Қазақ халқы ырымшыл ғой. Біз де осынау қуанышты хабарды естігенде, «Бәрекелді! Мерейтой қарсаңында дүниеге келген сәбилердің бауы берік болсын!» деп ерекше шаттандық. Барша қазақ елінің қастерлі мейрамы - Тәуелсіздік күнін атап өтуге екі апта қалғанда, екібастұздық Бейсеновтер әулетінде үшем дүниеге келді! Сағат пен Жанар торсықтай екі ұл мен бір қыздың ата-анасы атанды. Бейсеновтер отбасы үшемді-тұңғыштарын отбасылық өмірінің он сегізінші жылында көріп отырғандығы үлкен қуаныш, бақыт. Сәбилердің есімдері де қазақы мағынаға толы - Айару, Тәңірберген және Аллаберген.
Жиырма жылда құлашын кеңге жайып, бұғанасы бекіген Отанымыздың басты байлығы мен түп-негізі отбасы болса керек. Ертеңгі күні «елім» деп еміреніп, «Отаным» деп егілетін азаматтар отбасы атты шағын мемлекетте тәрбиеленетіні анық. Қазақстан азаттығын алған тұста туған сәбилер - бүгінгі күні жігерлі де, еңбекқор жастар еліміздің арқа сүйер азаматтарына айналып отыр. Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында шыр етіп, дүние есігін ашқан екібастұздық нәрестелер осы өр ұл-қыздарға қарап бой түзеп, үлгі алатын ізбасарлары болары анық.
Өз тілшіміз.

