ЭКОНОМИКА

Техникалық байқаудың тәртібі

Жуырда «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы Жасұлан Маралбаевтың қатысуымен «Аймақ-айнасы» веб-порталында интернет-конференция ұйымдастырылды. «2012 жылы техникалық орталықтан өтудің жаңа тәртібі» атты тақырыпта өрбіген шарада тұрғындар тарапынан 20-дан аса сұрақ келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдан бастап елімізде автокөліктер техникалық байқаудан тек жеке меншік орталықтарда өтеді.

Шарбақты ауданы, Маралды ауылының тұрғыны: «Жигули» маркалы жеңіл автокөлігім бар. Бірақ, техниканың шыққанына 30 жылдан аса уақыт өтті. Осыған жеңілдік қарастырылған ба?» деп сауал жолдапты. Ж.Маралбаев: «Техникалық байқау станционарлы әрі мобильді желілері бар орталықтарда жүргізіледі. Ал оларда көлік бүге-шүгесіне дейін тексеріледі. Бұл өз кезегінде жол апаттарының азаюына септігін тигізеді. Көлігіңіз жүріп тұрғандықтан, техникалық байқаудан өткізуге міндеттісіз», - деп жауап қатты. Енді бір азамат ол үшін қандай құжаттардың қажет болатынын сұрапты. Жауап берушінің айтуынша, көлік иесінде алдымен техниканың мемлекетте тіркелгені туралы куәлік, ҚР Салық кодексі бойынша автокөлікке салық төлегендігін және техниканың сақтандыру келісімшартын растайтын құжаттар болуы тиіс. Павлодар қаласынан хат жіберген интернет пайдаланушылардың бірі техникалық байқаудан өту барысында қанша ақша жұмсалатындығына қызығушылық танытыпты. Баға техниканың маркасына байланысты. Мәселен, жеңіл автокөліктері барлар 3000 теңге төлесе, жүк көліктері мен автобус иелері 5000 теңге шығындайды. Сондай-ақ, тіркеме үшін (прицеп) қосымша 2000 теңге төлейді. Бүгінгі таңда Павлодар қаласында «WestDale Pav» ЖШС, «НаЦЭкС» АҚ және «СИЦАТС-Тұлпар» ЖШС секілді техникалық байқау орталықтары жұмыс істейді.

Жасұлан Маралбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша техникалық байқау орталықтарынан өткен автокөліктер көрсеткіші 1 пайызды құрайды. Павлодар облысы аумағында осы жылы 16 стационарлы және 8 мобильді желілік орталық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әзірге, іске қосылған орталықтар саны үшеу. Оларды жоғарыда атап өттік. Сонымен қатар, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ертіс, Успен және Шарбақты аудандарында дәл осындай орталықтар ашылады деп күтілуде.

P.S. Техникалық байқау орталық-тарындағы техникалық байқауды жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда Сіз көліктік бақылау комитетінің www.transportcontrol.gov.kz сайтына немесе 8-701-575-99-44 сенім телефонына хабарласа аласыз. Сондай-ақ, «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау испекциясымен байланысуға болады!

Байланыс телефоны: 8(7182) 32-56-12.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Жерді тиімді пайдалану маңызды

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтің қатысуымен облыстық жер қатынастары басқармасының алқа отырысы өтті. Онда баяндама жасаған басқарма төрағасы Виктор Дубовицкий өткен жылғы мекемемен атқарылған істер туралы есеп берді. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды атады.

Биылғы жылдың бірінші қаңтарындағы есеп бойынша, Павлодар облысындағы жалпы жер көлемі 12,5 млн. гектарды құраса, оның 11,2 млн. гектары ауыл шаруашылығы жерлері болып табылады. Осы мақсаттағы жердің 87 пайызы бүгінде пайдаланылуда. Оның 32 пайызына егін өсіріледі, 51 пайызыжайылым, 3 пайызы шабындық болса, қалған 13 пайызы тың жер.

Аумақтық жер инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Нұратай Бейсембаевтың айтуынша, өткен жылы бірқатар тексерістер жүргізілген. Жер пайдалануға байланысты 152 заңбұзушылық оқиғасы анықталып, әкімшілік іс қозғалған. Жалпы сомасы 8326,5 мың теңгені құрайтын айыппұлдар салынды. Жергілікті атқарушы органдар жұмыстары да сарапталған. Сондай-ақ, жалпы аумағы 135,2 мың гектар иесіз жер телімдері анықталып, тіркеуге алынған.

Нұржан Кемерұлы кәсіпкерлер мен өз шаруашылығын дамытуға ынталы азаматтар тап болып жатқан түрлі қиындықтар жөнінде сөз қозғады.

- Біздің өңір еліміздегі жерді тиімді пайдалану жөнінен төменгі көрсеткішке ие. Бүгінде жерді жалға алу құжаттарын рәсімдеудің өзі екі есеге қымбаттап кетуі шаруашылықтарға ауыртпалық тудырып отыр. Мәселен, бір азамат бірнеше жыл бойы жалға алып келген жердің пайдалану мерзімі біткенде, қайта ұзартпақ болған. Алайда, оның қымбаттап кеткеніне байланысты тығырыққа тірелген. Осындай жағдайларда әкімшілік кедергілерді азайтуды қарастыру қажет. Сол секілді, бос жерлерге тұрғын үй салу мәселесін де сараптау керек. Аудандар мен қалалардағы елді мекендердің шекараларын анықтауды жедел аяқтап, жүйелеуді қолға алыңдар,- деп түйіндеді сөзін Н.Әшімбетов. Соған байланысты жер инспекциясы мен аудан-қала әкімдерінің орынбасарларына міндеттер жүктеді.

Жақында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының алқа отырысында аймақ басшысы Е.Арын жер телімдерін түгендеу жұмыстарын аяқтау, оларды тиімді пайдаланудың кешенді шараларын жасау, жем-шөп дайындауды ұлғайтып, шабындықтың өсімі мен сапасын арттыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыстық жер қатынастары басқармасының басты назарға алатын міндеттері анықталды.

 

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.

 

ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫНЫҢ АЛПАУЫТЫ

мемлекет қолдауының арқасында табысты жобаларды жүзеге асыруда

Бүгінде «инновация» сөзі ешкімге таңсық емес. Бұл ұғым соңғы жылдарда ел экономикасының қарқынды дамуының негізіне айналып отыр. Табысты іс жүргізіп, бәсекеге қабілетті боламын деген әрбір кәсіпорын инновациялық жобаларға иек артуды үйренді. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмей, болашақты бағамдайтын болды. Сондай компаниялардың бірі әрі бірегейі - еліміздегі фармацевтика саласының көшбасшылары қатарынан саналатын «Ромат» холдингі.

Жалпы, Қазақстан экономикасының басқа да салалары сияқты, фармацевтика да дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Бұдан отандық медициналық препараттар мен дәрі-дәрмектер өндірісінің болашағы зор екендігін байқауға болады. Бұл ретте, «Ромат» компаниясының алар орны ерекше. Атап өтерлігі, қазіргі кезде онда мемлекет қолдауының арқасында жалпы құны 60 миллион АҚШ доллары болатын үш ауқымды жоба жүзеге асырылуда.

Биыл - компанияның құрылғанына жиырма жыл. Ел Тәуелсіздігімен қатар түлеген кәсіпорын аталмыш уақыттың ішінде таң қаларлық табыстарға жетті. Жалғыз дәріханадан басталған шағын бизнес бүгінде құрылымдық жағынан ТМД көлемінде бірегей алпауыт фармацевтикалық холдингке айналып отыр. Бірегей болатыны сол, мұнда медициналық дәрі-дәрмектерді әзірлеп, өндіруден бастап, тұтынушыға жеткізуге дейінгі үрдіс жолға қойылған.

«Ромат» елімізде алғашқылардың бірі болып ИСО 9001-2001 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізді. Бүгінде мұнда емдік препараттардың екі жүзге жуық аталымы шығарылады. Олардың басым бөлігі өмірлік маңызды, әлеуметтік мәнге ие дәрі-дәрмектер. Компания иелігінде қазіргі заманғы жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған үш ірі зауыт бар. Оның бірі - Павлодар қаласында орналасқан фармацевтикалық зауыт. Бұл - халықаралық GMP (Good Manufacturing Praktice) талаптарына сай құрылған Қазақстандағы алғашқы өндіріс орны. Онда түрлі терапиялық топтарға жататын жүрек-қан тамырлары, туберкулезге, диабетке қарсы препараттар, басқа да көптеген дәрі-дәрмектер өндіріледі. Ал компанияның қалған екі зауыты Семей қаласында орын тепкен. Бірі - бірегей медициналық препараттарды, екіншісі - түрлі медициналық құралдарды өндіреді.

«Ромат» холдингінің еліміздің ірі қалаларында орналасқан 18 филиалы бар. 2006 жылы Қытай елінің Бейжің қаласында өкілдігі ашылған. Алайда, компания басшылығы мұнымен тоқтап қалмақ емес. «Болашақта Ресей астанасы Мәскеу қаласында өз филиалымызды ашу жоспарда бар», - дейді «Ромат» фармацевтикалық холдингінің басшысы Тұрарбек Рақыш. Атап өтерлігі, компанияның өнім көлемі жыл санап артып келеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,061 миллиард теңгені құрады. Бұл - 2010 жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары.

Холдинг құрамында ғылыми-зерттеу химия-фармацевтикалық орталық жұмыс істейді. Мұнда елімізге танымал білікті мамандар қызмет етуде. Олар өндірісте бар медициналық препараттардың сапасын арттырып, дәрі-дәрмектердің жаңа түрін ойлап табу жолында еңбектенуде. Зерттеу орталығы мамандарының соңғы жетістігі – жақын шетелдерде патенттелген туберкулезге қарсы жаңа препарат. «Оның нәтижелілігі жоғары. Мысалы, 2007 жылдан бері елімізде туберкулез ауруына шалдыққандардың қатары 26 пайызға төмендеген. Бұған біздің дәрілеріміздің септігі де тиіп отырғандығын атап өткен жөн», - дейді Т.Рақыш.

2010 жылы «Ромат» компаниясының үш бірдей жобасы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының құрамына енді. Оған сәйкес, Павлодар қаласындағы медициналық зауыт қайта қалпына келтірілмек. Бұл мақсатқа 2,4 млрд. теңге инвестиция тартылып отыр. Екінші жоба – облыс орталығындағы фармацевтикалық зауыт құрылысы. Оның жалпы құны 2 775 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Бүгінде аталмыш жоба «Өнімділік - 2020» бағдарламасына қатысуда. Оған сәйкес, кешенді жоба сараптамасы бойынша шығындардың орны толтырылған.

Келесі жоба Семей қаласында жүзеге асырылмақ. Ондағы медициналық препараттар зауыты қайта қалпына келтірілуде. Инвестиция құны – 4 530 миллион теңге. Компания басшылығы бұл жобаны да «Өнімділік - 2020» бағдарламасына ұсынып отыр. «Аталған үш жоба өнім көлемін он есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Онымен қоса, компанияның экспорттық әлеуеті едәуір жоғарылай түспек. Алты жүзге жуық қосымша жұмыс орны ашылады. Осы арқылы біз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқалы отырмыз. Жоспардағы жобалар уақытылы іске қосылатындығын сеніммен айта аламын. Мұның барлығы - мемлекет қолдауының арқасы. Жалпы, бүгінде елімізде бизнесті қолдаудың жүзден астам тетігі бар. Осының барлығын кәсіпкерлер тиімді пайдалана білуі қажет», - дейді Тұрарбек Әмірханұлы. Атап өтерлігі, Павлодар қаласындағы зауыттар келесі жылдың аяқ шенінде іске қосылады деп күтілуде. Холдинг басшылығы бұл айтулы күнді Тәуелсіздік мерекесіне сәйкес-тендіреміз деп отыр. Ал Семей қаласындағы жоба 2014 жылы пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, «Ромат» компаниясы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының кәсіпкерлік секторды сауықтыру бағыты бойынша ортақ қаржыландыруға қол жеткізіп отыр. Оған сәйкес сыйақы мөлшерін өтеу бойынша шығынның жартысын мемлекет субсидияламақ.

Павлодарлық холдинг АҚШ, Қытай, Үндістан, Германия, Ұлыбритания елдерінің әлемге әйгілі 160 фармацевтикалық компания-ларымен тікелей әріптестік қарым-қатынас орнатқан.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА, ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ

 

облыс әкімі Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды

 

«Қуатты Қазақстан дегеніміз - ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты».

 

ҚР Президентінің биылғы Жолдауынан.

 

 

altПрезидент Н.Ә.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту жағдайына жеке тоқталды. Себебі, аграрлық сала болашақта экономиканың тамырына қан жүгіртіп, тынысын кеңейтетін бірден-бір бағыт. Бүгінде оған инвестиция қаржысын неғұрлым мол салар болсақ, күні ертең қайтарымы да қомақты болары сөзсіз. Дәл осы ауыл шаруашылығын дамыту арқылы әлемде сұранысы үлкен азық-түлік өнімдерін өндіруді оң жолға қойып, эскпорттық әлеуетті өсіре аламыз. Мемлекет қазірде агроөнеркәсіп кешеніне орасан зор көмек көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да фермерлерді қаржыландыру аясын кеңейтіп, қой шаруашылығын, ет өндірісін, жайылымдық мал шаруашылығын дамыту көзделуде. Осы орайда ауқымды жобалар қабылданып, іске асырылмақ.

Облыс әкімі Ерлан Арын Шарбақты ауданының активімен кездесуде ауылдықтарды Президент Жолдауында тапсырылған маңызды міндеттерді ауызбіршілікпен атқаруға үндеді.

 

Ерлан Мұхтарұлы алдымен Шарбақты электр желілері кәсіпорнында болды. Ауданның алыс-жақын ауылдарын электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның басшысы Иван Миронецтің айтуынша, өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстарына 17 миллион, ал ағымдық жөндеу жұмыстарына 4 миллион теңге бөлінген. Қарастырылған қаржыға біршама жұмыстар атқарылып, жаңа құрылғылар сатып алынған. Баяндаушы қажетті жағдайда электр қуатының қоры жеткілікті екенін айтты. Бұл кәсіпорын өз саласы бойынша облыста үздіктер қатарынан саналады. Аймақ басшысы: «Қуат қорының мол болғаны жақсы. Жұмыстан шашау шығармау қажет. Әсіресе, қаһарлы қыс мезгілінде тиянақтылық танытқан жөн»,- деді.

Шарбақты ауылындағы «Алина-Маркет» сауда үйінде тұрмысқа қажетті тауарлардан бастап, автокөлік құрылғылары, заманауи үй жиһаздары сатылады. Бағасы да қолжетімді. Сауда үйінің басшысы Руслан Кузьговтың айтуынша, тауарлардың дені Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан және Алматы қаласынан жеткізіледі. Мұндағы сапалы әрі арзан өнімді сатып алуға Павлодар қаласынан арнайы келетіндер де бар екен. Ерлан Мұхтарұлы сауда үйінің жұмысын жоғары бағалағанымен, шеттен келетін тауарларға мүмкіндігінше шектеу қойып, ең алдымен, өзімізде шығарылған өнімдерді сатуға назар аудару қажеттігін айтты. Ол үшін мемлекет тамаша жағдайлар тудырып отыр. «Халықтың қаржысы шетелге кеткенше, өзімізде қалғаны дұрыс. Осыған көңіл бөлгендеріңіз абзал», - деді өңір басшысы.

Шарбақты ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебі 1994 жылы салынған. Ғимарат әбден ескірген әрі бөлмелері тар. Дене шынықтыру сабақтары аядай ғана спорт залында өткізіледі. Мектеп директоры Сәуле Жанжақсинаның айтуынша, нысанның материалдық базасының тозғанына қарамастан, оқушылар тамаша жетістіктерімен қуантуда. Мәселен, биылғы 11-сынып оқушылары арасында «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» бір-бір үміткерден бар. 11-сынып оқушыларымен жүздескен облыс әкімі түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, мемлекеттік грантты ұтып алуларына тілектестік білдірді.

Өңір басшысы сондай-ақ, аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Ерлан Мұхтарұлы заман талаптарына сай жабдықталған ғимараттың жұмысына оң баға берді. Кешен директоры Жанболат Бәстемиевтің айтуынша, мұндағы бассейн алаңы мен тренажер залынан адам үзілмейді. Үлкені бар, кішісі бар, әрдайым жаттығу жұмыстарымен шұғылданады. Мекемеде каратэ, белбеулік күрес, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлері бойынша арнайы секциялар жұмыс істейді.

 

Жаңа міндеттер жүктелді

Ерлан Арын аудан активімен кездесті. Көпшілікті Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді бір адамдай жұмылып жүзеге асыруға шақырды. Сөз арасында облыс басшысы ауа райының қолайсыздығына байланысты Алтай-Павлодар бағытындағы тас жолда тоқтап қалған техникаларға көмек көрсеткен жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарына ризашылығын білдірді.

- Шарбақты ауданы - облыстағы әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Мен алғашқы жұмыс сапарымды осы ауданнан бастағаныма қуаныштымын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында баршамызға ортақ дүниелер айтылды. Енді, сол маңызды құжаттағы тапсырмаларды ойдағыдай орындауымыз керек. Мемлекет басшысы халықтың тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл ретте «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы өз жемісін беруде. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында Шарбақты ауданы бойынша 35 миллион теңгеге 17 жоба іске қосылған. Бұлтамаша көрсеткіш. Осы беттен танбау керек. Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін де назарда ұстау қажет. Ол үшін барлық мүмкіндік жасалған. Аталмыш бағытта Шарбақты ауданында биыл 125 мың шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды да жетілдіре түсу - заман талабы. Дәнді, майлы дақылдардың егістік көлемін ұлғайту қажет. Аталмыш салада әлі күнге шешілмей жүрген мәселе бар. Болашағы зор кейбір шаруа қожалықтары егістік көлемін көп жылдан бері арттыра алмай келеді. Бұған басты себеп - егістік алқаптарының басым бөлігін бәзбіреулердің әлдеқашан иеленіп қоюы. Иеленіп қойғанын қайтерсің, сол жерлер әлі күнге игерілмей жатыр. Мұның да бір шешімін тапқаны дұрыс. Етті мал шаруашылығын жетілдіруге тиіспіз. Үкіметтің Павлодар облысы 4 мыңдай асыл тұқымды ірі қара малмен қамтылуы керек деген тапсырмасы бар. Бұл мәселе оңтайлы шешіледі деп ойлаймын. Бүгінде облыста екі жарым мыңдай асыл тұқымды түлік өсірілуде. Ендігі қалған межені бағындыру аса қиындық тудырмасы анық. Бұған Шарбақты ауданының кәсіпкерлері де атсалысуы қажет. Облыс онкологиялық аурулар бойынша республикада алдыңғы үштіктің қатарында. Біз осы қауіпті дертпен күресуіміз керек. Бұйыртса, 2012 жылдың 15 мамырында көптен күткен кардиохирургиялық орталық пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, онкологиялық ауруға шалдыққандарға арналған емхананың да құрылысы басталады, - деді Ерлан Мұхтарұлы.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, аудан әкімі Сапаргелді Смағұловқа Абай атындағы қазақ орта мектебінің жаңа ғимаратын тұрғызу үшін қажетті құжаттарды жинап, өтініш жасауын тапсырды. Бұл мәселені өзі ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдайтындығын жеткізді.

Артынша жарыссөзге шыққандар ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы баяндады. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Победа» ЖШС-нің басшысы Александр Поляков Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға белсенділікпен атсалысатындығын айтты. «Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту керек деген ұсынысын толық қолдаймын. Бұйыртса, осы жылы сүт фермасының екінші бөлігін іске қоспақпыз. Сондай-ақ, 340 бас сиырға арналған жаңа кешен тұрғызамыз. Өткен жылы серіктестіктегі жұмысшылар қатары жас мамандармен толықты. 2012 жылы тағы да жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмыз»,-деді серіктестік басшысы.

Аудан мұғалімдерінің атынан сөз алған Жылыбұлақ орта мектебінің ұстазы Сұлушаш Қалдыбаева: «2011-2012 оқу жылында «Дипломменауылғабағдарламасы бойынша 24 жас маман келді. Олардың барлығы қазіргі таңда жемісті еңбек етуде. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 4 балабақша, 20 шағын орталық ашылды. Бүлдіршіндердің 85 пайызы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Ерекше атап өтерлігі, ауданымыздың бір оқушысы Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Чехияда оқып келді. Қазіргі таңда ҚР Статистика агенттігінде жұмыс істеп жатқан түлегімізбен мақтанамыз. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде аудан көлемінде 19 түлек «Алтын белгіге» ие болды», - деді өз сөзінде. Ауданның білім беру саласындағы жетістіктерін тізбектеп өткен ол Мемлекет басшысының Жолдауындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға атсалысатындығын мәлім етті.

Шара соңында облыс басшысы аудан әкімі Сапаргелді Қызырұлын 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, өңір басшысы «Победа» ЖШС-де болып, сүт фермасының жұмысымен танысты.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Шарбақты ауданы.

 

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мемлекет назарынан тыс қалған емес. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан «Даму» қоры мүгедек жандарға қол ұшын беруді дәстүрге айналдырған. Бүгінде аталмыш қордың ұйытқы болуымен жарымжан жандарға демеушілік көмек көрсетуге бағытталған «Даму-Көмек» арнайы бағдарламасы жүзеге асуда. Атап өтерлігі, бұл бағдарламаның шапағатын алдымен мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер көруде.

«Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Ерқанат Әбенов: «Көмекке мұқтаж мүгедек кәсіпкерлер біздің қордың электронды сайтында орналасқан «Көмек керек» деген бөлімге өз өтініштерін білдіреді. Ал осындай адамдарға қолұшын бергісі келетін қалталы азаматтар «Көмек көрсете алам» деген бөлім арқылы бізбен байланысады. Осылайша, қайырымды кәсіпкерлермен әріптестік байланыс орнатып, ұсынысымызды айтып, мүгедек жандардың жұмысын жандандыруына жағдай жасаймыз. Қуантарлығы, осы бағдарламаға жергілікті кәсіпкерлер белсенділік танытуда. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артқанының белгісі деп білемін», - дейді ол.

«Даму-Көмек» бағдарламасы аясында былтыр 15, ал үстіміздегі жыл басынан бері 4 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге көмек көрсетіліпті. Осындай жандарға қолұшын берген қайырымды кәсіпкерлердің қатарында Павлодар қаласындағы «Искаков» жеке меншік клиникасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ақылбек Мүбәрәкұлы Искаков та бар. Ол мүгедек әйелдерге арналған «Бибі-ана» қоғамдық қорының өкілдеріне тігін машиналары мен басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты.

- Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән берілуде. Елбасының осынау сындарлы саясатының арқасында экономикамыз еселеніп, қолға алған кәсібіміз өз жемісін беруде. Ендігі кезекте біз елдегі көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге тиіспіз. Сол үшін өз кәсібін ашпақ болған мүгедек әйелдерге көмек қолын созғанды жөн көрдік, - дейді А.Искаков.

Осы клиниканың арқасында тігін машинасына ие болған ІІІ-ші топтың мүгедегі, Лебяжі ауданына қарасты Баймолдин ауылының тұрғыны, қолөнер шебері Сапах Жазкей енді қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілген көрпеше, алаша, тұскиіз сынды тұрмысқа қажетті дүниелер тігуді жоспарлап отырғанын алға тартты. Көптен күткен арманына қол жеткізген ол демеушілерге шексіз алғысын білдірді. Ал «Даму» қоры жақсы істің жаршысы бола білген жомарт жан Ақылбек Искаковты Құрмет грамотасымен марапаттады.

 

Н.АҚЫТЕГІ.

 

БІРЕГЕЙ ЖОБАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

 

«Біз экономикамыздың озық кластерлерін құруды және дамытуды одан әрі жалғастырудамыз. Бұл жұмыстың қарқыны төмендемеуге тиіс».

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауынан.

 

Өндірісі өрге басып, өнеркәсібі өркен жайған Павлодар өңірінде еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру бойынша маңызды жұмыстар қолға алынған болатын. Бұлеліміздегі химия кластерін дамытуға бағытталған зор мәнге ие, аса ауқымды жоба. Оның жүзеге асу барысы биліктің тұрақты назарында. Дүйсенбі күні облыс әкімі Ерлан Арын еркін экономикалық аймақтың негізін құраушы кәсіпорындардың бірі - «Каустик» АҚ-ында жұмыс мәжілісін өткізді.

Aймақ басшысы алдымен облысымыздағы ірі кәсіпорындардың қатарынан саналатын «KSP Steel», «Кастинг» зауыттарына ат басын бұрды. Бұл кәсіпорындар бүгінде қанатын кеңге жайып, өндіріс ауқымын арттыруда. Мысалы, «KSP Steel» ЖШС әртүрлі диаметрлі арматура, сым темір шығаратын жаңа өндірісті іске қоспақ. Қазіргі кезде онда қажетті құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай өнім еліміз бойынша әзірге тек «Кастинг» ЖШС-нде шығарылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен облысымызда құрылған еркін экономикалық аймаққа «Павлодар» атауы берілген. Ол облыс орталығының солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасқан. «Жалпы жер көлемі 3300 гектар алқапты алып жатқан бұл аймақәлемдегі бірегей жобалардың бірі болып саналады. Оның облыс қана емес, еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті», - деді облыс әкімі Е.Арын. Аймақ басшысының айтуынша, аталмыш бастама ел экономикасының одан әрі қарқынды дамуына мол септігін тигізбек.

- Елбасы экономиканың жаңа салаларын дамытуды тапсырды. Бұл ұлттық экономиканың өркендеуіне жол ашады. Аталмыш бағытты дамытудың жаңа тетіктері жекелей салаларды ынталандыру, яғни оларға ерекше көңіл бөлу арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, облысымыздағы еркін экономикалық аймақ химиялық-технологиялық кластердің өркен жаюына мүмкіндік бермек, - деп атап өтті облыс әкімі.

Мәжіліс барысында жоғарыда аталған жобаның жүзеге асу барысына қатысты құзырлы мекемелер басшыларының есебі тыңдалды. Еркін экономикалық аймақты дамытуға республикалық бюджеттен 4,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу көзделген. Оның 1,5 миллиард теңгесі ағымдағы жылға қарастырылса, қалған бөлігі 2014 жылға дейін игерілмек. Әзірге аяқ алысымыз жаман емес, дейді мамандар. Жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Бүгінде аталмыш аймақтың инфрақұрылымын дамытуға қатысты шаралар қолға алынған. Сондай-ақ, еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне «Павлодар» еркін экономикалық аймағына орналастыруға болатын 45 кәсіпорынның тізімі жіберіліпті. Облыс әкімі бұл ретте аса мұқият болуды тапсырды. «Жобаға қатысатын кәсіпорындарды таңдауға жоғары мән берілсін. Нақты жобалары, тың ұсыныстары бар, бәсекеге қабілетті бола алатын өндіріс орындары таңдалсын. ЕЭА – жаңа технологиялардың, заманауи өндірістің ордасына айналуы тиіс. Қазіргі кезде бұрын-соңды бізге өндірілмеген өнімдерді шығаруға ұмтылуымыз қажет. Аталмыш жобаның арқасында жеке бас мүддесін ойлап, пайдаға кенелуді көздейтін кәсіпорындарға жол берілмейді», - деп қатаң ескертті аймақ басшысы.

Дегенмен, жобаны жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселелер де туындап тұрған көрінеді. Мысалы, қажетті жер учаскесін бөлуде мемлекеттік мекемелер арасында түсініспеушілік орын алып отыр. Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов бұл мәселенің жақын арада шешілетіндігін жеткізді.

ЕЭА-ның құрылуы өзімен бірге көптеген игіліктерді ала келмек. Мысалы, жобаның жүзеге асырылуының бастапқы кезеңінің өзінде жаңадан 2000 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аймағымыздың экспорттық әлеуеті артпақ. Кәсіпорындар арасында бәсекелестік туындап, ол өз кезегінде баға саясатына да оң әсерін тигізеді. Әлеуметтік саланы дамытуға да мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жобаға қатысушы кәсіпорындарға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде қосымша талаптар да жүктелмек. Ең басты талап, ол – экологиялық қауіпсіздік болып табылады. «Халық «химия» деген сөзге үрке қарайды. Бұл - бекер. Осыны тұрғындарға жете түсіндіру қажет. Біз еркін экономикалық аймақ жұмысын экологиялық таза өндіріс негізінде қалыптастыратындығымызды зор сеніммен айта аламыз», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мәжіліске қатысушыларға жобаны сәтті жүзеге асыру үшін белсене жұмыс істеуді тапсырды. Және алдағы уақытта атқарылуы тиіс негізгі бағыттарды айқындап берді. Қазіргі кезде химия саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан шетелдік кәсіпорындармен әріптестік орнату қажет. ЕЭА – облысымызға мол инвестиция тартудың мүмкіндігі.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫНА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

 

«Индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз. Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді. Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өзінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс».

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың

биылғы Жолдауынан.

 

Отандық өндіріс саласында бәсекелестіктің артуы - жақсы нышан. Бұл өнім сапасына, бағасына әсер етері сөзсіз. Шығарылатын қандай да бір өнімнің өтімділігіне кепілдік бола алатын осы бір екі қасиетті «бойына сіңірген» кәсіпорынның табысқа жетеріне күмән жоқ. Аймағымыздағы «Пахомов диірмендері» (Пахомовские мельницы) сауда белгісімен танымал «Интер тобы» ЖШС - осы талап үдесінен шығып жүрген, өз саласының көшбасшы кәсіпорындарының бірі.

 

Көшбасшы болатыны сол, компания облысымыздың ұн тартатын кәсіпорындары қатарында алғашқы болып өзінің жеке сауда белгісімен өнім шығара бастады. Негізінен, аталмыш керекулік компания жергілікті тұтыну тауарларының нарығына 1997 жылы аяқ басқан. Сондай-ақ, өзін бірден жоғары сапаға ие өнім өндіретін кәсіпорын ретінде таныта білді. Соның арқасында болар, бүгінде «Пахомов диірмендері» фирмасының өнімі аймақтық, республикалық, тіпті, халықаралық тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие.

Бүгінде кәсіпорын нан-тоқаш өнімдерінің отызға жуық аталымын, сондай-ақ, ұн, кондитерлік өнімдерді өндіреді. Мұндағы жұмыс жоғары технологиялық өндіріске негізделген. 2005 жылы кәсіпорынның құрал-жабдықтары толық модернизациялаудан өткізіліп, Түркия елінен жеткізілген жаңа диірмен кешені іске қосылды.

Фирма диірменге қабылданатын астықтың сапасына ерекше мән береді. Оны сақтаудан бастап, ұн тартуға дейінгі үрдіс қатаң бақыланады. Ол үшін өндіріс орнында өз зертханасы жұмыс істеуде. Сондықтан, мұндағы жоғары сапалы бидай ұны тұтынушылардың зор сұранысына ие.

«Пахомов диірмендері» компаниясы - шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекет қолдауының игіліктерін молынан көріп келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Өткен жылы фирма жалпы құны 70 миллион теңгеге жаңа әрі заманауи құрал-жабдықтар сатып алып орнатқан. Бұл ретте, аталмыш мақсатқа жұмсалған қаржының тең жартысын кәсіпорын өзі көтерсе, қалған 35 миллион теңгеге «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр. «Осы арқылы компанияның өндірістік қуаты артып, өнімді өткізу нарығы кеңейді. Жаңа жұмыс орындары ашылды», - дейді компания директоры Сергей Рабков.

Қазіргі кезде кәсіпорында 250 адам еңбек етуде. Мұнда ұн, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерінің басқа да түрлерін айтпағанда, тәулігіне сегіз мыңға жуық бөлке нан пісіріледі. Бір атап өтерлігі, аймағымыздағы серіктестік әлеуметтік бағамен нан өнімдерін саудалайтын ірі компания болып есептеледі. Мысалы, ол мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзден астам мекемеге жеңілдетілген бағамен нан жеткізіп отырады. Оның ішінде 63 балабақша, 20 емдеу мекемесі, басқа да әлеуметтік нысандар бар.

Сондай-ақ, фирма «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қол жеткізілген мемлекеттік субсидия есебінен бес жаңа автокөлік сатып алған. Ол сауда орындарына, балабақшалар мен мемлекеттік мекемелерге нанды жедел әрі уақытылы жеткізіп отыруға мүмкіндік беруде.

- Мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау шараларының тиімділігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының арқасында көптеген кәсіпорындар қанатын кеңге жайып, тұрақты өсімге қол жеткізуде. Солардың бірібіздің фирма. «Даму» қоры арқылы қаржылай қолдауға ие болдық. Өтінішіміз жедел қаралып, мақұлданды. Бұл ретте, облыс әкімдігінің де көп септігі тигендігін атап өткен жөн, - дейді С.Рабков.

Осылайша, он бес жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан «Пахомов диірмендері» фирмасының өнімдері жоғары сапасының, баға тұрғысынан қолжетімділігінің арқасында тұтынушылардың сеніміне ие болды. Бүгінде аймағымыздың қалаларында кәсіпорын филиалдары бар. Компания өндіретін ұн Қазақстанның басқа да аймақтарына жеткізіледі. Онымен қоса, серіктестік өнімдері Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінде саудаланады.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

АПТА АПТЫҒЫ

Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз.

Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.

 

9 БАЛАны қамқорлыққа алу - БАТЫРЛЫҚ

Талайға үлгі боларлық жағымды жаңалық. Көкшетауда, қазақ отбасы 9 бірдей жетімді бауырына басты. Бір қызығы, балалардың бірі орыс болса, екіншісі сыған, сондай-ақ, татар мен неміс ұлтының өкілдері де бар. Діні мен тілі бөлек болғанына қарамастан, олар қазір бір шаңырақ астында қазақша сөйлеп, ұлттық үлгіде тәрбие алуда. Көкшетауда тұратын Мұхаммед пен Дариға Жұрынтаевтар шаңырақ құрған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үш қыз, бір ұлды болған. Бірақ, уақыт өте келе, ұлдарына серік болсын деп бір бала асырап алмақ болады. Балалар үйіне барған олар бір емес, бірден тоғыз баланы асырап алыпты. Қазір оларды өз балаларымен теңдей көріп, тәрбиелеуде. Асыранды балалардың барлығы бауырға басқан ата-анасының тілінде, қазақша сөйлейді. Максим есімді сыған баласы мектептен тыс медресеге барады екен. Қазір Құран тануға талпынуда.

 

БАЛАДАН БЕЗГЕН «КӨКЕК АНА»

Біреулер өгей балаларды асырап алып жатқанда, енді біреулер туған балаларынан құтылғанша асық болуда. Павлодарда кішкентай ұлын жергілікті сауда үйлерінің біріне қасақана қалдырып кеткен әйел табылды.

Сауда орнының қызметкерлері жападан жалғыз адасып жүрген баланы байқап қалады. Үсті-басы мұнтаздай. Алғашында жергілікті саудагерлер оны ата-анасы іздеп келер деп үміттенген. Алайда, ешкім келмегеннен кейін баланы құқық қорғаушылардың қолына тапсырыпты. Бұл - осыдан шамамен он күн бұрын болған оқиға. Ал осы аптада, құқық қорғаушылар іздеген көкек ана қалалық ішкі істер бөліміне өзі хабарласып, ұлын жоғалтқанын мәлім етіпті. Тәртіп сақшылары болса, ананың соншалықты «ұқыпсыздығына» таң қалып отыр. Ол әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

 

ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП БАРАДЫ

Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап Ираннан мұнай сатып алу және оны тасымалдау ісі тоқтатылады. Мұндай келісімге Брюссельде өткен жиында ЕуроОдақтың сыртқы істер министрлері келіп отыр. Сонымен қатар, осы аптадан бастап Ислам Республикасымен қандай да бір жаңа келісімшарт жасасуға тыйым салынған. Еуропалық дипломаттардың айтуынша, қатаң санкция Иранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған. Бұған жауап ретінде Иран әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы тасымалданатын Ормұз бұғазын жауып тастайтынын тағы да ескертті. Ресми Тегеранның айтуынша, бұл дүние жүзінің «қара алтын» нарығында дағдарыс туғызады. Себебі, қарт құрлық елдерінің деніаталмыш мемлекеттің мұнайына тәуелді. Сондай-ақ, Иран ядролық бағдарламасын тек бейбіт мақсатта қолданатындарын айтып келеді. Қалай десек те, бұл бағытта жағдай ушығып тұр. Тіпті, кейбір сарапшылар Парсы шығанағы үлкен соғыстың алдында тұр деген болжам айтуда. Сәуегейсымақтар «үшінші дүниежүзілік соғыс болады» деп елді дүрліктіруде.

 

МОНОЛОГ ЕМЕС, ДИАЛОГ ҚАЖЕТ

Алдағы уақытта еліміздің мектептеріндегі сабақтар жаңаша сипатта өтетін болады. Себебі, бірқатар мамандардың айтуына қарағанда, ұстаздардың қазіргі сабақ беру тәсілі заман талабына сай емес. Мысалы, бүгінде мұғалімдер «сен тыңда, мен сөйлеймін» деген негізде жұмыс істеуде. Бұл оқушылар үшін жақсы әрине. Ұстаз сабақ сұраса сөйлеп, сұрамаса «тіпті жақсы» деп үндемей отыра береді. Бірақ, бұл балалардың өз ой-пікірлерін ашық жеткізе алмауларына әкеліп соқтыруда. Осы жайды ескерген білім саласының мамандары оқушының ой еркіндігін қамтамасыз етеді-ау деген жүйеге бет бұрмақшы. Яғни, алдағы уақытта мектептердегі сабақ бүгінгідей монолог түрінде емес, диалогқа негізделіп өткізілмек.

 

ЖЫНОЙНАҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Ақпан басталысымен, еліміздің жастары «Әулие Валентин» деп ат қойып, айдар тағып алған ғашықтар күні мерекесіне дайындала бастайды. Еліміздің дініне, діліне жат мерекені тойлау үрдісі толастар емес. Өкінішті. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл мәселе талайдан бері сөз болып, түрлі мінберлерден айтылып жүр. Бірақ, нәтиже жоқ.

Ал біз батыстың жынойнақ мерекесін тойлауды шектеу қажет деп сабылып жүргенде, өзбек ағайындар шектеп те қойды. Өзбекстанның құзырлы орындары ұлттың ұлы құндылықтарына көлеңке түсіретін жат әдеттерге тоқтау салып, керісінше, ондай мерекесымақ күндері өзбек халқының ұлыларын еске алу шараларын ұйымдастырмақ. Мысалы, 14 ақпанда, яғни «Әулие Валентин күні» ала тақиялы әртістерге жұртты шулатып, концерт ұйымдастыруға тыйым салынды. Есесіне, «Махаббат күні» мерекелік шаралары салмақты да салиқалы мерекемен алмастырылған. Нақтырақ айтсақ, өзбек ақыны Бабырдың туған күнін (14 ақпан 1483-1530 жж). салтанатты түрде өткізуге шешім қабылдапты. Айтпақшы, бәріміздің басымызды қатырған бұл мерекені атап өтуге Түрікменстанда да тыйым салынған. Жергілікті мейрамханалар мен кафелердің басшыларына 14-і күні отырыстар ұйымдастыруға болмайтындығы қатаң ескертілген. Үлгі алуға тұрарлық іс!

 

Данияр

ЖҰМАДІЛОВ.

 

Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.

 

 

ТЕХНИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Биылдан бастап елімізде автокөліктер техникалық байқаудан тек жеке орталықтарда өтеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер техникалық байқау орталықтарын ашуды қолға алуда.

Кеше Павлодар қаласында «WestDale Pav» ЖШС-нің жаңа орталығы іске қосылды. Бұл - осымен қала ішінде пайдалануға берілген үшінші нысан. Бұған дейін «НаЦЭкС» АҚ және «СИЦАТС-Тұлпар» ЖШС-нің техникалық байқау орталықтары жұмысына кіріскен болатын. «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы Жасұлан Маралбаевтың айтуынша, алдағы уақытта облыс бойынша 16 стационарлы және 8 мобильді желілік орталық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

- Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша 187 940 автокөлік тіркелген. Жыл басынан бері 500 автокөліктің техникалық байқаудан өте алмауы техникалық қадағалаудың жаңа жүйесінің тиімді екенін көрсетіп отыр. Бұл, бірінші кезекте, жолдағы көлік қозғалысының қауіпсіздігіне оңтайлы әсер етпек. Техникалық қадағалаудың қабылданған жаңа жүйесі аясында тексеруден өтуге талап етілетін құжаттар саны 8-ден 3-ке дейін қысқарды. Сонымен қатар, 2012 жылдың қаңтарынан бастап көліктерді техникалық байқаудан тіркелген аумағына қарамастан кез-келген орталықта өткізуге болады. Мұнымен қоса, аталған орталықтардың көрсеткен қызмет сапасына жауапкершілік деңгейі бекітілді,-деді Ж.Маралбаев.

«WestDale Pav» ЖШС-де жеңіл автокөліктерге арналған стационарлы желі бар. Ал Екібастұз, Ақсу қалалары, Ертіс, Ақтоғай, Қашыр және Железин аудандары мобильді желі арқылы қамтамасыз етілген. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, жұмыстың барлығы компьютер арқылы жүргізіледі. Сондықтан, оларға айтарлықтай күш түспейді. Автокөліктерді қабылдау алдын ала жазылу кестесі бойынша іске асады.

Техникалық байқау кезінде тежегіш, басқару тұтқасы, терезелерден көру мүмкіндігі, сыртқы жарық құралдары, дөңгелектер, шиналар, улы заттар мөлшері және бекітілу түйіндерінің, және басқа да жабдықтардың ахуалы мен талапқа сай жұмыс істеу жағдайы (қауіпсіздік белбеуі, спидометр, жол-дәрі қорабы, өрт сөндіргіші, т.б.) секілді негізгі параметрлер қадағаланады. Адамдарды тасымалдауға арналған автобустар, шағын автобустар, таксилер және жүк көліктері меншік нысаны мен шығу жылына байланыссыз міндетті техникалық байқаудан әр алты ай сайын өтеді. Байқаудан белгіленген меже аралығында өту қажет. Шалғай аудандар мен ауылдық елдімекендердің тұрғындарына қолайлы болуы үшін техникалық байқау орталықтарының мобильді желілері арнайы жұмыстарды жүргізеді. Техникалық байқаудан өту үшін жеңіл автокөліктердің иелері 3-4 мың, ал жүк көліктерінің иелері 5-6 мың теңге аралығында ақша төлейді.

P.S. Техникалық байқау орталықтарында тиісті қызметтерді көрсету, техникалық байқау тәртібі бұзылған жағдайда Сіз Көліктік бақылау комитетінің www.transportcontrol.gov.kz сайтына немесе 8-701-575-99-44 сенім телефонына хабарласа аласыз. Сондай-ақ, «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау испекциясына хабарласыңыз! Байланыс телефоны: 8(7182)–32–56-12.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

САПАЛЫ ӨНІМ СҰРАНЫСҚА ИЕ

«Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың аса тиімді құралына айналып отыр. Оның арқасында бірталай кәсіпкерліктерге қайта жан бітіп, тыныстары кеңеюде. Аталмыш бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың қатарында жергілікті «Мерусар и К» ЖШС де бар.

 

Құрылып, бой түзегеніне шамамен он жылдан астам уақыт болған «Мерусар и К» ЖШС отандық нарықтан ойып тұрып орын алған керекулік кәсіпорындардың бірі. ОлҚазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан фармацевтикалық компаниялар сапында. Біраз жылдар әлемдік және көршілес Ресей елінің үздік тауар өндірушілерінің медициналық құрал-жабдықтарын, түрлі бұйымдарды елімізде саудалап келді. Ал 2009 жылдан бастап медициналық киім-кешектер мен төсек-орын шығару ісін жолға қойды. Олар - бір рет қана пайдалануға арналған стерилденген өнімдер. Елімізде аталмыш өнім түрлеріне деген сұраныс жоғары. Осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындар да санаулы. «Онымен қоса, біздің компанияның шығаратын өнімі өзгелердікіне қарағанда арзан әрі сапалы», - дейді «Мерусар и К» ЖШС директоры Марат Маханов. Сондықтан болар, кәсіпорын аз уақыттың ішінде республика көлеміне танылып үлгерген. Ісі оңға басып, өндіріс ауқымы кеңейіпті. 2010 жылы Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ аясында серіктестіктің филиалы ашылған. Оның да өзіндік себебі бар. Марат Айтпайұлының айтуына қарағанда, кәсіпорын өндіретін өнімнің біраз бөлігі Курчатов қаласында шығарылады. Ең бастысы, барлық медициналық киім-кешектер мен төсек-орындар аталмыш қаладағы филиалда радиациялық стерильдеуден өткізіледі.

Компания облысымызды айтпағанда, республикалық деңгейдегі емдеу мекемелерін медициналық киім-кешек, төсек-орынмен қамтып отыр. Атап айтар болсақ, кәсіпорын өніміне тапсырыс берушілердің қатарында Президент істерін басқару орталығының клиникалық ауруханасы, Педиатрия ғылыми орталығы, «Республикалық диагностикалық орталығы» АҚ, Астана қаласындағы Нейрохирургия орталығы сияқты басқа да көптеген белгілі денсаулық сақтау мекемелері бар.

Бүгінде мұнда тоқсанға жуық адам еңбек етуде. Компания аймақтық Индустрияландыру картасына енген. Кәсіпорын өз жұмысын модернизациялауды қолға алып отыр. Соның арқасында, қазіргі кезде күрделі хирургиялық ота (операция) жасау кезінде қолданылатын қажетті заттардың жиынтығын өндіруде. Ол 64 аталымнан тұрады. «Медицина саласына қажетті өнім шығарумен айналысатын ешбір отандық кәсіпорында мұндай мүмкіндік жоқ», - дейді компания директорының орынбасары Лейла Маханова. Атап өтерлігі, серіктестік жақын арада халықаралық сапа сертификатына қол жеткізбек. Демек, өнімдерін экспорттауға мүмкіндік туады.

«Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасының кәсіпкерлерді қолдау шаралары аясында «Мерусар и К» компаниясының басшылығы ағымдағы айдың соңына таман Германия еліне аттанбақ. Онда медицина саласында қызмет ететін белгілі неміс компанияларымен ынтымақтастық қатынастарын орнатпақ.

Дегенмен, мәселелер де жоқ емес. Кәсіпорын отандық нарықтағы маңызды тапсырыс берушілерінен айырылып қалуда. «Осымен бірнеше жыл қатарынан дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша фармацевтикалық компаниялар арасындағы конкурстарда біздің саламыз бойынша тапсырыстарды басқа аймақтың кәсіпорыны (тараздық) ұтып алуда. Бұл ретте, аталмыш мемлекеттік сатып алулар конкурсын өткізетін бірыңғай дистрибьютор «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-нің ұстанымы түсініксіз болып отыр. Жеңіске жеткен компанияның құрылғанына бір жылдан астам ғана уақыт өтті. Яғни, кәсіпорын жас, елімізде танылып үлгермеген. Тәжірибесі әлі аз. Онымен қоса, өнімнің сапасы, бағасы тұрғысынан алғанда біздің тауарлардың артықшылығы мол. Бірақ, неге екендігі белгісіз, басымдық аталмыш компанияға беріліп келеді», - дейді М.Маханов. Кәсіпкерлер осы мәселені айтып барып, бірқатар ведомстволық органдардың табалдырығын тоздырған. Бірақ, нәтиже жоқ.

Серіктестік директорының орынбасары Л.Маханованың айтуынша, егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, онда кәсіпорынның шығынға бататын түрі бар. «Сол себепті, біз облыс әкімінің көмегіне жүгіндік. Аймақ басшысы мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді», - деді Лейла Төлешқызы.

 

Д.АЙТПАЙ.

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

14 Ақпан 2012, 18.30
ЖОЛДАУ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ.
«Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс».   ҚР Президентінің биылғы...

«Тұлға»

02 Ақпан 2012, 18.30
  ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова   Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29