Бұл күндері Қазақстан халқы ел өміріндегі ең ұлық мереке —- Тәуелсіздік күнін тойлау үстінде. Осындай мәні мен маңызы ерекше мерекелі мезет әрбір қазақстандықтың өміріндегі елеулі оқиғалармен тұспа-тұс келуі де - бақыт.
1991 жыл. Аппақ қыстың басы. Дәл осы кезең Павлодар облысы, Лебяжі ауданына қарасты Қарақала ауылында тұратын Жолдасбековтар жанұясы үшін ерекше маңызға ие болды. Өйткені, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде Мұрат Жұмаханұлы мен Жанаргүл Самарханқызы шаңырақ көтерді.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап кеткен асқақ армандары, елі мен жерін қорғап, аттың жалында, атанның қомында өткен күресінің жемісі – Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Бейбітшілік пен келісімде өткен екі онжылдықта Жолдасбековтар отбасы да өзінің берік іргесін қалап, көркейді. 1991 жылдың соңында Тәуелсіздікке қол жеткен тұста, үйлену тойларын атап өткен Жолдасбековтар әулеті бүгінгі күні Сапура және Самал есімді қыздарының қызығын қызықтап жатқан жайы бар. Мұрат Жұмаханұлы мен Жанаргүл Самарханқызы – Қарақала ауылындағы Потанин атындағы орта мектебінің ұлағатты ұстаздары.
Сапура - ақ желеңді абзал жан атануға бел буған. Ол - Қарағандыдағы медициналық академияның бірінші курс студенті.
Ал ел тарихында Тәуелсіздік тұғырын нығайтуда маңызы зор, ұлттық валютамыздың – теңгенің қабылданған 1993 жылы аталмыш жанұя Самал есімді екінші қыздарын көреді. Самал болса, ұстаз атты ұлы мамандық иесі болу арманының жетегімен биыл С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Жастайынан спортқа құмар ол волейболмен әуестенеді. Павлодар облысы және Лебяжі ауданы құрамаларының белді спортшысы.
Павлодар облыстық статистика департаментінің мәліметінше, мемлекетіміз Тәуелсіздігін алып, дербес ел болған жылы аймақта тоғыз мыңнан астам жас отау құрған екен. Олар да Жолдасбековтер отбасы сияқты қос қуанышты қатар атап өтіп, мерейге бөленуде. Еліміздің тірегі болып табылатын отбасылар әрқашан аман болып, мемлекетімізбен бірге көркейе берсін деген тілегіміз бар.
А.ЕСІМХАНОВА.

