Әңгіме болсын, тыңдаңызшы, пожалыста!
Автобусқа жол-жөнекей бір егде жолаушы мінген ғой. Ішінде отырған бір жігіт: «Аға, мына жерде бос место бар, бос место...», - деп, қатарлас тұрған бос орынды нұсқапты. Сонда кейіндеу отырған ересектеу біреу: «Жігітім, сен не чисто қазақша, не чисто орысша сөйле...», - деп өзінше ескерту жасаған екен. Өзін таза бір тілде сөйлеймін деп ойлап отырған болу керек. Сол айтпақшы, біз де әңгімеміздің арасында басқа сөздердің қалай кіріп кететінін байқамай қаламыз.
Дегенмен, сол бір арам шөп сияқты қыстырылып қалыспайтын сөздердің арасында кәдімгі «пожалыстаның» орны бөлек сияқты.
Ел аузында «Темірді соға алмайды жаман ұста, орыстың бір мәтелі – пожалуйста» деген сөз бар. Пожалуйстаның қазақша баламасы – «Мархабат етіңіз!» екені баршаға аян. Алайда, бұл сөзді аударма кинофильмдерде ғана естиміз де, ауызекі тілдесу барысында көбінесе орысшасын қолданамыз. Өтірік деңізші..! Дей алмайсыз!
Бірде базар ішінде асығып жүріп, қорапшалар көтеріп келе жатқан бір келіншекті абайсызда қағып кетіппін. Келіншек «Слепой! Очки надо одеть!» сияқты сөздермен байбаламға салып, бұрқылға басты. Дереу кешірім сұрап, қорапшалардан шашылған жеңіл аяқ киімдерді жинасып, қолына дұрыстап салып беріп, таза қазақша «Мархабат етіңіз! Ғафу өтінем!» демеймін бе. Сол жерде әлгі келіншек аш қарынға ащы пияз жегендей одан сайын тыжырайып: «Не-ме-не? Пап-то-ри!», - деп, тұлан тұта жөнелді. Айналадағылар бізді тамашалап тұрғандай. «Мархабат етіңіз!», - деймін мен тағы. «Чо! Какой тебе маркабат или макаббат? – деп, ит көрген ешкі көзденіп, түрі одан сайын бұзыла түсті.
Сасайын дедім: «Извините, пожалыста! «Мархабат етіңіз!» – это по русский – «пожалуйста!». Пожалыста, извините!» деп, бәйектене жөнелдім. «Так бы и сказал. А то какой то макабат, маркабак. То ли еще тебе махаббат. Захотел еще!», - деп барып, сабасына түскендей болды. Тағы бір мәрте: «Пожалыста, извинитені» айтып жіберіп едім, маған көзін бір бадырайта қарады да, келіншек әйтеуір жөніне кетті-ау.
Содан бері «пожалыстаны» жанымнан қалдырмаймын. Рас айтам!
Осы «пожалуйстаға» дейін болған бір әңгіме айтып берейін, пожалыста! Осыдан үш жыл бұрын үлкен ұлымыз Берік үйленді. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген, әйелім екеуміз дайындыққа кірісіп кеттік. Алғашқы қызығымыз, тәжірибе жоқ. «Жоспар құрайық, ақылдасып алайық» деп бастаймыз да, іске кіріспей жатып, өзара келіспей қаламыз. Қайта-қайта бет жыртысып, сөзге келе бердік. «Осы той өтсін, кетем сенен!» деп шаптанып шығатын болды әйелім. Бірде ұлымыз Берік те араласты: «Әйел алмай-ақ қояйын, қойыңдаршы өзі!» - дейді. Ұлымыз ренжімесін, тойға кесірі тимесін деп кейде өз өзімізді тоқтатқандай, ұрысты доғарғандай боламыз-ау. Қайдағы! Ұмытып кетеміз де, кейде тіпті дүкен, базар ішінде де егесіп қала береміз. Ол арада әдеп сақтаған боп, «жекпе-жекті» үйге келіп жалғастырамыз. Әбден қайнап кететін кез де болады. Ондайда мен қолымдағыны лақтырып, жолымдағыны теуіп, далаға безіп жөнелем. Тілі буынсыз, аузы тығынсыз әйеліме өзімше қыр көрсетем. Басым бөркіме сыймай кетеді. Бар қыратыным - үй сыртында тұратын көрші Есболатқа тартамын. Ол да мені қашан шығады дегендей, қақпа сыртында күтіп отырады-ау. Қалтамда тойдың анасы-мынасына жұмсағаннан қалған шамалы тиын-тебен бар. Содан не керек, түн ортасына қарай ашуым басылып үйге келемін. Несін айтасың, өте қиын болды!
Биыл екінші ұл да басын құрайтын болып, тағы той қамына кірістік. Бұл жолы біздікі жалпы басшылық болды. Баяғы базардағы оқиғадан кейін «пожалыстаны» жанымнан тастамай жүрмін дедім ғой. Ең бастысы – «пожалыста» деген сөзді орынды айтып отырсаң болғаны... Соның пайдасын енді көре бастадым. Айтайын, тыңдаңыз пожалыста! Құдаласуға бару керек болды. Біздің жақтан баратын жеті-сегіз кісінің тізімін жасап жатырмыз. Бұрын осындай тізім жасағанда келіспей қалушы едік қой. Енді: «Сен жақтан бес кісі болып кетті, мен жақтан екеу-ақ, теңестір, пожалыста! – деймін. Бұрын «пожалыстаны» қоспағанда айтқандарым әйеліме әкіреңдеу, әмір беру, кіжіңдеу сияқты естілген жобасы. Енді бір өтініш жасап, өте-мөте қиылып сұрап тұрғандаймыз. «Пожалыстаның» пайдасын әйелім де мойындады. «Оказывается ұрыс не получается», - дейді керемет жаңалық ашқандай. Расында ұрыс-керіске тоқтау болғандай. Тіпті, болмай бара жатқанда әйелім «аузыңды жапшы, пожалыста!» дейді. Өтініп, сұрап тұрғанда қалай аузыңды жаппайсың?! Жабамын. «Сөзіңді доғар, пожалыста!» десем, әйелім де сөзін тоқтатып, сөйтеді. Бұрынғыдай Есболаттікіне де безіп кету жоқ. Келмей кеткенімді де, Есболат, кешір, пожалыста!
Жалпы, ұрыс-керіссіз тұрайық десеңіздер, әлде той-домалақ өткізетін болсаңыздар, міндетті түрде «пожалыстаны» қолданыңыздаршы, пожалыста!
Қайыргелді ТОҚТАМЫСОВ,
Павлодар қаласы.

