Қазақ елі ғасырлар бойы бабалар арманы болған Тәуелсіздік тұғырына қол жеткізген сәттен бастап, егемен елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Алыстағы ағайынға ақ тілегін» айтып, атажұртқа шақырды.
Сөйтіп, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған бір миллионға жуық қазақ осы 20 жыл ішінде тарихи Отаны – Қазақстанмен қайта қауышты.
«Қалың елім, қазағым!» деп алыстан атамекенін аңсап келген ағайынның қуанышында шек болмады. Осылайша, 1991 жылы басталған ұлы көш бүгінгі күнге дейін әлі толастаған жоқ. Осы уақыт аралығында елде талай маңызды оқиғалар орын алды. Бірақ, қазақ елі жырақта жүрген қандастарын жылы шыраймен құшақ жая қарсы алудан ешқашан аянып қалмады. Тіпті, сонау 1993-1995 жылдар аралығындағы нарық бүйірден қысқан қиын күннің өзінде алыстағы ағайынның көші бір сәт те тоқтаған жоқ. Шеттегі қазақтар күн сайын атақонысқа ағылып келіп жатты. Олардың аяқтарынан тұрып, ел қатарлы тірлік кешуі үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілді. Отбасының әр мүшесіне ақшалай қомақты жәрдемақы төленіп, мал, дүние-мүлік берілді. Мұндай сый-құрметке бөленген ағайынның көңілі өсіп, марқайып қалды. Соның нәтижесінде, қандастардың тұрмысы жақсарып, атажұртқа тез сіңісіп кетті.
Бүгінгі күні шеттен келген ағайындардың ұл-қызы білім алып, үйлі-күйлі болып, егемен елдің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етуде. Ал үлкендер жағы үрім-бұтағын атажұртқа аман-есен жеткізіп, Отан алдындағы азаматтық парызын өтегендеріне дән риза.
Қазақстанның егемен ел атануы – жергілікті халықты ғана емес, шеттегі қандастарымыздың да бағын жандырып, мерейін өсірді.
Әлемнің әр түкпірінде жүрген барша қазақтың бір ғана Отаны болса, ол – Қазақстан! Сондықтан, Қазақстанның азаттық алуы – бүкіл қазақ баласына ортақ қуаныш, ортақ бақыт әкелді. Бүгінде Тәуелсіздіктің жемісін бүкіл «қазақ» атаулы бауырластарымыз сезінуде. Мәселен, дәл қазір Қазақстанның 90-нан астам жоғары оқу орындарында шет елден келген жүздеген қандастарымыз тегін білім алуда екен. Қуантарлығы, олардың барлығы жатақханамен қамтамасыз етіліп, шәкіртақы тағайындалған. Шеттегі қазақтарға қамқорлық көрсеткендердің қатарында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің де бар екенін атап өткен жөн. «Біз шеттегі қандастарымыз бен оралман жастардың заман талабына сай жоғары білім алуы үшін қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Университет тарапынан олар үшін бірнеше білім грантын да бөлгенміз. Мемлекеттік тапсырыста да оралмандарға арналған жеке гранттар қарастырылған. Қазақ жастары білімді болса, егемен елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болады», - дейді аталмыш университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы бастау алды.
Міне, осының бәрі – киелі Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды.
Бұл - кезінде түрлі тарихи оқиғаларға байланысты өз Отанынан шет қалған қандастарымызға деген атамекеннің шексіз сүйіспеншілігі, зор қамқорлығы. Сондықтан, қаны қазақ әр азамат осыны бағалай білуі тиіс.
«Қайда жүрсем атамекен,
Көкейіңде жатады екен», - деп ақындар жырлағандай, алтын бесігі – атажұртына келіп жатқан оралмандар бүгінгі биязы тірлігіне риза. Ұлтын, халқын сүйген қаймана қазақ елі үшін осы күнге жетуден асқан қандай бақыт бар?..
Нұржайна ШОДЫР.

