмайды. Жалпы, әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық ахуалға қатысты. Сондықтан, ішкі істер департаменті сараптама жүргізе білуі қажет. Бұл ретте, заң бұзушылықтарды жай ғана тіркеп қоймай, оның себептері анықталуы тиіс, - деді аймақ басшысы.
Соңғы жылдары ауылдық жерлерде мал ұрлау оқиғасы жиілеп кетті. Күн көріп отырған төрт түлігінен айырылып, жер шұқып қалған тұрғындар бар. Осынау олқылықтың орнын толтыру үшін ішкі істер органдарына алдын алу шараларын күшейте түскен жөн. Ол үшін, жергілікті атқарушы билік органдармен, яғни, аудан, ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс істеу керек.
Бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу, еңбекпен қамту шаралары да өзекті тұр. Себебі, жұмыс таба алмай бұрынғы «кәсіптеріне» кірісіп, қайтадан темір торға тоғытылатындар табылуда.
Облыс әкімі биыл күзде аймағымызда аса маңызды шараның өтетіндігін еске салды. Ол – Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумы. Шараға екі ел Президенттері қатысатындығы белгілі болып отыр. Сол себепті, қауіпсіздік шараларын күшейтуге облысымыздың ішкі істер органдары сақадай сай болуы тиіс.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

