ҚИМАҚ ҚЫЗЫНЫҢ МҰҢЫ

 

Асығат ТҰРҒАНБЕКТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Асығат ТҰРҒАНБЕК - кие тұнған Кереку өңірінің аузынан алау ескен ақындарының бірі. Домбыраны серік етіп, дүбірлі жыр додаларында талай бас жүлдені қанжығасына байлаған ақын қаламын да қалыс қалдырған емес. Назарларыңызға қаламгердің бірқатар шымыр шумақтарынан топтама ұсынып отырмыз.

 

Қимақ қызының мұңы

 

Ерке күн қайда талмай билеген,

Жарылды еркім жарда сүймеген.

Қорлады-ау енді, сұм заман мына,

Бұрымнан ұстап алға сүйреген.

 

Тәңірім, кеше жарылған едің,

Аңырды неге табылған елім?!

Қыл бұғалықта қылғынған сынды,

Ақбоз тұлпарым табында менің.

 

Ақ ордаларда лаулады жалын,

Ақ жүзім күйіп, жаурады жаным.

Әзәзіл ойлар ойрандап елді,

Жақсы-жайсаңның жалмады бәрін.

 

Тәнімді енді алашаға аунатып,

Қояр ма жұртқа тамашалатып.

Күң болып жаудың отын жаққанша,

Өртеніп өлу орасан бақыт!

 

Қимақтың қарт батырының сөзі

Беу, дүние-ай, қашан қашан отбасын бақтым?!

Ертіске жетіп ат басын тарттым.

Кереге Жарға садақ кезенген,

Ежелгі жаудың қақпасын қақтым.

 

Қамалға қалың қолды алып кірдім,

Дулы дүниеде толғанып тұрдым.

Еркек кіндікті жорғалап құрдай,

Шыққанда алдан зорланып күлдім.

 

Салпы етектілер жабыла күлген,

Шықпай-ақ қойды жанымнан мүлдем.

Талақ қып кеттім тағдырды сосын,

Қағанның алтын тағына мінген!

 

Нәр болып енді қайыңның сөлі,

Қымыздан қарттық айырды мені.

Толағай толқын үйіріп соқса,

Болар ма екем жайынның жемі.

 

Ақыры, жастан кем түскен бізге,

Сая бар сәні келіскен күзде.

Әйтсе де менің ерлігімді ерен,

Өршелене аққан ертістен ізде!

 

Желтоқсан құрбандарына

Бұрқасындарда жалаңтөс шыққан боздағым,

Шемен боп қатқан шерімді бірден қозғадың.

Көк мұзды ерітіп, ақ қарға қаның төгілсе,

Тәуелсіздікке қолыңды ерте созғаның.

 

Шынжырлап байлап, бұғаулап бір сәт бағыңды,

Арыңды қорлап, талатып итке тәніңді,

Теміртор құрып, түрмеге тығып, тоғытып,

Қандыкөз жендет сындырмақ болды-ау сағыңды.

 

Сен сонда бірақ жабыққан жоқсың, білемін,

Еркіндік үшін түрмеде талмай түнедің.

Түнекті тіліп, қапасты бұзып, талқандап,

Жететін таңның жез арай нұрын тіледің.

 

Желтоқсандағы ызғырық өтіп өкпеңнен,

Әділдік іздеп, қаншалық зардап шеккенмен.

Келер күндерден күншуақ күткен елімнің,

Көкірегіне бостандық дәнін еккен-ең!

 

Жат мінез біреу жайламас енді төрімді,

Намысың сенің таспа боп тастай өрілді.

Ақ қанат арман қалықтап, өзің аңсаған,

Қазағым бүгін заңғар биіктен көрінді!

 

Азан

Азаншы үні...

Дүние сөзін ұмыттым,

Аллаһқа – мадақ, адамға – сабақ сыр ұқтым.

Саулаған сарын санамда сәуле сапырып,

Жаратқан ием, жаураған жанды жылыттың!

 

Әуезді азан әуезін таңнан сіміріп,

Келеді көңіл түндігі ептеп түріліп.

Тыншығып әлем жайылған алақанымда,

Жан дүниеме періште тұрды үңіліп.

 

Жеткендей бағзы заманнан үні Біләлдің,

Күмбірлеп жаһан, жарқырап кетті-ау мұнар күн!

Сардары екі дүниенің Аллаһ елшісі,

Күн сайын азан етуге сонша құмармын!

 

Екіұдай көңіл жайланды бір сәт аптығып,

Қайырлы хамат соңынан түсті тәтті үміт.

Намазхандардың құлшылықтарын осынау

Қабыл ет Аллаһ Тағалам, енді сәтті ғып!

 

Ақ ордалы Астана

Астана, сені бабалар қиялдап өткен,

Ақ жұпар, балғын бағыңды қияр ма көктем?

 

Көк тулы, аппақ баталы ордасы Елдің,

Жұлдызды даңқың жөңкіліп қиянға

жеткен!

Сарқырап ағып Алаңнан тамам күй легі,

Жауқазын гүлді ақ самал ән әлдиледі.

Терезелерден сыңғырлап секіріп түсіп,

Барады ойнап күлкілер балалы үйдегі.

 

Өзіңмен құрдас ұл, сірә өзге ұлдан ерек,

Телқоңыр тайын тарланнан оздырған кенет.

Жас ғасыр заңғар үй салып

тас кітап сынды,

Тәуелсіз жылдар тарихын жаздырған бөлек.

 

Мекендеп барыс намысты ой

жас қала төсін,

Өр мінез Елім сан жұрттың

бастаған көшін.

Ай нұры жүзген Есілдің айдынындағы

Жырлайды толқын думанды Астана кешін.

Болған соң бүгін осынау кешіңе мейман,

Менің де жырым Есілге есіле құйған.

Кеудемдегі ұлық сезімді оятып алды,

Мұрасы ата-бабамның төсіңе жиған.

 

Көзімде көлкіп Сарыарқаның өңірі құтты,

Саябыр таппай қойды ғой сабырым тіпті.

«Бәйтерегіңе» шықтым да,

бір тілек айттым:

«Бәйтерек елдің болсын», - деп

«тамыры мықты»!

 

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 28 29
30 31