Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихы – Қазақстан халқының тұрақтылығы, достығы мен келісімінің шежіресі. Әрине, Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері өз тағдырымызды еркін таңдау, жаңа мемлекетіміздің құрылуына ортақтасу жалпы негізгі құндылығымызға айналды. Атқарылған жұмысымызды қорытындылап, табыстарымыз бен жетістігімізді көрсетуге де ықпал етті. Біздің мерейтойымыздың ұраны - «Бейбітшілік пен жасампаздыққа - 20 жыл».
Павлодар қаласы – Қазақстанның ең ірі индустриялық және мәдени орталықтарының бірі. Алюминий, мұнай өңдеу, электролиз зауыттары, энергетика, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары, оқу орындары, театрлар, мұражайлар, банктер мен супермаркеттер, ондаған спорт ареналары мен ойын-сауық мекемелері – сүйікті қаламыздың келбеті болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстанның ең ірі инвестициялық алаңдарының бірі болып отыр, яғни бюджетті арттыру, инфрақұрылымды дамытудың жаңа қарқындарын қалыптастыру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруда да айтарлықтай жұмыстар жасалды. Қаламыздың білім беру және денсаулық сақтау саласында жаңа бағыттар енгізілуде, мәдениет және спорт мекемелерінің базасы кеңеюде.
Тәуелсіздік жылдары қаламызда облыстық диагностикалық орталық, Благовещенск кафедралды соборы, Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті, Достық үйі, Ертіс жағалауындағы субұрқақтар, бәйге алаңы, «Астана» мұз сарайы, жаңа бақтар, әдемі гүлзарлар секілді нысандар бой көтерді. Жаңадан тұрғызылған
мектептер, балабақшалар, емханалар, спорт алаңдары – қала тұрғындарының мақтанышы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы барлық қазақстандықтарды, оның ішінде бізді де Отанымыздың игілігі үшін еңбек етуге және жетістікке жетуге шақырады. Мерейтой жылы – еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығында әрқайсысымыз болашаққа нық қадам жасауға жаңа мүмкіндік алдық.
Азаматтардың жоғары кәсіпқойлығы мен еңбексүйгіштігі - Павлодардың одан әрі дамуының басты кепілі. Павлодарлықтар республикамыздың игілігі үшін Тәуелсіздік жылнамасына өздерінің елеулі үлесін қосып, өз өрнегін жазады деген сенім бізді алға жетелейді.
Оразгелді ҚАЙЫРГЕЛДИНОВ,
Павлодар қаласының әкімі.
(Павлодар қаласы жайлы арнайы жобада жарық көрген материалдардың толық нұсқасын газетіміздің 2011 жыл 1 желтоқсанындағы нөмірінен оқи аласыз)

