Жуырда қалалық мәдениет сарайында қала әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің шағын аудандар тұрғындарымен тоқсан сайынғы кездесуі өтті. Кездесуде алдағы қысқа дайындық туралы мәселе талқыланды. Тұрғын үй-шаруашылығы, жолаушыларды тасымалдау көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Қаршыға Арынов баяндама жасады.
Ол өткен жылғы жылу маусымы оңтайлы болды, деді. Бір ерекшелігі - қысқа мерзімде қаланың тұрғын үйлеріне жылу берілді. Барлық тірлікпен қамтамасыз ету мекемелері тұрақты жұмыс істеп, қала жылумен, сумен үздіксіз қамтамасыз етіліп отырды.
Қазіргі кезде алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстары қолға алынды. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде алдағы қысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қазандық және бойлерлердің ағымды жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Қамзин - Дөнентаев көшелеріндегі коллектор бойынша туындаған мәселе шешімін тапты. Жаңа модульды орнату үшін республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінді. Ақсу кентінде ұзындығы 2571 метрді құрайтын су құбыры салынады. Сондай-ақ Ақсу қаласының Дөнентаев, Царев, Әуезов көшелері бойынша су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Беловка кентінде жалпы ұзындығы 540 метр су құбырын ауыстыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар баяндамашы пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстары жөнінде тілге тиек етті. Олар көпқабатты үйлерді алдағы қысқа дайындау жұмыстарын қатты қолға алу керектігін атап өтті. Әсіресе «Таир», «Пульс», «Ертіс-Ақсу» пәтер иелерінің кооперативтері және «МЖК» өндірістік кооперативі алдағы жылу маусымына жан-жақты дайындықпен келгендері дұрыс, деді баяндамашы. Себебі, өткен қысқа олардың дайындығы айтарлықтай болған жоқ.
Ал «Достық» (Н.Окулова), «Энергетик» (В.Косых), «Радуга» (Б.Идрисова), «Романтик» (Н.Абашина), «Отан» (З.Иманбаева), «Уют-Ақсу» (К.Амиров) және «Энтузиаст» (А.Каплин) жақсы жұмыстарымен көзге түсіп келеді.
Өткен кездесуде жеделсатылар жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бүгінде олардың бәрі жұмыс істеп тұр, деді сөз сөйлеген қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов. Дегенмен, жеделсатылар күн тәртібінен алынбай, үнемі бақылауда болатыны жөнінде айтылды.
Қала әкімі жиналған қауымның қойылған сұрақтарына жауаптар берді.
Сұрақтардың көбі көпқабатты үйлердің жертөлесі суға толып кеткені төңірегінде болды. Қала әкімі келесі кездесуге дейін олардың барлығы жөнделіп, тәртіпке келетініне уәде берді. Әуезов көшесіндегі 11-үйдің тұрғындары жеті жыл бойы ыстық судың жоқтығын алға тартты. Бұл мәселе бойынша жеке жұмыс жүргізілетіні туралы хабарланды.
Кездесу барысында қала әкімінің атына көптеген жылы лебіздер білдірілді. Сөз сөйлегендер қалада біршама игілікті істер істелінгені туралы айтты. Соның бірі - қаланың көшелері биыл гүлге толы болғаны баршамызды қуантып отыр, деді олар. Қамзин көшесіндегі 6-үйдің тұрғындары төбе шатырын жөндеу керектігі жөнінде мәселе көтерді. Бұл да тез арада қолға алынатыны айтылды. Беловка кентінде телефон байланысын орнату жұмысы шілде айында толығымен шешілетіні туралы хабар кездесуге қатысып отырған осы ауылдың тұрғындарын қатты қуантты. Бүгінгі уақытта Беловкада үш-ақ телефон нүктесі жұмыс істеп тұр. Міне, таяу арада аталмыш мәселе күн тәртібінен алынатын болады.
Кездесу барысында кейбір мәселелер қала әкімінің бақылауына алынып, біразы тура сол жерде шешіліп жатты.
Соңында қала әкімі сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты қай мәселені болмасын бірлесіп шешуге шақырды. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне, пәтер иелері серіктестіктеріне алдағы қысқа дайындық жұмыстарын пәрменді түрде жүргізуді тапсырды.
Сәбира САҒЫНАЙ.

