20 жұлдызды күн
6 желтоқсан - «Мәдениет». Мәдени мұра күні
Рухани қазынамыз бай
Мәдениет пен руханият – кез-келген халықтың, мемлекеттің тыныс-тіршілігін, болмысын айғақтайтын басты факторлардың бірі. Сонымен қатар, әр елдің асыл құндылықтарын асқақтатып, халқының мерейін асыратын негізгі құрал қызметін атқаратын сала болып табылады.
Тарих беттерін парақтай отыра, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезең бөгеттерінің болғаны жасырын емес. Мәдениет саласында да қиындықтар болды. Ауыл клубтары мен кітапханаларының есігі «құлыпталды». Халық игілігіне қызмет ететін мәдени нысандар саны күрт төмендеп кетті. Алайда, келе-келе барлығы оң шешімін тапты. 2000 жыл - елімізде «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланды. Руханиятымыздың жандануына септігін тигізген екінші қадам - ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Мәдени мұра» бағдарламасы.
А.ӘДІЛБЕК.
7 желтоқсан - «Алтын теңге». Ұлттық валюта күні
БӘсекеге Қабілетті экономика
1993 жылы айналымға енгізілген ұлттық валютамыз – теңге егемен мемлекетіміздің басты белгілерінің бірі. Тәуелсіз ел атанып, төл теңгесін шығарғалы Қазақстанды төрткүл дүние танып білді. Бүгінде ұлттық валютамыз қауқарлы да қайратты. Экономикамыздың бақуаттылығы нарық кезеңінде осы теңгенің тұрақтылығына байланысты. Жалпы, әлемдік дағдарыс тұсында көптеген елдердің экономикасы шайқалды, өркениетті мемлекеттер де төтеп бере алмай, тығырыққа тірелуде. Бағымызға орай, біздің экономикамыз тұрақты әрі сенімді түрде дамып келеді. Шыны керек, мұның бәрі - елдегі қаржы саясатының сауатты жүргізілуінен туындап отырған игілік. Халық өз қаражаты үшін алаңдамайды. Банктердегі салымдарына мемлекеттің өзі кепілдік береді. Ендеше, алмағайып заманда өзінің күшін де, құнын да кемітпеген, керісінше, бәсекеге қабілеттігін дәлелдей түскен төл теңгемізге деген мақтаныш кеудемізді керней түсуге тиіс.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

