Өткен жылы ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейлі мерекесі ел көлемінде аталып өтті. Шет елден және еліміздің әр түкпірінен келген қонақтармен бірге мен де сол тойға барып, зор әсерге бөлендім.
Алматыдан таң ата шығып, жолда Райымбек батырдың ескерткіші алдында тағзым етіп, оқылған дұғаның ішінде болып, сол жерден ақын ауылы Қарасазға жол тартқан болатынбыз. Қарасаз сол күні ерекше сәнге бөленді. Менің бір риза болғаным, қарасаздықтар есіктерін айқара ашып, ерекше қонақжайлық танытты.
Ақынның: Сен менің еліме бар, жерімді көр,
Жандар бар әр нәрсенің жөнін білер...
Мен туралы сөйлейді шоқыларым,
Мен туралы сыр шертер топырағым...-дегені осы болса керек.
Мәдениет үйінде «Жаһандану және Мақатаев әлемі» атты ғылыми-практикалық конференцияда қазақтың белді де бетке ұстар белгілі ақын-жазушылары, ел ағалары көптеген мәселелерді көтеріп, өздерінің ақын шығармашылығына байланысты ойларын айтты. Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин басқарып, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы төрағасы, Бас Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі ақынның имандылық тақырыбын жетік білгенін атап өтті.
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан келген Қайша Тәбәрікқызы Мұқағали өлеңдерін қытай тіліне аударған екен. Жарық көрген жаңа туындылардың бірін сол елдің телеарнасының қызметкері Лина Шекенқызы оқып беріп, халықты бір елең еткізді.
Келесі күні таңертең Мұқағали музейінің жанындағы ескерткіш алдында ақын апамыз Надежда Лушникова, асылдың тұяғы Мұрат Әуезовтермен естелік суретке түстік.
Шара жалғасында ортаға шыққан Несіпбек Айтұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов, Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев ағалардың құттықтауынан кейін ақын бала Жамбыл Дүйсенбі «Нағашымның ауылына келдім» деп жар салып, жыр төкті. Ақынның ұлы Жұлдызға автокөлік кілті табысталып, «Мұқағали қоры» жұмысына ерекше баға берілді. Жұлдыз тебіреніп, халқының ақынға көрсеткен сыйына алғысын жеткізді.
Мұқағали - Хан Тәңірідей теңдесі жоқ ірі тұлға. Ақынның туған жері - Нарынқолдан екенімді мен мақтан тұтамын. Бақытыма орай, маған Мұқағали ағамен дидарласудың сәті түскен еді. 1961 жылы қазіргі Нұрбапа Өмірзақов атындағы мектепте оқыдық. Біз таңертең мектепке барғанда Мұқағали ағамыз ұстазымыз Лашын апай, қасында қызы Майгүл бар, бірге келе жататын еді. Ол кезде ағамыз аудандық «Советтік Шекара» газетінде жұмыс істеді.
1972 жылы Украинада өткен студенттер «Достық» форумына қатысып, сонда оқитын қарақалпақстандық қазақ қызы Шәрипамен таныстым. Бірнеше жылдар хат жазысып тұрдық та, кейін мен дос қызымды Алматыны көруге шақырдым. Онымен атақты Құрманғазы оркестрі және майталман әншілердің қатысуымен өткен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық кешіне барғанда, Мұқағали ағамен қатар отырып, қолтаңба алып, қонақтарыма «менің жерлес ақын ағам» деп мақтанып едім. Сол күнгі екі ел ағалары -Нұрғиса мен Мұқағалиға деген халықтың құрметі мәңгі естен кетпейді.
Мұқағали ағамыз бір өлеңінде:
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, соған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! – деген еді. Артында таусылмас жыр қалдырған, өмірін әнге бөлеген ақын ағамыздың есімі - мәңгілік. Мұқағали мұрасы – халық қазынасы.
Әстерхан СӘРСЕНБАЕВА,
Екібастұз қаласы.

