Ет десе елеңдесіп, езуіне сілекейі үйіріліп, еміренбейтін қазақ жоқ шығар. Түйеге тең тиегендей етіп, табаққа буын бұрқыратып қазы-қартасынан бастап жал-жаясына, бауырдан бастап шұжығына дейін үйіп-төгіп алдыңа әкелсе, түркі халықтарымен қатар басқалар да бос қарап қалмасы анық. Бүгінде жылқы жемейтін халық та қылқұйрықтың қасиетін түсінді, алдына ет келсе қолын жууды ұмытатын жағдайға жетті. Себебі, олар жылқы еті медициналық тұрғыдан ең таза және дәрі ретінде дәріханаларда сатылуы да керек екендігін жете түсінді. Ол жақсы да шығар. Ұлттық асқа деген сұраныс артты, бәрінен бұрын ауыл шаруашылығын дамытуға да бір септігін тигізіп қалар. Еліміздегі әр отбасы күздүгіне бір тана, соғымына бір жылқыдан сатып алса, Керекуде қалтасынан төрт жүз мыңдай ақшасын шығындайды. Қанша түлік керегін де шамалай беріңіз. Күнделікті тірлігін малмен айырып отырған ауыл азаматтарының тұрмысына ажар енеді. Бірақ, айтпағымыз ол емес. Сол, сойылған соғымның етін асып, табаққа тартып дастарқанға қоятын дәмнің атауы туралы болып отыр.
Біздің қазақ асқан еттің сорпасына қамырды пісіріп, оны табаққа түсіріп, үстіне ет салатын тағамның атын әртүрлі атайды. Мәселен, Павлодар облысында «ет», «жұқа нан», «қайыс нан», «жайма» деп жатады. Ал Солтүстік Қазақстан облысының кей жерінде «құлақ нан» десе, Батыс жағында «қатпа» деп те атайтын көрінеді. Барлығы оқтаумен есілген қамырдың қалыңдығына байланысты қойылса керек. Бірақ, бүгінгі күні тек қана жекелеген аймақтарда емес, сонымен қатар, жалпы республикада төл асымызды «бешбармақ» деп жүр. Кездескен мейрамханаға, дәмханаға бас сұғыңыз, жолшыбай түстенбек болыңыз, барлық жерде «бешбармақ» деп алдыңнан шығады. Ол аз десеңіз, макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар да қамырды жарнамалап «бешбармақ» деп айдарлап алған. Және ол мемлекеттік сараптамалардан өтіп кеткен болуы керек. Себебі, кез келген отандық өнімнің атауы да бекітіледі. Ондай өнімдерді сауда нүктелерінен күнде кездестіреміз. Сонымен айтпағымыз, «бешбармақ» деген сөз қайдан шыққан?
Аталмыш сөздің шығу тарихын біраз зерделеп көрсек. Әдейілеп кітап ақтармай ғаламторға «бешбармак» деген сөзді теріп енгізіп іздесеңіз, жеткілікті. Онда мынадай деректерге жолығасыз. «Бешбармак - казахское национальное блюдо (насколько мне известно, - это скорее русский вариант названия этого кушанья). Если перевести дословно - «беш» по-казахски - пять, а «бармак» - палец/пальцы. Казахские и другие кочевые племена не использовали во время еды столовые приборы, а брали мясо руками - отсюда и название)». Сол секілді «Бешбармак, — распространённое в том числе в современном русском языке название блюда некоторых тюркоязычных народов. В переводе с тюркского означает «пять пальцев».
Жылайсың ба күлесің бе? Қазақтар немесе басқа көшпелі халықтар тамақтану кезінде асүй құралдарын пайдаланбаған дейді. Меніңше, халқымыздың төл асы арқылы ұлтымызды менсінбеу, кемсіту, әжуалау сипатындағы сөз бұлар. Яғни, отарлауына алған елдің өкілдері «қазақтар етті қолмен жейді екен, жабайылықтан туған әдіс бұл» деуінен шыққан атау. Бір асым ет арқылы бүкіл қазақты осылай масқаралауға жол болсын. Жалпы, дәмханалардағы «бешбармақ» деген тағам ас мәзіріне (меню) Тәуелсіздік алған жылдардан кейін барып енді. Оған дейін болмайтын. Қазір ғой ол - дәмін татып көргендер ұнатып, сорпа ішпесе алты ай аштықтан келгендей жалақтайтын деңгейге жеткені. Бұл аз десеңіз, тағы да үңіліп көріңіз. «Бишбармак «кушанье из баранины с мучной приправой», восточнорусск., из тюрк.; ср. тур. bдљparmak «(кушанье) пятью пальцами», тат., крым.-тат., казах. bдљbarmak (Радлов 4, 1160 и 1489). Но Мельникову кушанье называется так потому, что его едят пятерней». Бұдан артық анықтауыш, әжуа керек пе? Түркі халықтары, оның ішінде қазақтар мәдениетсіз болғандықтан, етті қолмен жеген деген түсінік тұр арғы жағында.
Жалпы, «бешбармақ» деген сөзді қолданыстан қашан ысырамыз? Ол кез келген «ұлтым» деген азаматтың намысын қоздырып, ашуына ши жүгіртетін «калбит» деген сөзден кем емес. Кез келген ақсақалдан немесе әжелерден «бешбармақ» не деп сұрап көріңізші, «Самарқанның суы тасып кетті» деген хабарды естігендей бетіңізге бажырая қарасын. Ол кісілер мұндай сөзді естімеген де, айтпаған да. Қазіргі жиырма бірінші ғасырдың кемпірлері мен шалдары ғой ол - «бешбармак был вкусный» деп жүрген. «Бешбармақтан» бас тартатын уақыт жетті, ағайын.
Ұлттың ұлылығын жоғалтпауын көксеп өткен Бауыржан Момышұлы атамыз да көзі тірісінде «бешбармак» деген сөздің қазақты масқаралау мақсатында шыққанын ашына айтып кеткен екен. Бауыржан батыр жаратпаған сөздің басқамызға қажеті қанша? Сол себепті, бұл атаудан бас тартатын уақыт жеткен секілді. «Жұқа нан», «Қайыс нан», «Жайма» деген секілді тағы тағысын басқа атаулар баршылық қой. Жоқ, біз әлі күнге дейін ұлтымызды ұлтарақ еткен сөзден бойымызды аластай алмай жүрміз.
Сіз қалай ойлайсыз?
Бейбіт БӨЖЕН,
Павлодар қаласы.

