Бүгінде әлемде діни тұрақтылық пен келісім қай елде болса, бейбітшілік пен өркениет те сонда. Дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан дінаралық, конфессияаралық қақтығыстардан жыл сайын жүздеген адам опат болуда. Бұл - жалпы адамзаттың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасіреті. Бұл ретте, бейбітшілік кіндігіне айналған Қазақстанның әлемдік аренада алар орны ерекше. Жүздеген діни конфессиялар мен түрлі бірлестіктер бір-бірімен татулықта тіршілік етіп отырған қазақ елі төрткүл дүниенің талайына үлгі болып отырғаны хақ.
Өткен жылы ЕҚЫҰ-ға абыройлы төрағалық етсек, биыл Ислам конференциясы ұйымына жоғары деңгейде басшылық жасадық.
Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елордасы Астанада тұрақты өтіп келе жатуының өзі Қазақстанның ғаламдық бейбітшілікке қосар үлесінің қомақты екендігін аңғартса керек. Аса қадірлі қонақтар ретінде Сауд Арабиясы Королінің арнайы өкілі - Ә.Әл Аш-Шейх, Египет Президентінің арнайы өкілі, Уақыфтар Министрі - М.Закзук, Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі Ц.Хата сияқты т.б. белгілі саясаткерлер қатысты.
Конфессияаралық форум өткізу туралы Қазақстан бастамасын іске асырудағы сөзсіз сәттілік - Съез қатысушыларының ауқымды құрамы мен жоғары деңгейі болғаны анық.
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бас болуымен тыныштық пен тұрақтылық жолында аса маңызды қадамдар жасалды. Ядролық жаппай қырып-жою қаруынан өздігімізден бас тартуымыз дүркін-дүркін соғыс оты тұтанып жатқан елдерге өнеге, мемлекетімізге зор абырой болғаны анық.
Егемендіктің алғашқы жылдарында елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт өкілдері, конфессиялар мен діни бірлестіктер арасындағы тұрақтылықты ұстап тұру аса күрделі мәселе еді. Әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан енді ғана екпін ала бастаған еліміз үшін татулық алдыңғы орында болды. Күрделі кезеңнен елімізді көрегендікпен алып шығудың оңай болмағаны түсінікті. Бұл ретте, барлық дін өкілдеріне бөле-жармай бірдей қараған Ата Заңымыздың жөні бөлек.
Азаттықтың 20 жылдығына қадам басқан уақытта, жүздеген діни бірлестіктердің тату-тәтті күн кешуі Қазақстанның қашан да тұтастық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен достықтың ордасы болып қала беретіндігін көрсетсе керек!
Жарқынбек АМАНТАЙ.

