1974 жылдың тамыз айы. Арман қуып Алматыға келіп, ҚазМУ-дың филфагына құжаттарымды тапсырып, қабылдау емтихандарын тосып жүрген күндердің бірінде, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мұқағалиді көрудің, ақынмен жүздесудің сәті түсті. ҚазМУ-ға мен қатарлы құжат тапсырған Қытайдан келген қазақ жігіті Мұқағалиді біледі екен. Мен Мұқағалиді көргім келеді, ақынмен кездесудің жолы бола ма екен деп едім, «Мұқағалиді көргің келе ме? Қазір осы жермен «Гүлдер» кафесіне барады, әне өзі де кетіп бара жатыр», деді ол.
Қасында екі жолдасы бар ақын расында да университеттің қасынан өтіп бара жатты. Екеуіміз тұра жүгірдік.
Кафеге келдік. Ақын жолдастарымен бірге бір үстелді жағалай өзара әңгімелесіп тұр екен, біз де сәлем беріп қастарына жақындадық. Сол жерде Мұқағалидің қасындағы жігіттермен дастарқандас болып, кафеден сыртқа шыққан сәтте батылдығым ұстап, ақынға Төлеген Айбергенов туралы сұрақ қойып, жақындай бастадым. «Төлеген ағамызды көріп пе едіңіз?» дедім. Ол бірден «Сағынышты» маған бірінші әкеліп оқып берді ғой» деді. Мен Мұқағали ағамызға өзінің «Жамылып сағыныштың сал шекпенін» деген өлеңінің бірінші шумағын сол жерде өзіне оқып бердім. Ол «Әкел, енді, сенің өлеңіңді мен оқиын» деді. Қойын дәптерімдегі шатпағымды оқып шығып, «Нағыз ақын боламын десең, ешкімге сүйенбеуің керек, тасты жарып шыққан гүл сияқты өзің ғана шығасың» деді ол. Сол сәтте осы жерге мені бастап келген қасымдағы пәтшағар, «Аға, сізді С. (бұл жерде белгілі ақын ағамыздың аты-жөнін әдейі жазбай отырмын) «Лениншіл жаста» сынап-мінеп жазыпты ғой» деп қойып қалғаны. «Әй, ол бұқа мойын, боқ қарыннан, - деді Мұқағали, - мен одан яки, он жыл бұрын, яки, он жыл кейін, бәрібір өш аламын».
«Құдайдай көріп жүрген астанадағы ақындар арасында осындай да тірлік болады екен ғой» деп ойлап едім сол кезде.
Төлегенді жер қойнына бергенде топырақ салған Мұқағали ол туралы өшпес өлең жазды. Екеуі де қазақ елін сағынтып мәңгілікке кетті. Артында өлмес жырлары қалды. Ұлы Сағыныш қалды. Соған да шүкір дейміз.
Кейінгі жас ұрпақ Төлеген мен Мұқағали жырларын оқыса, олардың ой мен сезім мұхитын кешетін болса, қазақ деген халық ешқашан тарих сахнасынан кетпейді де өшпейді.
Серік МҰХТАРОВ,
Май ауданы.

