депутаттар аймағымыздың индустриялық дамуына оң бағасын берді
Өткен жексенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің бір топ депутаттары келді. Комитет төрағасы Сейітсұлтан Айымбетов бастаған халық қалаулылары облыс орталығындағы бірқатар ірі кәсіпорындарда болып, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аймағымызда жүзеге асуы барысымен танысты. Аталған бағдарлама аясында кәсіпорындарда қолға алынып жатқан іргелі жобалардың жай-жапсарын білді.
Соңғы жылдары ел Үкіметі экономикадағы барлық салаларда тауарлар мен қызмет түрлері бойынша қазақстандық үлесті арттыруға күш салып отырғандығы белгілі. Ол елдегі өндірісті жандандырып қана қоймай, өз кезегінде ұлттық индустрияның бәсекелестігін де күшейтеді. Ал бәсекелестікті арттырып, экономиканы әртараптандыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаты болып табылады.
Депутаттар алдымен «Нефтехим LTD» ЖШС-де болды. 2009 жылы ел Президентінің қатысуымен іске қосылған кәсіпорын небары бір жылдың ішінде жобалық қуатына шыққан. Онда бүгінде экологиялық таза жоғары октанды бензин шығару барысында қолданылатын метилтрет-бутил эфирі мен түрлі пластмассаларды жасауға арналған полипропилен өндіреді. Зауыт өнімі тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресей, Украина және Батыс Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие. «Қазіргі кезде еліміздің басқа да аймақтарынан, бірқатар шет елдерден біздің өнімімізге қызығушылық білдірген кәсіпорындар саны артуда. Бірақ зауыттың жалпы қуаты барлық сұранысты қамтамасыз етуге жеткіліксіз», - дейді «Нефтехим LTD» ЖШС-нің директоры Ерлан Құсанов.
Сондықтан биылдан бастап мұнда зауыттың екінші кезегінің құрылысы басталмақ. Әзірге тиісті құжаттар әзірленуде.
Болашаққа нық қадам басқан алпауыт кәсіпорындардың бірі - «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ. Ол - еліміздегі бастапқы алюминий өндіретін алғашқы зауыт. Мұнда тек осы жылдың алғашқы екі айында қырық мың тоннадан астам өнім өндірілген. Жылдық қуаты – 250 мың тонна. Алайда кәсіпорын басшылығы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазіргі кезде оның негізінде анод зауытының құрылысы жүргізілуде. Онда жылына 136 мың тонна күйдірілген анод өндірілетін болады. Жобаның сметалық құны 240 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа зауыт құрылысы алдағы жылдары аяқталады деп күтілуде. Осының арқасында қосымша бес жүз жұмыс орны ашылады.
Халық қалаулылары, сондай-ақ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Павлодарэнерго» АҚ, «KSP Steеl» ЖШС-де болды. Аталмыш кәсіпорындар шығарып отырған өнімдерінің сапасын арттыру жолында қолдан келген шараларын жасауда. Өндіріс ауқымын кеңейтіп, модернизациялау ісі дұрыс жолға қойылған. Зауыт басшылары Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға жасалып отырған қолдауға өз ризашылықтарын білдірді. «Бүгінде мемлекет отандық өндірушілерге зор мүмкіндіктер беріп отыр. Кәсіпкерлер осы жағдайды мүлт жіберіп алмауы тиіс. Онымен қоса, жауапкершілікті де естен шығармағандары жөн. Ел қазынасынан бөлініп отырған қаражат мақсатқа сай тиімді пайдаланылуы қажет», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов.
Бір атап өтерлігі, қазіргі кезде Үкіметте индустриялық саясат туралы Заң жобасы әзірленуде. Халық қалаулыларының айтуына қарағанда, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер аталмыш Заң жобасында ескеріледі. Мысалы, бизнес құрылымының өкілдері елімізде әлі де болсын отандық өндірушілерге басымдықтың өз деңгейінде берілмей отырғандығын айтты. Онымен қоса, кейбір өнімдерді шығаруға қажетті шикізат алыпсатарлардың қулығымен арзан бағаға шетел асып кетіп жатқан көрінеді.
Депутаттар аймағымыздағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асу барысына оң бағасын берді. «Павлодар облысының өндірістік әлеуеті қашан да зор маңызға ие. Аймақта шикізаттан бастап жартылай өңделген және дайын өнімдерді жасау ісі оңтайлы жолға қойылған. Бұл өз кезегінде экономикалық дамудың мол мүмкіндіктерін тудырып отыр», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов.
Кеше облыс әкімдігінде аталмыш комитеттің көшпелі отырысы өтті. Ол туралы газеттің екінші бетінде берілді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

