Жазушының жады- қазынасы

 

 

Алпысыншы жылдардың басы. Қарағанды педагогикалық институ-тының соңғы курсында оқып жүрген кезім. Институтта дәріс оқыған ұстаздардың бәрі де білгір. Солардың арасында Талғатбек ағайдың мерейі үстем. Сәлкен Балаубаев, Файзолла Кендібаев, Ғабдолла Мейрамов, Анна Николаевна Тен сияқты ұстаздардың сабақтары ерекше тартымды, тәлімді болатын. Бір күні педагогикалық тәжірибеге баратын болдық. Бір топ студент қаладағы №2 мектеп-интернатқа келдік. Жанары нұрлы, бөкен қабақ, талдырмаш келіншек қарсы алды. Аты жөні - Мәпіш Шәріпқызы. Ол кісінің басшылығымен тоғызыншы сыныпқа Шоқан Уәлихановтың шығармашылығы туралы сабақ өткіздім. Мәпіш апай: «Дайындығың жақсы, тілің жатық, сөйлемдерің де жүйелі, тақырыпты толық меңгеріпсің. Сабақ мақсатына жетті», - деп оң бағасын берді... Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт артта қалыпты...

Бүгінде кітап жазғыштар көп. Жақсы дәстүр десек те, әр нәрсенің жөн-жобасы, жауапкершілігі бар. Әркімдердің жазбаларын оқып жүрміз. Айтар пікір, алған әсер де екіұдай - әрқилы. Абай айтқандай: «Бір көруге жап-жақсы қазаны мен қақпағы». Алайда, осы көп нөпір арасында «тер сіңген», «тіске басар дәмді, дәнді» кітаптар да аракідік кездесіп қалады. Соңғы оқыған кітабымның аты - «Ай сәулесі» әдеби жинағы. Авторы - Мәпіш Шәріпқызы. Сөзі құнды, ойы құнарлы. Мәпіш апайдың өз сөзімен айтар болсақ: «Сөнбеген сөзде жалын бар» («Ана тілім – аяулым»). Автордың көңіл елегінен өткен ой-толғамдары заман тынысымен сабақтас. Атадан өсиет, анадан қасиет, ұрпаққа аманат сөз көркемделіп өрілсе ұтыс мол. Мәпіш апайдың өлеңдерінде, мақал-мәтелге ұқсас ақыл-нақылында ойшылдық жатыр. («Қайғы келсе басыңа, езілме, күйреп жасыма» - 26 бет, «Билеушіге нысап керек ұятпен» - 37 бет, «Адамдықтың діңгегі – адалдық», т.б.). Ақынның ата-ана, махаббат, ілім-білім, отансүйгіш-патриотизм, еңбек, ауыл, дала туралы өлеңдерінде, адамгершілік, достық, адалдық жайлы ойтерімдерінде жүректі жандырғандай мұңы мен шері, қуанышы мен жұбанышы жатыр. Қарапайым да шынайы. Ақын сабырлы, парасатты, сары алтындай салмақты. Мәпіш ұстаз тап-таза тірлікті, адалдықты аңсайды. Ашкөз пенделердің тағдырына алаңдайды. Асылы, ақын, жазушы апамыздың пенде көңілінде әртүрлі бұлтақ бар. Бейопа жалғандық, күйкі тірліктен жан-дүниесі ауырғандай. Оңаша отырып ой толғар шабытты шақ қатыгез дәуірдің бұғауынан біржола құтқаратындай. Кіршіксіз көңіл қолына қалам алып, ақ қағазбен сырласқанды қалайды. Соңымда мұрагер сөз қалсын деген асыл арман алға жетелейді. «Ағып келем күндерімді санамай» дейді ақын апай.

Ой жүгірттім жүріп өткен жолыма,

Отырмаппын ат шығарар орынға.

Белгі болсын, ұрпақтарым оқысын,

Қалдырамын кітабымды соңымда.

(«Ескерткішім қалдырар» - 6 бет). Зайырлы, даналық сөз дара келмейді. Ол зор машақат-тебіреніс пен сезім толғағы десе, ләзім. Ақын, жазушы, ұлағатты ұстаз Мәпіш апайдың көкжиегі, қиял әлемі көлеңке мен күншуақтың күресінен туады, ой кемелдігі күрсінуден, күйзелуден шығады. Автор жаһандану заманында өмір сүріп жатқан адамзат ұрпақтарының ара-қатынасы, ұлттық рухтың тоқырауы, қазақи дәстүр, мінездің қожырауы сияқты пендешілікке налиды. Көлеңке мен күнгейдің арасынан жанға дауа болардай жарық сәулені іздейді. Жақсыға сүйініп, жаманнан жиренеді («Осындаймыз», «Ізгіліктен аттама», «Бай болсаң», «Малы бардың», «Билік туралы» тағы басқалары). Жалпы поэзиялық туындылары жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты, қасиеттілік пен қасиетсіз қарабайырлықты салыстыру арқылы оқырманға ой салатын үлгісі озық шынайы тәлім.

Жілігі жігерсіздің татымайды,

Пысыққа құл болады басыбайлы.

Созылған ащы ішектей бозөкпелер,

Өзін емес, өзгені асырайды, - ащы, уытты сарказм – бүгінгі тірлік. Асылы, астарлы аллегория, жарасымды әзіл, зілсіз юмор тақырып аясын кеңейте түскен. «Тәкеңмен сұхбаты» - жанға шуақ, жүрекке жылы сезім талғамы, пәк көңілдің ажарындай тым әсерлі. «Айна алдында» деген өлеңінде:

Қара шаш, қара көзді, ақша маңдай,

Деп тұрмын тек ішімнен «беу, жалған-ай».

Кемпір, шал көз жасаурап тұрмыз, міне,

Жылдардың бізді аямай тонағаны-ай.

Нәзік сезім, сазды сыр, назды жыр... Осындай мөлдір лирика кітаптың басты жүгі...

Мәпіш Шәріпқызының өлеңдері, әсіресе, прозасы домбыраның қос ішегіндей қосарлана тартылған өмір ағыны – шынайы шындық. Шып-шымыр шығарманың айтар ойы, көтерер жүгі расында зілмауыр. Жазушының ізденісі мен шеберлігін қара сөздерінен - әңгіме, очерктерінен анығырақ байқауға болады. Оқиға желісі нанымды, тартымды да әсерлі, тілі көркем де кестелі, оқиғаларды ширату, психологиялық иірімдердің әсер-қуаты, композициялық құрылым автордың ақындығынан гөрі жазушылық қабілетінің артықшылығынан білдіретін басты жетістігі болар. «Ай сәулесі» тақырып аясы кең өзіндік үні бар, тілге шұрайлы, оқуға жеңіл, ұлағат – ғибраты мол кітап... Шағын мақалада кеңінен толғап, көсіле төгілу мүмкін емес. Жинақтың полиграфиялық-техникалық безендірілуі де ішкі мазмұнына сай. Тартымды-ақ. Француз жазушысы Оноре де Бальзак: «Кісі естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады. Жазушының жады – қазынасы» деген. Өмірден терген тәлімі мол Мәпіш Шәріпқызы сынды қаламгерге: «Жады-қазынасы ортаймасын, жазары таусылмасын» дейміз.

Қайрат Мұзапарұлы ӘБЕН,

ардагер ұстаз, Павлодар қаласы.

 

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 28 29
30 31