Еуропа елдерінде: «Туризм – бұл алтын жұмыртқалы тауық» дейтін нақыл бар. Ебін тапсаң, расында одан келетін пайда шаш-етектен. Ал өкініштісі, біздің өңіріміздегі бұл сала «қолда бар алтынның қадірі жоқтың» кебін киіп отыр.
Сырттан келушілердің көзін арбап, көрген жанды тамсантпай қоймайтын Сарыарқаның жерұйығы – Баянауыл өлкесінде экологиялық туризмді дамытамыз деп шулағалы екі-үш жылдың жүзі болған. Алайда айрықша қорғалатын рекреациялық аймақ болуына байланысты көрікті мекеннің игілігімізге жарау мәселесін келісіп пішкен жөн. Ондағы табиғи балансты бұзып алмау мәселесі әрдайым айтылып келе жатқанымен, жыл сайын жазғы мезгілде жүз мыңдаған адамның табанының астында тапталып қала беретін демалыс орнының көркіне нұқсан келуде. Табиғат қорғау шараларының жеткіліксіздігі, заманауи инфрақұрылымның болмауы, маңайында орналасқан елді мекендерде кәріз жүйесінің жоқтығы өлкедегі айнадай жарқыраған су айдындары – Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр және Біржанкөлдің айналасын қамысқа толтырып, көл табандарына батпақ түзе бастаған. Мамандар қанша мәрте дабыл қағып, мемлекеттік мекемелер бастамаға қолдау көрсеткенімен, қаржы жоқтығы аяққа тұсау болып отыр. Туристік саланы алға бастырамыз деп жүргенде ұқыпсыздық пен немқұрайдылық салдарынан жергілікті табиғаттың тозығы шығып қалуы әбден мүмкін. Осыған байланысты қазіргі күні туризмді дамыту мәселесі табиғат қорғау мәселесіне ойыса бастады.
Қолда бар алтынның қадірі жоқ...
Баянауылдың табиғатына қандай теңеу айтсаң да жарасады. Ауасы саф алтындай таза, суы шипалы тас бұлақтары, мөлдір көлдері мен ұшар басы бұлтпен таласқан қарағайлы таулары жанына рақат іздеген адамға – жұмақтың өзі. Ондағы курорттық аймақты заманға сай дамытуға кеңес өкіметінің кезінде неге көңіл бөлінбеген деп таң қаласың. Жасыбай көлінің айналасына облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындардың демалыс үйлері салынып, бірен-саран қонақүйлер тұрғызылғанымен, қажет инфрақұрылым тартылмаған. Себептің бір ұшы – демалыс аймағы тек жазғы маусымда ғана пайдаланылып келуіне де байланысты. 1985 жылы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылып, мұндағы көрікті орындар мен су айдындары айрықша қорғалатын аймақ ретінде бекітілді.
Алайда осының салдарынан Жасыбай демалыс аймағында «жабайы туризм» қалыптасты. Себебі бұл жерді туристік тұрғыдан пайдалану, демалыс үйлерінің қызметі мәселелері заңнамаларда қарастырылмады. Демалыс аймағынан жерді жалға алып, өз кәсібін жасаушылар табиғат байлықтарын ысыраппен пайдаланып, орасан зор зиян келтіруде. Осы аталған салдарлардың қорытындысында аймақта бүгінде экологиялық жағдай шиеленісіп бара жатқаны шындық. Күн жылына, Баянауыл қайдасың? деп жол тартатын облыс тұрғындарының, сонау Астана, Қарағанды қалаларынан, тіптен, Ресейдің шекаралас аймақтарынан сапарлап келушілердің легі жыл санап өсу үстінде. Сондықтан қазіргі күні облыс басшылығының алдында бұл өлкедегі туризмді талап тұрғысынан алға бастырып, ондағы қордаланған мәселелерді жеделдетіп шешу міндеттері тұр.
«Баянауыл брендіміз болсын!». Бұл сөзді алғаш айтып, бастама көтерген аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев болатын. Көрікті мекендегі туризмнің сын көтермейтін жағдайын елеп-екшеген облыс әкімі ондағы инфрақұрылымның оңтайлы әдіспен жүзеге асуы керектігін жеткізген. «Көз қорқақ, қол батыр» деген. Жергілікті ұлттық табиғи паркі мамандары мен облыстың туризмге жауапты мемлекеттік мекемелері бірлесіп, жағажайды көріктендіру үшін бірнеше жылға межеленген іс-шараларды қолға алды. Дегенмен алғашқы беттен-ақ қаржының аздығы әрі мемлекеттік қолдаудың жетіспеушілігі анық байқалды. Осыған орай облыс басшылығы түйінді тарқатуға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің көмегіне жүгініп отыр.
Өткен аптаның жұма күні Баянауыл ауданы орталығында осы мәселеге байланысты алқалы жиын болды. Оған облыс әкімі Б.Сағынтаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев, Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Айткенов және аталмыш саланың мамандары қатысты.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Темірболат Қасеннің баян еткеніндей, бүгінде демалыс аймағын дамытудың бас жоспары жасалып қойған. Тіптен осы салаға қаржы салып, кәсіп табамын деген инвесторларға конкурстық негізбен жер телімдері де бөлініп беріледі. Жоспарға сәйкес, мұнда сауда нүктелерін, мейманханалар мен көңіл көтеру орындарын салу ұйғарылып отыр. Мекеме директоры, осымен қатар, Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөлдің маңайында орналасқан елді мекендерде орталықтандырылған кәріз, тазарту жүйелерінің жоқтығына, көлік жолдарының сапасы төмендігіне тоқталды. Мамандар анықтағандай, бүгінде алғашқы аталған үш көлдің суы таязданып барады. Жергілікті кәсіпкерлік субъектілерінің қоршаған ортаға тигізіп отырған зияндары да аз емес. Мәселен, Торайғыр көліне су жағасына жақын орналасқан «Диаров» шаруа қожалығы айтарлықтай залал келтіруде. Онда өсірілетін малдың көңі көлге ағып келеді. Көлді сақтаймыз десек, шаруа қожалығынан жерді тез арада алып қою қажет.
Қ.Өскенбаев жергілікті жердегі табиғат және жануарлар әлемінің алуандығына қызығушылық танытып, баяндамашыдан жануарлардың белгілі бір түрлерін көбейтуге көңіл бөлініп отыр ма деп сұрады. Жауап иесінің айтуынша, ондай арнайы бағдарламалар жоқ, дегенмен өлкедегі аң-құстардың таралу аймақтары біркелкі. Қуантарлығы, Қызылтау мен Желтау аумақтарын мекендейтін арқарлардың саны қазіргі күні 560 басқа жеткен. Осыдан төрт-бес жыл бұрын олардың саны небәрі 156 басты құрайтын.
Облыс әкімі парк басшысының баяндамасында айтылған – Жасыбай демалыс аймағы жазғы мезгілде күніне 13 мың адамды өткізе алады дегенге қарсы пікір білдірді.
-Мұндай шамадағы адамдар қарасы онсыз да оңбай тұрған табиғат аясының тоз-тозын шығарады, ең алдымен табиғат қорғау шараларымен айналысуымыз керек. Меніңше, көл маңайына бұдан әрі құрылыс салуды тоқтату да керек. Болашаққа жоспарланған құрылыс нысандары аудан орталығында орын тепкені дұрыс. Жасыбай көлінің маңында жаздың күні қоқыс тастайтын жәшіктер жетіспейді. Тым құрмады, демалушыларды күн көзінен қорғайтын дұрыс қалқалар да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «жабайы пляжға» айналған. Көл жағалауында өскен шөптер де шабылмайды. Судан құтқарушылардың қызметі бақыланбайды. Былтыр осы өлкеге арнайы келгенде олардың бақылау бекетіне жиналып алып, арақ ішіп отырған үстінен түскенбіз. Осы мәселелердің барлығы парк басшылығына ескертілді. Өкінішке орай, баяндамадан нендей проблемаларды өз бетімізбен шеше алуға мүмкіндігіміз барлығын, министрліктердің көмегі қай тұста қажет екендігі туралы ести алмадым. Осы тұста мәселені ашық көтеріп, көп талқысына салу қажет. Парктің бір жылдық бюджеті 92 миллионмен шектелсе, оның 60 пайызы қызметкерлердің жалақысына кетеді екен. Сайып келгенде мекеме табиғат қорғау шараларына мардымсыз қаражат жұмсап отыр. Мәселеге аудан әкімі де толыққанды араласпай отыр. Аудан басшысы тұрғындарды осы іске итермелеп, бизнес-жоспарларға бастамашы болсын,-деді Б.Сағынтаев.
Жиын барысында осыдан 4 жыл бұрын жоғарыда аталған көлдердің айналасында орналасқан елді мекендер мен демалыс аймағына орталықтандырылған кәріз, тазарту жүйелерін жүргізу және күл-қоқыс төгілетін орындар салу жөнінде арнайы жоба қабылданғаны сөз болды. Кешенді жұмыстарды көздеген жобаны жүзеге асыру сол кезде 300 миллион теңгеге бағаланыпты. Құны қомақты болуына байланысты оны ел қазынасынан қаржыландыру Үкіметке ұсынылған. Бірақ жоба республикалық «Жасыл даму» бағдарламасынан өтпеді. Жергілікті мемлекеттік органдар бір нәтижесі болар деген үмітпен оның кем-кетіктерін түзеп, биыл тағы да Үкіметке жөнелтпек.
Барлығы инфрақұрылымнан басталады
Туристерге жоғарғы деңгейде қызмет көрсету жолдан, көліктік инфрақұрылымнан басталады. Облыс орталығынан Баянауылға қатынайтын тас жолдың проблемалары учаскелері биыл жөнделетіні белгілі болды. Бақытжан Әбдірұлының айтып өткеніндей, Майқайың-Баянауыл бағытындағы жолдың ЦЭС, Шөптікөл елді мекендері тұсындағы әбден шұрқ-тесік болған 14 шақырым бөлігі көп ұзамай күрделі жөндеуден өтеді. Бұған республикалық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінеді. Оған қоса, Екібастұз қаласынан Майқайың кентіне баратын жолды жөндеуге 105 миллион теңге қаражат қарастырылып қойған. Сондай-ақ, ауданға қарасты Қарашат-Жайма көлік жолын ретке келтіруге 13 миллион теңге беріледі.
Басқосу барысында қос министрліктен келген өкілдер жергілікті туризмді дамытуға байланысты ұсыныс-пікірлерін айта отырып, жиында көтерілген мәселелер алдағы күндері міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Жалпы, демалыс аймағының бас жоспары жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің көмегінсіз алға баспайтыны анық. Келешекте салынады деген көпшілік нысандардың 30-35 пайызы ұлттық парк негізінде тұрғызылғаны абзал. Айрықша қорғалатын аймақ болғандықтан мұндағы инфрақұрылымды дамытуға арнайы бағдарлама қажет. Баянауылдағы туризмді дамыту жоспары бір-екі ай қызмет көрсететін кешендермен шектеліп қалмауы тиіс, ол жыл бойына жұмыс істеп тұратын туристік желілерден құралуы керек. Жергілікті атқарушы билік баға саясатын назарда ұстап, туристік өнімдердің дұрыс болуын қадағалағаны жөн. Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы Е.Нысанбаевтың пікірі осылайша өрілді.
Жиында сөз болғандай, қазіргі күні ел бойынша Баянауыл секілді ұлттық парктер негізінде заманға сай демалыс аймақтарын құруды көздейтін жұмыстар жүзеге аса бастаған. Салаға жауапты министрліктер айқын өзгерістерге жол беріп, айрықша қорғалатын аумақтарға байланысты заңнамаларға толықтырулар енгізуге, өңірлерден ұсыныстар жинауға, бастамаларды қаржыландыруға маңызбен қарай бастаған. Қ.Өскенбаевтың сөзінше, үкімет пен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас жақсарды, енді туризм саласындағы бизнестің жағдайын түзеуге мән беру керек. Осы ретте табиғи орталарды сақтау, жануарлар әлемін көбейту сынды мәселелерге көбірек көңіл аударған жөн. Қазіргі күні ұлттық парктер аң-құстарды өсіріп-көбейтумен тіптен айналыспайды десе де болады. Жекелеген аңшылық шаруашылықтары ғана бұл іспен шұғылданады. Болашақта демалыс аймақтарындағы бас жоспарлар осы кемшіліктерді негізге ала отырып жүргізілуі тиіс.
Қ.Өскенбаев, сондай-ақ, бүгінде еліміздің туризм саласын дамыту бағытында жағымды өзгерістер көп екенін айтып өтті. Мәселен, Алматыдағы Шымбұлақ шаңғы базасындағы шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы Азиада ойындарына дейін 7 шақырымды құраса, қысқы ойындар кезінде ол 40 шақырым болды. Министрлік Үкімет алдына қазірде оны 500 шақырымға дейін ұлғайту мәселесін қойып отыр.
Тұрғындар ынталы болсын
Біздің өңірдегі туризмді дамыту мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, жергілікті мамандардың талап-тілегін тыңдауға келген министрліктің басшылық буыны өкілдеріне облыс әкімі өз тарапынан алғысын жеткізді. Б.Сағынтаев аталмыш аудан аумағында кешенді кәріз жүйесін жүргізу жобасының сметалық құжаты мен техника-экономикалық негіздемелері қайта жасалып, жеделдетіп Үкімет қарауына жіберілетінін жеткізді. Биыл мемлекет қазынасынан шағын кәсіпкерлікті қаржыландыруға біздің облысқа 370 миллион теңге бөлінді. Аталған қаражаттан кәсіп ашып, нәсіп табамын деген кез-келген азамат 3 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы мүмкіндікті қалт жіберіп алмау керек. Бұған байланысты тұрғындар арасында ақпараттық-насихат жұмыстары кең ауқымда жүргізілуі тиіс.
Қысқасы, Баянауылда өткен жиынға қатысушылар көрікті мекендегі табиғатты көпшілік игілігіне жаратудың жолдарын іздестіріп байқады. Министрліктен келгендер біздегі туризмнің даму келешектеріне байланысты мәселелерді шешіп береміз деп уәде еткенмен, түйткілдердің түйінін тарқатудың негізгі ұшы өзімізде жатқаны айқын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Бұл ретте жергілікті халықтан ынта мен ықылас күтеміз. Сырттан келушілердің көзін аулап, сапалы туристік өнім ұсыну баянауылдық әр тұрғынның иығына артылған жүк деп түсіну шарт.
Мұрат АЯҒАНОВ.

