«Бар игілігіміздің бастауы болған құтты Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды! Бұл байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн! Бабалар аңсарын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той! Ендеше, баршаңызды ұлыстың ұлы күнімен – Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!». Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиынның шымылдығын осындай жалынды сөздерімен ашты. Шынымен, еліміз, «мың өліп, мың тірілген» халқымыз басынан небір қиындықтарды өткерді. Алайда, өзінің өр мінезінің, қайсарлығы мен ерік-жігерінің арқасында талай асулардан асып, ешбір қиындықтарға қарамастан, биіктерді бағындыра білді. Қазақ атын әлемге әйгіледі. Ұлылығын дәлелдеді. Бүгінде біз берік іргелі, бірлігі бекем елміз. Ұлық мерекені толайым табыстармен қарсы алып отырмыз. Тәубә!
Бақ бағалағанның басында тұрады
Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы республика бойынша кең көлемде аталып өтілді. Негізгі шаралар елордамыз Астана қаласында ұйымдастырылды. Мереке ел Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиыннан бастау алды. Аталмыш шараға мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Парламент Сенатының депутаттары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, Жоғарғы соттың судьялары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, жалпы саны үш мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ еліміздің әрбір өңірінен жиналған делегаттар да бар. Олардың қатарында Павлодар облысының да делегаттары болды. Осынау тарихи күнді арман қала, Астанада қарсы алу құрметі өңірімізге танымал, өз салалары бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізген азаматтарға бұйырды. Сондай-ақ, керекулік топ мүшелері мереке аясында өткен басқа да айтулы шараларға қатысып, екі күнге созылған шаттықты думанның куәгерлері болды. Мысалы, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ашылу рәсімі, «Астана-Арена» стадионындағы ұмытылмас әсерлерге толы арнайы мерекелік театрландырылған шоу бағдарламасы - осының барлығы әрбір жерлесіміздің есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Салтанатты жиын барысында Елбасы Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтап, байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күннің ерекшелігін атап өтті. Осы уақыт аралығында Қазақстанның қол жеткізген табыстарына тоқталды. Тәуелсіздіктің ғасырлар бойғы толассыз күрестің жемісі екендігін айтты. Тамыры тереңде жатқан тарихқа тоқтала келе Мемлекет басшысы соңғы жиырма жылдың ішінде атқарылған әлеуметтік-экономикалық табыстарды да санамалап өтті. Бұдан соң Елбасы қазақ тілінің мәртебесі мен болашағына да қатысты өз ойын ортаға салды.
Ел Президенті Тәуелсіздік арқылы саясат, экономика салаларымен қоса мәдени, рухани құндылықтарымыз да құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алғандығын ерекше атап өтті. Бұл ретте, Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен серпін болғандығы мәлім. Мысалы, шет елдерден қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты бес мыңнан аса қолжазбалар мен көшірмелер әкелініп, бай мәдени мұрамызды толықтырды.
Мемлекетіміздің бүгінгі кескін-келбеті талайды тамсандырып, таң қалдырып келе жатқандығы анық. Сондықтан, ел Президенті біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуі тиіс екендігін баса айтты. ТМД және Азия елдері арасынан алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Астана төрінде ұйымның жаңа ғасырдағы алғашқы Саммитін өткіздік. Елбасы атап өткендей, осының бәрі – біздің, барша қазақстандықтардың еңбегі арқылы еншімізге бұйырған ерен бақыт.
Қазақстанның бүгінгі жағдайын жиырма жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға мүлде келмейді. Айырмашылық жер мен көктей.
Мемлекет басшысының баяндамасын жиналған жұртшылық зор қошеметпен қабылдады. Бұдан соң ортаға тәуелсіздік құрдастары, жастар шығып өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Қазіргі кең байтақ Қазақ елінде ғұмыр кешіп жатқанын мақтан тұтатындықтарын айтты. Және Елбасының, халқымыздың өздеріне артып отырған сенімдерін ақтайтындықтарына сөз берді.
Кеш барысында сөз алған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылда іргелі елге айналуы асқақ арманның орындалуы деп атап өтті. Ол өз сөзінде елдік пен егемендікті ту еткен Елбасына халықтың ризашылығы мен ықыласы зор екендігін жеткізді. Ал «Халық Қаһарманы» Мұхтар Алтынбаев Қазақстанның атын айдай әлемге әйгілі еткен Мемлекет басшысының еңбегінің ерен екендігін айта келе: «Елбасы – халқымыздың шын батыры, қаһарманы!», - деп, барша қазақстандықтардың көкейіндегі ортақ ойды жеткізді.
«МӘҢГІЛІК ЕЛ»
16 желтоқсан, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы күні Астанада «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының ашылу рәсімі өтті. Шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Мереке құшағындағы елорда тұрғындары мен қонақтары таң атысымен Есілдің сол жағалауына ағылды. Күннің ызғарлы болуына қарамастан осынау тарихи сәтті тамашалауға келген жұртшылық қарасы көп болды. Шара барысында сөз алған Елбасы Н.Назарбаев:
– Біз бұл тамаша Салтанат қақпасын біздің еңбегіміздің, табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көп ұлтты мемлекетіміздегі өзара сенім үлкен жеңістерге жеткізді. Біз бүгін осы жерге Ұлы мерекені – Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұрмыз, - деді. Қазақ елінің айбынына айналған жаңа елорданың ерен жетістіктерін айта келіп, «Табалдырықтан асқан тау жоқ» деген қазақ мақалын еске түсірген Президент бүгінгі тұсауы кесіліп отырған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы қасиетті табалдырығымыз іспеттес, болашақта бұл ескерткіштің төңірегінде көркі көз тартар зәулім ғимараттар салынып, гүлзарлар көмкерген алаңға айналатынын атап өтті.
Салтанатты рәсімде Қазақстанның әнұраны шырқалып, Еліміздің Қарулы Күштерінің әскерлері салтанат қақпасы алдынан сап түзеп өтті.
«Мәңгілік Ел» – Қазақстандағы тұңғыш Салтанат қақпасы. Болашаққа нық қадам басқан мемлекеттіліктің айшықты белгісі, ұлттың ғасырлар бойғы арман-ойы мен өмірлік өнегесін үнемі еске салатын көрнекті тұғыр. Бұл азат елдің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұрғызылған асқақ тұғыры.
Салтанат қақпасы – әлем бойынша санаулы. Әдетте мұндай қақпа жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. «Мәңгілік Ел» – Астана сәулетінің сәнін арттыратын салтанат туындысы. Оның ені 13, ал биіктігі 20 метр. Бұл Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын паш етеді. Сыртқы қасбетінің безендірілуі қазақтың ұлттық өрнектеріне толы, негізі берік, мазмұны толайым нысан. Қақпаның әрбір қабырғасының симметриялық өлшемдерінің теңдігі бірдей. Сондықтан да ол қай жағынан қарасаң да бірдей көрінеді. Әрбір қабырғаның төменгі табанында биіктігі 4,4 метр болатын көлемді мүсіндер бар. Олар да ерекше мазмұнға толы. Мәні жоғары.
Қазағымның сан ғасырлық арманы
Кешке астаналықтар елордадағы сәулеті бірегей «Астана-Арена» стадионына ағылды. Онда Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік шоу бағдарламасы ұйымдастырылды. Жұртшылық назарына ұсынылған «Тәуелсіздік – қазағымның арманы» атты музыкалық дастанда қазақ елінің өткені мен бүгіні, қол жеткен жетістіктері көрініс тапқан.
Стадион шараны тамашалауға келгендерге лық толы болды. Және ерекше атап өтерлігі, жиналған отыз мыңға жуық халық аталмыш мерекелік бағдарламаның қатысушыларына айналды. Жұртшылықты кеш барысында сан қиырға сапар шеккізіп, еліміздің ақиқатқа айналған арманын көз алдыңа әкелетін бұл музыкалық дастан сегіз тараудан құралған екен. Ондағы әр тарауда бейнекөріністер арқылы оқиғалар тізбегі көз алдыңнан өтіп, одан әрі түпкі нәтижені, жеткен биігімізді паш етеді.
Алаңның ортасына орнатылған цилиндр тектес алып экран арқылы тәуелсіздік тынысы жайлы бейнебаяндар, театрландырылған көріністер барша қырынан жарқырай көрініп, көпшілікке естен кетпес ерекше әсер сыйлады. Онымен қоса, шара барысында қазіргі заманғы 3D технологиясының барлық мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылды.
«Тәуелсіздік – қазағымның арманы» атты музыкалық дастаны мерекелік отшашумен аяқталды. Бұл – естен кетпес ерекше сәт болды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Павлодар-Астана-Павлодар.

