Жыл сайын Павлодар мұнай-химия зауыты қала қазынасына бір миллиард теңгеге жуық салық төлейді. Қаланың жүйе құраушы кәсіпорнының жұмысшылары таяуда өздерінің кәсіби мейрамдарын атап өтті. Мұнай өңдеушілердің қуанышына Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов та ортақтасты.
Бүгінде оннан астам мұнай өнімдері түрін айыратын ірі зауыт 2009 жылы «Қазмұнайгаз» АҚ-ның құрамына енді. Содан бері аталмыш өнеркәсіп орнында жаңа кезең басталды. Бұл Президенттің ішкі нарықты мұнай өнімдерін жеткілікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы орындалуда деген сөз. Зауыт аз уақыт ішінде толыққанды модернизациядан өтіп, жыл сайын 7 млн. тонна өнім шығаруға талпынып отыр. Яғни өндіріс көлемі қазіргіден екі есеге ұлғайтылатын болады.
- Осыдан біраз уақыт бұрын өндіріс орнында жоғары октанды мұнай өнімін алу үшін сутегі құрылғысы іске қосылғаны белгілі. Алдағы уақытта өндірілетін бензиннің сапасын «Еуро-5» стандартына дейін жеткізу мақсатын қойғандарыңызды да білемін. Мұның бәрі қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалықтар, ал қазынамызға - қосымша салық түсімдері - деді мұнайшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған қала әкімі. Салтанатты шарада қала басшысы еңбегімен көзге түскен зауыттықтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды тапсырды.
Б.Жоламанов бұдан соң Павлодар мұнай-химия зауыты өндірістің қатты қалдықтарын орналастыратын жаңа алаңның ашылу рәсіміне қатысты. Қалдықтар алаңы осыдан отыз жыл бұрын зауыт салынған тұста пайдаланылған құм кенішінің негізінде жасақталған. Осыған дейін келісім бойынша қалдықтарды орналастыру үшін басқа кәсіпорындарға жылына 25 млн. теңгеге дейін шығындалып келген зауыт жаңа алаң салу арқылы екі мәселені шешуді ұйғарыпты. Бұл бізге қаржы үнемдеу жағынан алғанда тиімсіз болды дейді зауыттың бас директоры Д.Шухрат.
Қалдық төгетін алаң жасақтау арқылы мұнай-химия зауыты экологиялық кодекс талаптарын орындауды көздеген. Қазылған орлардың ішіне тасталатын мұнай өнімдері мен құрылыс материалдарының қалдықтары «Tefond» полиэтилен қаптамасымен залалсыздандырылады. Кейін қалдықтардың беті өсімдіктер өсетін құнарлы топырақпен жабылады. Сөйтіп, қалдықтар жер асты суына да, ауа қабатына де ешқандай зиянын тигізбейді. Құм кенішін зауыт 7-10 жыл пайдаланады деген болжам бар. Жыл сайын өндірістен 5 мың тонна қалдық шығарылады. Жұмсалған шығынды небары үш жыл ішінде ақтайтын болады. «Ертіс» өңіраралық экология департаментінің бастығы М.Шөкиннің айтуынша, зауыттың мұндай инвестициялық салымы қомақты табиғат қорғау шарасына кірісуі - басқаларға үлгі боларлық іс.
Павлодар қаласының әкімі Б.Жоламанов мұнай өңдеу кәсіпорнына алдағы уақытта өндіріс көрсеткішін ұлғайту жолында сәттілік тіледі. Бұл тұтынушылардың отандық жанар-жағармай өнімдерімен қамтылуына ғана емес, сонымен бірге, қала бюджетін толықтыратын салық мөлшерінің өсуіне де жол ашады.
Өз тілшіміз.

