1992 жыл, 31 мамыр. Тұңғыш рет 1931-1933 жылдары қазақ халқының басынан өткен ұлы нәубет – ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталды. «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Павлодар мешітінде аштық құрбандарына арналып дұға оқылды. Құлшылық шарасы православ шіркеуінде де өтті.
1995 жыл, наурыз айы. Норвегияның Савалене қаласында өткен әлем чемпионатында әйелдер арасында көпсайыстан павлодарлық спортшы Людмила Прокашева жалпы есепте күміс медаль олжалады. Мұндай оқиға бұрын-соңды қазақстандық конькимен жүгіру спортында болмаған еді.
1996 жыл, 1 қыркүйек. Павлодар қаласындағы №1 орта мектептің жанынан Ұлттық жаңғыру мектебі ашылды. Онда армян, еврей, ингуш, корей, неміс, польяк, татар-башқұрт, украин, чуваш ұлттық мәдени орталықтарының жексенбілік мектептері бас қосты.
1998 жыл, наурыз айы. Павлодар мұнай өңдеу зауытында экологияға жағымсыз әсері аз, жоғары октанды АИ-95 маркалы бензин алғаш рет өндірілді.
Жапонияның Нагано қаласында өткен Олимпиада ойындарында Павлодардан барған Людмила Прокашева 5 шақырым қашықтықта конькимен жүгіру бойынша Қазақстан қоржынына қола жүлде салды. Ол - Ақ Олимпиаданың жүлдегерлері қатарынан көрінген тұңғыш қазақстандық спортшы.
1999 жыл. Облыста және Қазақстанда тұңғыш рет Баянауыл және Майқайың кенттерінде DАМА спутниктік жүйесі іске қосылды.
2000 жыл, 23 қыркүйек. Павлодар қаласында алғаш ат спорты бойынша сайыстар ұйымдастырылды. Жарыс қаланың негізі қаланғалы тұңғыш рет салынған және жалғыз болып есептелетін ипподромда өткізілді.
2001 жыл, 21 маусым. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақсу-Дегелең бағытындағы теміржол учаскесін іске қосты. Бұл - ел тәуелсіздігін алғалы салынған тұңғыш теміржол бөлігі болатын.
21 қыркүйек. Павлодар қаласында жаңадан салынған облыстық мешіт ашылды. Оған қазақтың ойшыл-философы, көрнекті ақын, дін қайраткері Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің есімі берілді.
2002 жыл, 6 қараша. Екібастұздың «Богатырь» кенішінде жер бетін аршу және көмір қазу жұмыстарын электр жүйесі арқылы атқаруға көшу аяқталды. Бұл жоба соңғы төрт жыл бойы жүргізілген еді.
7 желтоқсан. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Павлодар облыстық диагностикалық орталығы іске қосылды. Бұл медициналық мекемеде ауруды анықтаудың және емдеудің озық тәсілдерін енгізу көзделді.
2003 жыл, шілде. Токиода математика пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада Павлодар қалысының 16 жасар оқушысы Қуат Есенов жеңімпаз атанды. Ол әлемнің 90 елінен барған 500 жоғары сынып оқушысы арасынан өзінің жүйрік екенін танытты.
2004 жыл, 30 қаңтар. «Богатырь» кенішінде Екібастұз көмір қойнауы игеріле бастағалы 200 миллионыншы тонна өнім алынды.
20 ақпан. Екібастұздың «Шығыс» кенішінде кәсіпорын іске қосылғалы бері 300 милионыншы тонна көмір жөнелтілді.
2007 жыл, наурыз айы. Павлодар-Екібастұз бағытындағы теміржол учаскесін электрлендіру жобасы аяқталды. Оның жалпы ұзындығы 132 километрді құрады.
Қараша айы. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алғалы тұңғыш рет Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында 330 сәбиге лайықталған балабақша есігін ашты.
12 желтоқсан. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан электролиз зауытының бірінші кезегін іске қосу салтанатына қатысты. Мұнда жылына 250 мың тонна алюминий құймасы өндіріледі. Аталмыш зауыт «30 корпоративтік көшбасшы» мемлекеттік бағдарламасына енген, тұңғыш іске асырылған инвестициялық жоба болып табылады. Сол күні Елбасы «KSP Steel» ЖШС-інде болып, республиканың мұнай-газ саласына қажет әртүрлі өлшемдегі жіксіз құбырлар шығаратын озық өндірістің тұсауын кесті.
29 желтоқсан. Қашыр ауданының орталығында облыстың ауылдық жерінде тұңғыш рет бой көтерген хоккей корты пайдалануға берілді. Бұл - облыстық «Бұлақ» бағдарламасының жемісі.
2008 жыл, 1 қаңтар. Облыстың барлық мектептері интернет желісіне қосылды. Барлығы 4500 дана компьютер қолданыста болды, бір компьютерге 20 баладан келді.
Қазан айында Ж.Аймауытов атындағы облыстық музыкалы-драма театрының труппасы Египеттің Каир қаласында өткен халықаралық сынамалы қойылымдар фестиваліне барды. Онда әлемнің 50 елінен өнер ұжымдары өздерін паш етті.
2009 жыл, 17 қыркүйек. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Екібастұзда болып, Қазақстанның солтүстігінен оңтүстігіне электр қуатын тарататын желіні іске қосты. Бұл - еліміздің энергия көзіне деген мұқтаждығын толық шешуге бағытталған іс.
2010 жыл, 24-25 маусым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың облысқа жұмыс сапары аясында Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі іске қосылды.
16 желтоқсанда Ақсу ферроқорытпа зауытында өндіріс қалдықтарын өңдейтін кешен пайдалануға берілді.
Желтоқсан айында Павлодар қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған тоғыз қабатты тұрғын үй тапсырылды.
2010 жыл бойынша облыста жалпы құны 768,7 млрд. теңге болатын 55 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
2010 жылы Павлодар облысы техникалық және кәсіптік білім беру деңгейі бойынша Қазақстанда бірінші орынды иеленді.
2011 жыл, қаңтар. Республика бойынша тұңғыш рет Павлодар облысында ұлттық спутниктік сандық негізінде телехабар тарату желісі іске қосылды. Бұл оқиғаға ҚР Президенті тікелей телекөпір бойынша қатысты.
Маусым айында Ақсу жылу-электр станциясында толықтай реконструкциядан өткізілген екінші энергоблок өндіріске енгізілді. Бұл республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға Павлодар облысынан енгізілген 52 нысанның бірі болатын.
1 шілде. «Қазақстан алюминийі» АҚ жылына 1,7 млн. тонна алюминий тотығын өндіруге көшті. Бұл - аталмыш зауыт үшін рекордтық көрсеткіш.
2011 жыл. Павлодар қаласы стадионында Еуропа кубогы ойындарын өткізуге қайтадан рұқсат берілді. Мұндай деңгейдегі ойындар сегіз жыл бойы өткізілмеді.

