- 2004 жылдың басында Павлодар облысында 188 үкіметтік емес ұйым жұмыс істеді. Соның ішінде облыс орталығында – 181, Ақсу қаласында – 2 және Екібастұзда 5 бірлестік болды;
- Аймақтағы мұрағат мекемелерінің мемлекеттік сақтауында 3283 қор болды. Олардың қатарындағы ең құнды құжаттар 2800 бірлікті құрады;
- Ертіс ауданы орталығында өлке жастарының «Жастар – жас Отанға!» атты форумы өтті. Шараға қатысқан жас буын өкілдері «Біздің күшіміз – бірлікте!» атты үндеуін қабылдады;
- Облыс орталығындағы Шахмат үйінде ер адамдар арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты өтті. Спорт додасында күш сынасқан 140 спортшының қатарында болған павлодарлық шахматшы, халықаралық гроссмейстер П.Коцур үшінші орынға ие болды. Ол Мальоркеде өтетін халықаралық шахмат олимпиадасына жолдама алып, еліміздің құрама командасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды;
- «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС-нің «Богатырь» кенішінде Е.Шишловтың экскаваторлық бригадасы компанияның құрылғаннан бүгінгі күнге дейінгі 200 миллионыншы көмірін қазып шығарлы;
- Павлодар облыстық көркемсурет музейінде жерлес суретші Ғалым Қаржасовтың жеке көрмесі жұмыс істеді. Көрме өнер иесінің шығармашылығының 50 жылдығына орай ұйымдастырылды;
- «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ елдегі энергетикалық компаниялар арасында алғашқы болып ISO 9001-2001 сапа менеджментіне сәйкес сертификатқа ие болды;
- Облыс орталығында корей этно-мәдени бірлестігі мен ұлттық кітаптар кітапханасының мұрындық болуымен «Біз Павлодарда тұрамыз» атты кітап жарық көрді. Жаңа кітап өңірімізде өмір сүретін этникалық корейлердің тұрмыс-тіршілігі мен мәдени өміріне арналған;
- Успен ауданы орталығында коммуналдық нарық өз жұмысын бастады;
- Павлодарлық «Джамбо» үлгілі хореографиялық би ұжымы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен «Ашық Еуропа» байқауында жеңіске жетті;
- «Қазақстан алюминийі» АҚ Еуразиялық өндірістік қауымдастығы құрамында болып, Ганноверда (Германия) өткен «Hannover Messe – 2004» халықаралық көрмесіне алғашқы рет қатысты;
- Мемлекеттік «Ауызсу» бағдарламасы аясында Қашыр ауданының Қашыр ауылында су тасымалдау желісін реконструкциялау жұмысы қолға алынды. Игі іске республикалық бюджеттен 101 миллион теңге бөлінді;
- Плевен қаласында (Болгария) өткен халықаралық Балқан математикалық олимпиадасының қорытындылары шығарылды. Облыс орталығындағы №8 лицейдің түлегі Куат Есенов мүмкін болған 40 ұпайды жинап, олимпиаданың алтын медаліне қол жеткізді;
- Т.Шевченко атындағы украин мәдениетінің орталығы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірлесіп, «Қазақстан украиндері» атты кітап-альбомын шығарды;
- С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Мәшһүртану ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылды. Орталық қызметкерлері ғұлама ғалым, ойшыл-философ, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылығы мен мұрасын зерттеумен айналысады;
- Ақсу қаласында «Ауыл» атты жаңа коммуналдық нарық жұмыс істей бастады. Нысан 25 сауда нүктесіне шақталған. Онда Май ауданы және Ақсу қаласының тауар өндірушілері өз өнімдерін сату мүмкіндігіне ие болды;
- Осы жылдың тамыз айында Грецияда өткен халықаралық математикалық олимпиаданың қорытындылары жарияланды. Нәтижесінде павлодарлық Қуат Есенов алтын медальді жеңіп алды;
- Лебяжі ауданының орталығы – Аққу ауылында Хазірет Қабдыл Уахит атындағы мешіт ашылды. Рухани ошақ төрт айдан астам уақытта бой көтерді;
- Павлодар қаласындағы мәдениет сарайында Баянауыл ауданының тумасы, қоғам қайраткері, театр және кино әртісі, кинорежиссер, Қазақ КСР-ның Халық әртісі Шәкен Аймановтың 90 жылдығына арналған «Шәкен Айманов күндері» атты мерекелік шараның ашылуы өтті. Мерейтойлық шараға ҚР Мәдениет министрлігінің вице-министрі Бекболат Тілеухан, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры Сергей Әзімов, Қазақ КСР-ның Халық әртісі Қаукен Кенжетаев сынды тұлғалар қатысты;
- «Қазэнергокабель» ААҚ кабельді өнімнің 24704 мың метрін шығарды;
- Павлодар облысының тарихында алғашқы рет «Шахимардан достарын шақырады» атты опера және балет өнерінің фестивалі өтті. Шараға Қазақстан мен Ресейдің опера және балет шеберлері қатысты;
- Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында жергілікті бұлақ суын шөлмекке құю бойынша цех ашылды. Газдалған және газдалмаған суды құю цехындағы ресейлік құрылғы сағатына 800 шөлмек шығаруға негізделген;
- Ертіс ауданының Қосағаш ауылындағы жаңа мешіттің құрылысы аяқталды. Жергілікті «Дауыл» ЖШС-нің қаржылай көмегінің арқасында бой көтерген рухани орда - аудандағы жетінші мешіт;
- Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының әртістері - С.Бекболатов, Ж.Досбаев, Т.Атамбек, Г.Қайырбекова мен Б.Шәнім «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» құрметті атағына ие болды;
- Павлодар облыстық әділет департаментінде ауылдық жерлерде құрылған 4 үкіметтік емес ұйым тіркеуден өтті. Олар - «Майталман» (Май ауданы), «Ел үміті» (Лебяжі ауданы), «Намыс» (Павлодар ауданы) жастар бірлестіктері мен «Жауқазын» (Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылы) қоғамдық қоры;
- «Майқайыңалтын» ААҚ-дағы мыс концентратында 2,8 мың тонна мыс өндірілді, ал мырыш концентратында шығарылған мырыш – 1,1 мың тоннаны құрады;
- 2004 жылы Баянауыл ауданында үш музей жұмыс істеді. Олардың қатарында Қ.Сәтбаев, С.Торайғыров және М.Көпеев атындағы музейлер болды. Сонымен қатар, 5 мәдениет үйі мен 13 кітапхана бар;
- Фортепиано сыныбының жас орындаушылары арасында Қарағандыда өткен 26-шы республикалық байқау тәмамдалды. Байқауға қатысқан 25 өнерпаздың арасында Павлодар музыкалық колледжінің екінші курс студенті Асқар Күлшәріпов үшінші орынды иеленді;
- Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында телеарна жұмысын бастады. Институтішілік арна эфирінде оқу ордасында өткен шаралар, құттықтау және тағы басқа бағдарламалар көрсетілді;
- Лебяжі ауданындағы №28 кәсіптік мектебінде орман шаруашылығы шебері мамандығы бойынша алғашқы түлектер оқуын тәмамдады. Жаңа мамандық иесі атанғандар қатарында Шақа ауылының 10 тұрғыны болды. Олардың барлығы жергілікті жұмыспен қамту бөлімінде есепке тұрған;
- Облыс орталығындағы чуваш этно-мәдени бірлестігінің «Эраскал» жастар ұйымы жұмыс істей бастады;
- «Богатырь Аксес көмір» ЖШС-нің «Богатырь» кенішінің жұмысы көмір шығарудың автомобильді-теміржолды технологиясына көшті. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында компания 18 миллион АҚШ долларын инвестициялады;
- Баянауыл ауданында «Баянауыл баурайы» атты жаңа газет шыға бастады. Мерзімді баспасөз құралы аптасына бір рет 1300 данамен жарық көрді. Газет беттеріндегі материалдар қазақ және орыс тілдерінде басылды;
- Павлодарлық «Стальмонтаж» ЖШС ISO-9000 халықаралық сапа менеджменті сертификатын алды. Аталмыш кәсіпорын облыста осындай халықаралық сертификатқа ие болған он бірінші мекеме болды;
- Павлодар қаласында облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі әдеби қосымша - «Айдын» журналының алғашқы номері оқырмандарға жол тартты. Жаңа қосымша Ертістің Павлодар өңіріндегі әдеби сынның дамуы мен талантты жазушылар мен ақындарды қолдауға сеп болды;
- Облыс орталығында аспан астындағы музейдің тұсаукесері өтті. Бірегей экпозиция Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне қарасты қорлар бөлімі мекемесінің жанында орналасты;
- Железинка ауданында қазақтың ақбас сиырын асылдандыруға негізделген жаңа шаруашылық жұмысын бастады. «Бақауов» шаруа қожалығының асыл тұқымды мал өсіру фермасы Новокузьминка ауылында орналасқан;
- Лебяжі ауданының Бесқарағай ауылында жаңа автоматтандырылған телефон станциясы пайдалануға берілді. Бұған дейін телефондық байланыс тек қана 20 тұрғынның үйінде орналасқан болатын;
- Май ауданының Баскөл ауылында ақсулық кәсіпкер Қуат Қалиев басқаратын «ЯДК» ЖШС-нің кірпіш шығару зауыты ашылды. Зауыттың қуаттылығы – тәулігіне 10 мың кірпіш;
- Павлодарлық 10, 12, 14 жастағы тоғызқұмалақшылар Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, екі бірінші және екі екінші орындарға ие болды;
- 2005 жылдың жаңа оқу жылы қарсаңында облыста 8 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды;
- «Қазақстан аллюминиі» АҚ-да Мемлекеттік тілдің бірыңғай күні өтті. Аталған күнді ұйымдастыруға облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары атсалысты;
- Облыс орталығындағы Ғ.Сұлтанов атындағы ауруханада акушерлік-гинекологиялық бөлім ашылды. Медициналық бөлім жөндеуден өткен ауруханаға жақын бөлек мекемеде орналасты. Оның бір қабатында болашақ аналарға арналған патология стационары болды;
- Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында БҰҰ жанындағы ЮНИСЕФ халықаралық балалар қорының мұрындық болуымен жас журналистердің «Әлем – жаңа ұрпақ көзімен» атты фестиваль өтті. Аталған ауқымды шарада өздерінің шығармашылық жұмыстарын Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген жүздеген жас журналистер ұсынды. Қазақстандық делегация құрамында облысымыздың өкілдері болды. Олардың қатарында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі журналистика кафедрасының студенттері - Жанар Омарова мен Александр Мелентьев болды. Екеуі фестивальдің «Үздік радиосұхбат» және «Үздік жарияланым» аталымдары бойынша бас жүлдеге ие болды;
- Облысқа қарасты барлық ауылдық аймақтарда ауылдық несиелік серіктестіктер (АНС) құрылды. Олардың қорында 200 миллион теңгеден астам қаржы болды. Осы құрылымдар кез-келген шаруа қожалығына төменгі мөлшерлемемен несие беру мүмкіндігіне ие болды;
- Үндістанда өткен халықаралық «Шанкара» халықаралық байқауына Павлодардағы №2 көркемсурет мектебі оқушыларының 40-тан астам шығармашылық жұмыстары жіберілді. Аталмыш мектеп шәкірті Марина Шульганың «Жаз» атты жұмысы жеңімпаз дипломына ие болса, Лариса Саганова мен Елена Брашеван екінші орынға ие болды;
- Қазақстан Республикасындағы қайта өңдеу және азық-түлік өндірісінің тауар өндірушілері одағының қолдауымен «Алтын Дастарқан – 2005» атты аспаздық фестиваль аяқталды. Шараға Павлодар облысы атынан «Крендель» ЖШС қатысып, жоғары кәсіби шеберліктерін көрсете білді. Нәтижесінде «Кондитер-дара» байқауында алтын медальға Татьяна Розова ие болса, «Аспаз-дара» байқауында Болат Қалиақпаров кіші алтын медальға қол жеткізді;
- «Қазэнергокабель» АҚ-да телефон сымдары мен кернеулігі орта кабельдерін шығару бойынша жаңа өндіріс іске қосылды;
- Павлодар облысында көпсатылы үздіксіз оқытуға бағытталған 2005-2007 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге дайындық, белгілі бір пәндерді тереңдетіп оқыту сыныптарын ашу сынды жұмыстар атқарылды;
- Павлодар ауданының Сычевка және Луганск ауылдарында Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлес азаматтардың рухына тағзым жасалып, обелискілер ашылды;
- Аймақ жұртшылығы ақын, сазгер Жаяу Мұса Байжановтың 170 жылдығын кең ауқымда атап өтті. Осыған орай «Тайбурыл» ипподромында бәйге ұйымдастырылды. Мерейтойлық шаралар тұлғаның туған жері – Баянауыл ауданында жалғасын тапты;
- Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрының ұжымы Қызылордада ұйымдастырылған 13-ші республикалық театрлар фестиваліне қатысты. Павлодарлық әртістер А.П.Чеховтың «Чайка» пьесасын ұсынды. Қойылым режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Тәпенов. Спектакль «Үздік режиссура» аталымы бойынша марапатқа ие болды. Ал ҚР еңбек сіңірген әртісі Ш.Байғабылова «Үздік әйел ролі» аталымы бойынша марапатталды;
- Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Ақкөл және Құлакөл елді мекендерінде клубтар ашылды.
Павлодар облыстық
мемлекеттік мұрағаты.

