Бейбіт БӨЖЕН - көпшілікке етене таныс, «сауырына қамшы салдырмас» жүйрік айтыскерлердің бірі. Дүбірлі жыр додаларында көзге түсіп жүрген оның қаламынан туған жыр жолдары да әрдайым оқырман назарында. Бейбіттің бейнелі ойларын кестелеген жаңа жыр шумақтарын ұсынып отырмыз.
Біздің ел
Көк терегін тоғайдың тасалар күн,
Гүлін көріп бұлт көзіне жас алатын.
Біздің елдің құлыны құлан тектес,
Қашса қасқыр шаңына шашалатын.
Ақ селеуі ойпаттың шілігіндей,
Тауық пенен қырымның шілі бірдей,
Қармақ болар балаға қамысының,
Жуандығы атанның жілігіндей.
Тобылғысын асау байлар қазық қылған,
Қуған атты елігін қажып тынған.
Көлдерінің толқыны тас үгітіп,
Бір шабағы үш адамға азық болған.
Артып түсер қарақат сөлі балдан,
Тасығанда асады көлі жардан.
Бүлдіргенін таңдайға басқан адам,
Апта бойы марқайып шөлі қанған.
Шіліменен қырында шулаған құр,
Ұлдарының ішінде тулаған жыр.
Қыздарының қылығы көз тұндырған,
Бәрінен де биіксің туған ауыл.
Нәпсі
Айналғанда ала түн жолдасыма,
Қамшы бастым нәпсінің жорғасына.
Ертеңімнен бүгінім бақыттырақ,
Бірақ сол ой сыйлауда сор басыма.
Нәпсі шіркін көнбейді емге тегі,
Арзан күлкі аранын жемдетеді.
Саптыаяқтан ұрттаған сары ашытқы,
«Сегіз шардың» соңынан сенделтеді.
Жем іздеткен серілік жорығыңнан,
Азат еткен қайғы мен торығудан.
Қыл мойыннан жиіркеніп жұтқан заһар,
Сырдың суын келтірмес тобығыңнан.
Айналсоқтап арсыз іс айналаңнан,
Ар мен ұят көміліп жайға қалған.
Шабарманы нәпсінің миды жаулап,
Далбалақтап шабады жайдақ арман.
Соқа бастың атқанда сұйық таңы,
Сығалайды санама күліп тағы.
Жетер енді,
Қойдым бәрін!
Ә, бірақ,
Жем сұрайды шайтаным иықтағы.
Тірлік-ай...
Қасқа тірлік-ай...
Әйелдерді еркекше киіндірген,
Еркектерге әйелдің сыйын берген.
Жақ сүйегін айырып ауызынан,
Арыстандар бақаның миын жеген.
Қасқа тірлік-ай...
Мықындарға шүберек жетпей жүрген,
Бассыздар бар басатын бектей кердең.
Ұлтым деген ұлдарды ұңғы аңдып,
Мінберлерге арда сөз өтпей келген.
Былық тірлік-ай...
Тель-авивтен ақ халат тірек тапқан,
Мәйітхана мүшені іреп сатқан.
Мұсылманның баласы шіркеу кезіп,
Мойынына қарғы бау крест таққан.
Арсыз тірлік-ай...
Бала тілі майысып шешең деуге,
Аспан астын шулатты өңшең кеуде.
Беттерінен әр тайып қаракөздің,
Ылық маусым жалғасқан көшелерде.
Әй, тірлік-ай...
Кедейлерге бақуат бұйырмаған,
Теңгелілер төренің сыйын алған.
Бес бақырлық құны жоқ бес күн жалған,
Пендесінің соқпағын шиырлаған.
Тікенек
Түркі жұртымның тектілігін тілімнен тауып таныдым,
Өзіңде жатыр өлексе қылмас өнеге, өрлік тамыры.
Қазақ тілінің қаймағын жұтып, күйігін күйттеп өтейін,
Көз алдымда елес берсе де қырау қарыған қабірі.
Арда боп туған ардагер тілдің кеңімей қойды арнасы,
Жығылды жаман, жаныма батты күреспей тиді жамбасы.
Төргі үйдегі тағдыры кеше таразыға түскенде,
Көр көкіректің кеудемде қалды кекке бара-бар таңбасы.
Тіл деген тірі ағза емес пе еді тарылта көрме тынысын,
Қазағым-елім таситын мәңгі басыңда тұрған ырысың.
Құдайдың құлы, ұлтыңның ұлы боламын десең мәңгілік,
Майырып тастау парыз ғой бізге тіл дұшпандарының қылышын.
Ожауын жүрген өзгенің жалап ағалар үшін опындым,
Қарагер тілің тұрғанда ақсап, жиренге қарап «шоқындың».
Жарасын жалап жағасы оның жыртылып бүгін жатқанда,
Қос жанарымнан тамшы жас тамбас күйін кешемін соқырдың.
Құрдымға бастап құтайтпай қойды елімнің ерке талабы,
Қазақ тілінде таза сөйлейтін қазақтар ғана бағалы.
Жырақта қалмай жұмылып жұртым көтерейік жалауын,
Тұнығын былғап түседі қанша туырлығына табаны.

