Өткен жылдар демократиялық егемен мемлекет құрудағы Қазақстанның даму бағытын айқындап, елдің қоғамдық-саяси өмірін, тәуелсіз экономикасын нығайтуда, Қазақстан халқын біріктіруде орын алған тарихи оқиғалар мен түбегейлі өзгерістерге толы болды. Екібастұзда елдің индустриялық-инновациялық саясаты, тұрғын үй, ауылдық елді мекендерді өркендету, агроөнеркәсіптік сала мен өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жемісті орындалуда.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірде 31 жоба жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы Екібастұз МАЭС-2 станциясында 3-энергоблогтың құрылысы, Екібастұз МАЭС-1 станциясын қалпына келтіру, реконструкциялау жұмыстары басталды, «Проммашкомплект» ЖШС-і теміржолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын болады, «Екібастұз МАЭС-2» станциясында басқару жүйесін жаңарту жұмыстары қолға алынды.
Әлеуметтік саладағы мәселелер де табысты шешімін табуда. 2001 жылдан бастап өңірдегі аз қамтылған азаматтар саны 17 есеге азайды. Соңғы 6 жыл ішінде 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылып, 31 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Осы жылдың соңына қарай Екібастұз қаласы мен ауылдық округтеріндегі мектеп жасына дейінгі балалардың 90 пайызы балабақшамен қамтылмақ. Халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасы артты.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын Екібастұз толағай табыстармен қарсы алып, келешекке нық сеніммен бағыт алуда. Жерасты қара алтыны - көмірге толы туған қаламыз ел экономикасын дамытуға орасан зор үлес қосып келеді. Бұдан әрі де Екібастұз даму қарқынын еселеп, өндірістік қуатын арттыра бермек.
А.ВЕРБНЯК,
Екібастұз қаласының әкімі.

