ІЗЕТ КЕРЕК, АҒАЙЫН

Белінде көгілдір белдеуі бар автобус бүйірімен жер сызып келіп, аялдамаға тоқтай алмай ыңыранған бойымен әрі асып кетті. Көліктің өзіне керек нөмірін алыстан байқап қалған қырағы көз жолаушылар жарық көрген шіркейдей шұбырып, өңкиген дөңгелектінің соңынан лап қойды. Бір-біріне жол бермей, сөмкемен ұрып, жарысып жөнелді. Бәкең жаяу жарыстан жүлде алып көрмесе де, бақшадан алма ұрлаған балалардың алдынан табылып, қуғыншыға өмірі жеткізбей кететін. Бой жағынан ұзындарға қосылмағанмен, ергежейліден ауылы алыс. Қағаз-пағаз салған пәпкісін қолтығына қаттырақ қысты да, автобус аңдыған қалың жұрттың ортасынан сытылып шығып, алға суырылды.
Аялдамадан 50-60 метрдей жерге дөңгелегін тежеген автобустың алдыңғы есігі сықырлап, гүтірлеп, зорға ашылып жатқанда, жүйріктігіне қамшы салдырмаған екі-үш жолаушының қатарында Бәкең де жетіп, есікке жабысты.
- Ой, мыналар қайтеді-ей, біз түспейміз бе? - дейді көліктің не сыртына шыға алмай,  не ішінде  қала алмай  кептелгендердің бірі. Оған қарайтын жан бар ма?! Есікке таласқандардың соңын ала жеткендер иықтан итеріп, бүйірден қысып, өңмеңдеп жөнелді. Автобустың ішіндегілер «Апырай, енді, жіберсеңіздерші» деп жалынғанын да құлаққа ілер адам жоқ. Бой жағынан, дене жағынан мығымдау біреу сыртқа шыға алмай тұрғанды желкесінен сүйреп жұлып алды. Жұрт қып-қызыл төбелес басталар деп іштен тына қалған. Себебі, желкесіне қол тигеннің өзі осал емес-ті. Жарықтықтың терісі кең екен.
- Рахмет, ағайын, - деді де асығыс жүріп кетті.
Осы сәтті пайдаланып, Бәкең саңылау-саңылаудың арасымен ішке кірді. «Айналайын, кимелемей тоқтай тұршы» - дегенді құлаққа да ілген жоқ. Мұндай кезде әркімнің айтқанына құлдық ұрып, сыпайылық танытудың қажеті жоқ. Оспадар мен озбырлар заманы қазір. «Сен итермесең, сені қағып-соғып кетеді. Сондықтан, қолыңнан келгенше алға ұмтылу керек» деген қағиданы кеудесіне қатырып алған Бәкең мұндай тайталас, текетірес кезінде қызынып шыға келеді.
Автобус ішінде де жұрт бірі тұрып, бірі отырып, сапырылысып жатыр екен. Бәкеңнің қырағы көзі босап қалған орынды алыстан аңғарып қалды. Қамыстың арасынан сыбдырын білдірмей секіретін жолбарыс секілді оқыс қимылдап, терезеге қараған орынға жайғасты. Өзге жұрт дабырласып-шуласып жатыр. Бәкең жылы көлік ішінде дұрыс жайғасқан соң, өзге жұртта шаруасы жоқ, жайлы ойға түсті. Бір уақытта кәртамыштау әйел дәл қасына келіп, кептеліп тұрып қалғаны. Не әрі, не бері кетер түрі жоқ. Осы тұрысынан «орнынды бер» деген сыңай танылады. «Тапқан екенсің майшелпекті. Жуас адамды». Тау қозғалса қозғалар, мен қозғалмаспын. «Мен жоқпын бұл автобуста» деп терезеге жабысып алды. Анау тамыры білем-білем шидиген саусағымен орындықтың артынан ұстап алып, үміттене қарайды. Бәкең тырс етпей терезеге телмірген күйі отыр. Бір уақытта автобус қозғалды-ау, әйтеуір.
- Ау, әжесі бері кел. Отыр. Бәкең дауыс шыққан жаққа қараған. Көзілдірік киген қария орнынан тұрып келеді. Оның да қолында ол-пұл салған торы, арқар мүйізді таяғы бар.
- Отыра бер, отыра бер, жастар бар ғой.
- Пәлі, сондағы жасы мен болыппын ба? Салон ішіндегілердің төлқұжатын қарап шығайыншы, кәні қаншасы менен жас екен. Бәкеңнің ойын ұғып қалғандай, бір жастау жігіт орнынан тұрды.
- Міне, балам тұрып жатыр. Өркенің өссін айналайын, - деп қария алғысын жаудырып, бос орынға жайғасты. Бәкең тершіген мандайын жеңімен сүйкеп өтті. «Бәсе, әй, осы жастар-ай. Жұртты әурелемей, бірден бере салса қайтеді. Олар да шетінен орыншыл-ақ. Көше кезуден аяқтары талмаса, басқа не бітіріп жүр. Прямо ізеттілік жоқ бұларда. Біраз бұлқылдаған Бәкең - теледидар программасына көз тікті. Футбол, мультфильм дегендерді енді құлшына іздей бастап еді, жан-жағы әлдене шуға толды да кетті. Еріксіз мойын бұрды. Кілең балаларын сүйреткен әйелдер. Шұбырып мініп жатыр, мініп жатыр. «Түу-у, шорту, бұларға да орын беру керек» деп қынжылды. Жалпы, жүгірмегін жетелеп жүруді Бәкеңнің пешенесіне жазбаған. Әкелсе, бақшадан келіншегі әкеледі. Таң азаннан дедектетіп әкететін де сол. Кім біліпті, оған да орын ұсынған «сыпайылар» болды ма, болмады ма, әй, қайдам. Бәрі де автобуста газет оқығыш, кітап оқығыш болып шыға келеді. Жұмсақ орынға жайғасып, манаурап отырған кімге ұнамайды дейсің. - «Қой, Бәке екінші бетті аударыстырып жібер».
- Мама, мына ағай автобуста газет оқиды. Ал садикте бізге жол үстінде, транспортта журнал оқып, сурет көруге болмайды дейді.
«Қап, тәмпиіп алып пысығын-ай! Шешесі: «қой, Маратжан, ұят болады» демесе, жүгірмектің тағы бірдеңе айтар ойы бар. Бәкең бетін көлегейлеп, газетін жиыстырып терезеге бұрылды. «Ал енді қасыма келіп кім қылқиып тұрса да мен жоқпын».
- Сәлем бердік! - Біреу жауырынынан қағып қалды.
Сәлем бергішін бұлардың. Білеміз бұл қылықты. Майдалап келіп, аузындағы май-шелпекті қағып кететін қулардың ісі. Құдайға шүкір, дарақыланып қарқ ете түсетін қарға емеспіз. Аңтарыла қарап, аңыраймай бас изей салу керек. Оның да құлқынын тесіп тұрған орын болар.
- Иә, денсаулық қалай?
 Қой, мынаның жалпылдауын-ай, тегі. Денсаулығымызды қайтпек. Е, білдік, білдік. «Жақсы» деп жарқ етсең: «Ағайын, біздің     халіміз соңғы кезде болмай жүр. Әнеукүні салқында гастрономға жүгірем деп суық тиіп, бүйрегім шаншып, автобуста жүрегім қысылып, ентігіп қала берем. Белгілі, белгілі, бұл жұртқа «сәулем айдай» таныс ән. Ол болмайды. Саулығымыз жақсы, тепсек темір үземіз. Сырадан он-он бес сапты аяқ сімірсек те, қыңқ демейтін қарынымыз бар. Тісіміздің түгелдігі былай тұрсын, алтынмен қаптап алғанбыз. Мұны айтпаймыз, әрине, «аздап тұмауратып...» - деп мұрынды бір тартып міңгірлесек болғаны.
- Қай жаққа бет алдыңыз?
«Сайра-сайра сандуғашым. Шамалыдан соң түсеміз десең бітті. Біз қашыққа бара жатыр едік. Ендігі сіз тұрып, біз отырып. Әңгімелессек, сол ғой айтары. Әңгімеңіз өзіңізге, зауқым жоқ, ағайын. Сенсіз де аядай автобуста нервіме тигендер жетеді.
- Оу, Бәке, мойыныңды бұрсаңшы. Соңғы аялдамаға да келдік.
Бәкең ақырын көзінің қиығын тастады. Былтыр бір мекемеде бетпе-бет столда отырған Таңқабай. Қызметі өсіп, жоғарылап кеткен. Бірақ, қарапайым. Автобуспен жүруге де ерінбейді.
- Сәлеметсіз бе, - деді абдырап қалған Бәкең.
- Түсіңнен  шошып отырсың ба? Сәлемдестік қой жаңа. Бұл отырысыңа қарағанда, аялдамаңнан да өтіп кеткенсіз-ау, шамасы.
- Иә, сөйтіп, жұмыстан шаршап, діңкем құрып...
Бәкең міңгірлеген күйі автобустан солбырайып түсе берді.

Ғалымбек ЖҰМАТОВ,
жазушы.
 

 

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29