Интернетті ақтарып отырып, бір сайттағы фотосуреттерге көзім түсті. Кәдімгідей жағаңызды ұстайсыз. Көршілес Қытай жерінде өндіріс қалдықтары Сары теңізге құйылып жатыр. Жан-жақтан сарқынды сумен бірге ағып келіп жатқан зиянды, улы заттар судағы тіршілік біткенді қынадай қырып, кілкіген үстіне қоюланып кеткен. Табиғатқа тиіп жатқан залалдың зардаптары жан түршіктіреді. Теңіз төңірегіндегі ауыл тұрғындары - туа біткен мүгедектер, кейбірін адам баласы деуге ауыз бармайды, бір мақұлыққа ұқсап кеткен. Бүгінде өркениетті индустриясымен өзгелерге үлгі болып отырған Қытайда мұндай құбылыстың барына бастапқыда сену де қиын. Ханзулар өткен жылы Жапонияны ығыстырып, әлемдік экономикада екінші орынға жайғасты. Алайда ол елдің де басына қатер болып айналып соғатын құбылыстарға баса мән бермей жатқаны ма? Бірақ қоршаған орта мәселесіне қол сілтеп, өрге ұмтылу өмірімізге қаншалықты зор қауіп туғызатынын ұмытпасақ керек-ті. Қандай прогресс болса да, Табиғат-Ананың бір зілзаласынан-ақ күлі көкке ұшатынын Күншығыстағы қиындықтан-ақ аңғарып отырған жоқпыз ба?
Экология мәселесіне келгенде, қазақтың да соры қалың. Кеңес өкіметі күріш өсіреміз деп, дәуірінде айдыны жарқыраған Арал теңізін табанынан тұз ұшқан сортаңға айналдырды. Даламыздың қырық жыл бойы ядролық сынақтардан көз ашпағанын тағы қосыңыз. Осы апаттардың зардабын халық әлі күнге дейін тартып келеді. Бұл жерде біз көптеген дәлелдер мен деректер келтіріп жатпайық. Айтпағымыз – осы бір экологиядан тапқан қасіреттерімізден сабақ алдық па? Әлде Қытай секілді инвестициялық байлыққа көзіміз құнығып, басқаны көре алмай келеміз бе?
Екібастұз қаласына қарай жол тартайықшы. Кеншілер шаһарына таяғанда тау тәрізді үйіндіні алыстан көресіз. Бұл үйінді - көмір өндіру үшін қопарылған жердің беткі қабаты. Екібастұздың көмір қойнауы жарты ғасыр бұрын игеріле бастағаны мәлім. Алайда біраз уақыттан бері жиналған өлі дүниені пайдаға жарататын біздің әлі ниетіміз жоқ. Осы орайда ел аузында жүрген әңгімелер еске оралады. Қайбір жылдары жапондар осы үйіндіні сұрапты деседі. Бірақ біздің көкелеріміз «кейін өзіміз өңдейміз» деп, бермей қойған-мыс. Бұл шындыққа келетін әңгіме ме, жоқ па - ол жағын ешкім тап басып айта алмайды. Облыс табиғи қорлар және табиғатты пайдалану басқармасының бастығы, бұрынғы Екібастұз қаласының басшысы Нұрлан Нәбиевтен сыр тартқанымызда, «жапондар қалдықтарды сұрады» деген сөз кеңес өкіметі тұсында-ақ таралғанын білдік. Басы қосылса аңыз-әңгімелерді шұбыртып айтатын қазекем соңғы кезде «жапондар Қарағанды зауытының түтінін сұрапты» деген де сөзді сапыратын болған. Олар түтіннен мәшине доңғалағына қажет камера шығармақ болған деседі. Бұл жайттың да түбі қайдан өрбігені беймәлім. Белгілісі, халық өндіріс қалдықтарын өңдеу мәселесін армандайтын болған. Қашанғы көрген жанның құтын қашырып, төбедей болып төніп тұра береді? Жапондарға қимаған қалдықтарды өзіміз қашан өңдейміз? Екібастұзға кіре беріс тұста үйілген жердің беткі жынысы небір бағалы металл қоспаларына бай көрінеді. Әзірге бұл «таудың» алғаш қалаға сапар шегіп келген жолаушыны анадайдан үркіткеннен басқа пайдасы болмай тұр.
Нарық келгелі иесі бірнеше мәрте ауысқан көмір кәсіпорындарының экологияға деген жанашырлығы ала-бөтен десек, қателесеріміз айдан анық. Қоры жөнінен әлемнің рекордтар кітабына енген «Богатырь» кенішінде бүгінде көмірді 260 метр тереңдіктен қазып алады. Жоғарыдан көз тастасаңыз, роторлы техникасы шырпы тәрізді көрінеді. «Жер-Ананың бүйірін осынша үңгіп тастағанымыздың соңы не берер екен?» деген де үркек ой келеді. Көмірдің қайда жөнелтілетіні белгілі, ал оның қалдықтары маңаттағы тұрғындардың денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын ойласаңыз, ұйқыңыз қашады.
Дерекке сүйенсек, облысымызда жыл сайын 700 мың тонна өндіріс қалдықтары шығарылады. Бұл – республика бойынша тасталатын залалдың 20 пайызы. Өкініштісі, осы қалдықтардың көлемін азайту мәселесі қарқын алмай тұр. Қалдық өңдеу мәселесінің қаншалықты алға басып жатқанын талдап айтуға эколог-мамандардың да құлқы жоқ. Әйтеуір, станция басшылары өндірісте электр сүзгілерін орнатып жатқанын мәлімдейді. Өткен жылы осындай құрылғыны Екібастұз ГРЭС-1 станциясы орнатқан. Сөйтіп, тек бір ғана энергоблоктан шығатын зиянды қалдық 7 есеге кеміген. Апырмай, сонда осыған дейін өндіріске жақын ауылдар қаншама зардап шегіп келді десеңізші! Бір жылы жергілікті депутаттың станция төңірегінде жайылатын малдардың тістері зақым көріп жатқанын айтқанда, елдің жабылып күлгені бар. Ойлап қарасақ, бұл күлетін емес, көзден жас ағызатын қасірет қой.
Кәсіпорын басшыларының сөзіне қарасаңыз, олар сүзгілерді экологиялық төлемді аз төлеу мақсатында орната бастаған. Халықтың жағдайын ойлағаннан емес. Әлі де Екібастұз станцияларында электр сүзгілер толық құрыла қойған жоқ.
Соңғы кезде көз жеткені, мемлекетке әбден қол жайып үйренген кей кәсіпорындар қалдық тазартатын құрылғы орнатуға да жеңілдік, көмек сұрайды. «Нефтехим ЛТД» серіктестігінің директоры осы аптада өткен кеңесте министрлік басшыларына сүзгілер орнатудың қымбат екенін, осыған Үкіметтен жәрдем берілсе деген ойын айтып қалды. Осы орайда жауап берген облыс әкімі шындықтың бетін ашты. Экология – облыс тұрғындарын да мазалайтын өзекті мәселе. Ең алдымен зардап шегіп жатқан - солар.
- Үкімет электр станцияларына салық жеңілдігін де, шектік тарифті көтеру құқығын да беріп қойды. Бір кезде станциялар осы жеңілдіктің біреуін де ала алмай жүрген еді. Ал қазір өндірісті дамытатын барлық мүмкіндікке ие болды. Бірақ олардың ешқайсысы қалдықтарды азайтуға белсенді кіріспей тұр, - деді аймақ басшысы.
Халық денсаулығына зиянды заттарды шығаратын кәсіпорындар тек сүзгі құруға жұмсаған қаржының ақталмайтынын ғана уайымдайды екен.
Ақсу қаласының халқы да көк түтіні аралас ауаны жұтып жатқалы бірталай уақыт болған. Мұнда электр станциясының отыз жылға татитын тарихы бар, ал ферроқорытпа зауыты қырық жылға тақау уақыт жұмыс істейді. Қалаға жұмыс беріп тұрған, сонымен бірге, тыныс алатын ауаны да ластап жатқан екі ірі қуатты кәсіпорын - осылар. Ауызды қу шөппен сүрте бермейік. Былтыр индустрияландыру картасы аясында ферроқорытпа зауытында агломерат цехы ашылды. Бұл цех пәленбай жыл жинақталған өндіріс қалдығын өңдеп, қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай бірді-екілі өңдеу орындарының іске қосылуы аймақтың экологиялық жағдайын қаншалықты жақсартып отыр? Осыны жілікше шағып айтатын ешкім табылар емес. Соған қарағанда, ауыз толтырып айтатын нәтижеміз де жоқ-ау, шамасы.
Қытайдан бастау алатын Ертіс өзенінің де жағдайы алаңдауға тұрады. Экономикаға сүбелі үлес қосып жатқан өнеркәсіп ошақтары ұлы өзеннің ластануына да елеулі «күш» салып жатқаны мәлім. Бір кезде осы жағдайға шырылдап, «жарғақ құлағы жастыққа тимеген» бір азамат марқұм Жанайдар Рамазанов еді. Оның «Ертіс-Қарағанды» каналынан Шідерті жайылымына қайта су жіберілгенде, газетімізге сүйінші хабар айтқаны бар. Еске сала кетелік, тоқсаныншы жылдардың ортасында канал басшылығы су жіберуге ақы талап еткен болатын. «Ұлы Ертіс» қауымдастығының басшысы Ж.Рамазанов көктем сайын судың Шідерті аймағына табиғи жолмен жайылып келгенін Үкіметке, Парламентке дейін жазып, дәлелдеді. Ақиқат үшін күрескен сегіз жыл ішінде құла дүзге айналмаса да, біршама азып кеткен Шідерті өңірі қайтадан суға қарық болды. Бүгінде осы ел үшін еткен еңбектің игілігін осы маңды мекен қылған момын шаруа көріп келеді.
Өкініштісі сол, бүгінде ондай табиғатқа жанашырлығымен танылған маман жоқтың қасы. Қоршаған ортаның жағдайын «бес саусақтай» білетін, сараптап-сұрыптайтын кім бар деп те еріксіз ойланасыз.
Өткен жылы шілденің бір күнінде Павлодар қаласында қатты жел тұрып, тұрғындар көзді де, қолқаны да қапқан ащы түтінге тұншықты. Айналаны тұмшалап, бұрқасындай болып көрінген сол күннің райын, сол құбылыс кәдімгідей назар аударды. Алайда оның себебін мамандар түсіндіре алған жоқ. Кейбір экологиялық бірлестік басшылары ғана сол күні ауадағы зиянды заттардың мөлшерден тыс жоғары болғанын айтып қалды. Облыс орталығын қаптаған түтін Ақсу қаласындағы өндіріс орындарынан жеткен деген де тұжырым айтылды. Бірақ «іргеде алюминий зауыты тиіп тұрғанда, Ертістің арғы бетіндегі станцияның түтініне қалай булықтық?» деген де сауал туындады. Нақты зерттеуге негізделмеген ақпараттың жоқтығы екіұшты пікірлерді тасқындатты.
Дәл осы тұста, құзырлы мекемелердің қауқарсыздығы танылды. Біз мына жақтан мәліметті талап етсек, республикалық министрлікке тиесілі органы ондай толыққанды зерттеуді жүргізуге дәрменсіз болып шықты. Себебі, облыста гидрометеорологиялық құрылғылар аз. Ауа құрамын зерттеуге мүмкіндігі жоқ мекеннің бірі - Ақсу қаласы. Аталмыш шаһарда талай болғанымызда, станция мен зауыттың мұржаларынан шыққан көк түтін төмендегі қаланың төбесіне қоюланып жиналатынын байқағанбыз. Бұл кезде қала тұрғындары терезе желдеткіштерін жауып қоюға мәжбүр. Ал қыста ақ қардың үстіне көлбей түскен қара дақтарды көресіз. Қазірде ферроқорытпа зауыты пештерді жаңалап, өндірістерді өсіре түскен. Сұранысы көп өнімді еселеп өндіруге ұмтылады. Бірақ одан қала халқына, денсаулығына қандай зиян келіп жатқанын айтуда экологтар белсенділік танытпайды. Жоғары жаққа дабыл қағып, жағдайды шешуге тиіс мамандар осылайша «түтін неге қаптады?» деген қарапайым сұраққа жауап таппай, төмен қарады.
Атырау облысының экологтары қаланың ішінде емес, айдаладағы ауылда мұнай қалдығын жаққан кәсіпорынға бірнеше миллиард теңгенің айыппұлын салған. Ал бізде ше? Шындығына келгенде, өнеркәсіп орындарының қорқатын бір «құдайы» болса, ол – экология мекемесі болса керек-ті. Бірақ қауқары аз органды көзге ілетіндер көп пе?
Тиісті инспекциядан қорқып, кірпідей жиылып жатқанын көрмедік. Былтыр ҚР Премьер-Министрі Ақсу қаласына келгенде, облыс кәсіпорындарынан заң бұзушылық оқиғасы үшін салынған бірнеше миллион теңгенің айыппұлдарын өндіре алмай отырған аумақтық экология мекемесінің дәрменсіздіктері сыналды. Бірақ одан кейін де аталмыш органның ширақ қимылы байқалған жоқ. Ақсуда гидромет-құрылғы орнаттық деп жар салғанын да естімедік. Мұндайда үлкен қалалардағы сияқты ауадағы шаң-тозаң туралы мәлімет берілсе дейтін ойыңыз қойдың құмалағындай шашырап кете барады.
Бүгінде ел аузында экологияға қатысты екіұшты әңгіме көп. Біреулер әлдебір зауытта магниттік өріс сұмдық қауіпті деп шошытса, тағы басқалары ірі өндірістер ауаға зиянды заттарды түнгі мезгілде шығарады дейді. Бұл жайттарды кейбір пиғылы бөтен ұйымдар өз кәделеріне жаратып та жүр. Олар халықтың көңіліндегі күдігін одан әрмен қоюлатып келеді.
Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, Павлодар облысында кейбір өнеркәсіп орындары экологияны ластаушы кәсіпорын ретінде есепке алынбаған. Сондықтан олар экологиялық төлемдер төлемейді. Экологтардың мәселені тереңінен пайымдамауы салдарынан табиғат қана зардап шегіп жатқан жоқ, бюджеттің өзі де пайдадан қағылып отыр. Экологтардың екі жеңді түріп тастап, іске белсене кірісетін уақыты әлі жеткен жоқ па?
Бір-екі жылдың дересінде Павлодар қаласында натрий цианиді өндірісі салынады екен. Бұл жаңалық индустрияландыру бағдарламасын іске асыратын арнайы кеңесте мәлімделген болатын. Сол-ақ екен, сенсация іздеп, шарқ ұратын сары басылымдар шу ете түсті. Дұрыс қолданбаса адамды лезде сеспей қатыратын улы зат алтын өндірісіне қажет. Өндірісті құру үшін бұрынғы химия зауытының төңірегі - таптырмайтын аймақ. Шикізат та, электр қуаты да - бәрі осында бар. Жаңа өндірістің қоршаған ортаға қандай зиян-пайдасы барын мамандар талдап-сараптағанша, ниеті бөтен басылымдар халықты үркітіп-шошытып қойды. Осы орайда мәселенің егжей-тегжейін тәптіштеп түсіндіріп, сабырға шақыратын құзырлы мекеме өкілдері тағы да ішке сұққан тұмсықтарын сыртқа шығарар емес....
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.