Тәуелсіздік алғанымызға дейін алпауыт Ресей елінің құрамында болған қазақ жері орысша атауларға тұнып тұратын-ды. Әсіресе, орыс ұлтының өкілдері көптеп қоныстанған Павлодар, Петропавл, Қостанай секілді аймақтар Алексеевка, Карл Маркс, Артемовка және тағы да басқа осындай қазақ ұлтына мүлде жат атаулардан көз ашпайтын. Тіпті, Қазақстанның жерінде емес, Ресей Федерациясының аумағында жүргендей күй кешетінсің. Аллаға шүкір, егемендік алғалы бері жер-су атаулары толықтай қазақшалануда. Алысқа бармай-ақ, өз облысымызды мысалға алайық. Көптеген елді мекендердің орысша атаулары алынып тасталып, қазақтықтың иісі аңқыды.
Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде облыс бойынша жетпістен аса елді мекеннің атауы қазақшаланған. Өңіріміздегі аудандар мен қалалардың арасында бұрынғы Ермак қаласы Ақсу қаласы, Краснокутский ауданы Ақтоғай ауданы болып өзгертілді.
Жиырма жыл ішінде Ақсу қаласы бойынша 17 елді мекеннің тарихи атаулары қайтарылған. Потанин ауылы Айнакөл, Целинный ауылдық округі Құркөл, Пригородный кеңшары Үштерек, Куйбышев - Ақжол, Калинин - Сарышығанақ болып өзгертілді. Шарбақты ауданында Степное ауылы Бөріктал атанды. Лебяжі ауданының Восточный ауылына атақты қолбасшы Әбілқайыр Баймолдиннің есімі берілді. Павлодар ауданында Романовка ауылдық округі Маралды, Духовницкое ауылы Аққұдық, Комарицино ауылы Қаратоғай болып қазақшаланды. Небір жайсаң тұлғаларды дүниеге әкелген Баянауыл ауданындағы бірқатар елді мекендердің орысша атаулары да қазақшаға алмастырылды. Мысалы, Алексеевка ауылы Құндыкөл, Южный - Күркелі, Октябрь - Ақсаң, Первомай - Жарылғап болып өзгертілді. Железин ауданындағы Комаровка ауылы Аққайың, Новокузьминка ауылы Жаңа жұлдыз деген естір құлаққа жағымды қазақы мазмұндағы атауларды иеленді. Ақтоғай ауданында да бірқатар өзгерістер орын алды. Усачева ауылы Тортайға, Белешское ауылы Жоламанға, Карл Маркс ауылы Барлыбайға, Побединский ауылы Өтеске, Кубань ауылы Қараойға алмасты. Сол секілді Успенка, Ертіс, Май, Екібастұз аудандарындағы кейбір елді мекендердің атаулары да бұрынғы орысша «есімдерімен» қош айтысты.
Қалалар мен аудандардағы көшелер де қазақша атаулармен көріктене түсті. Мәселен, Павлодар қаласындағы орысша аталған көшелерге өңіріміздің біртуар тұлғаларының есімдері берілді. Бүгінде Академик Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Естай Беркімбаев, Қанаш Қамзин, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы да басқа тұлғалардың есімдерімен аталған көшелер қазақ рухын аспандатып тұр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы өнер ошақтарының, мекемелердің атаулары да төл тілімізге алмастырылды. Славян орталығы «Достық» концерттік залы болып өзгертіліп, қалалық мәдениет сарайы Естай атымен аталды. Жалпы, бүгінде ономастика саласында жетістіктеріміз бен толайым табыстарымыз жетерлік.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Өркениетті ел боламыз, тарихымызды бағалаймыз десек, ауыл, қала, аудан атауларын алдағы уақытта да қазақшалағанымыз жөн болар. Мұндай келелі іске баршамыздың атсалысқанымыз абзал.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

